04 нау, 2022 сағат 12:58

Бас жоспар әлі бекітілмеген: Шымкент әкімдігі Тұран тұрғындарының шағымына жауап берді


Шымкент қаласының әкімдігі Тұран шағынауданындағы тұрғындардың шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы тұрғындарының шағымы тарады. 

Жер мәселесіне қатысты туындаған сұрақтарға Шымкент әкімдігі жауап берді. 

Талдау нәтижесінде 2021 жылы Тұран шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу жұмысы жүргізіліп, бірнеше нұсқасы әзірленген. 

Мамандардың айтуынша әлеуметтік желілер мен телеарналарда тараған ақпаратта Тұран шағынауданы тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған мәлімет – егжей-тегжейлі жобалау жоспарының бір нұсқасы ғана. 

Ол - ресми бекітілмеген құжат. 

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қаланың дамуына қатысты кез келген мәселе тұрғындардың пікірі мен көзқарасын ескере отырып қабылданады. Сондықтан заң талаптары мен құрылыс нормаларына сәйкес Тұран шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы нақты бекітілмей тұрып, бұл мәселе бойынша алдын-ала қоғамдық тыңдалым өткізіледі» - делінген әкімдік тарапынан берілген хабарламада. 

Қоғамдық талқылаудың өтетін орны мен уақыты алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға хабарланады. 

Қоғамдық тыңдауда тұрғындар егжей-тегжейлі жобалау жоспарын бекіту мәселесі бойынша дауыс береді. 

Яғни, түпкілікті шешімді тұрғындардың өздері қабылдайды.

«Қазақстан Республикасының заңдары азаматтардың меншік құқығын ерекше қорғауға алып, оған кепілдік береді. Мемлекет өз азаматтарының мүлкінен заңсыз жолмен айырылуына, баспанасыз қалуына жол бермейді. Шымкент қаласының барша тұрғындарын қоғамдық талқылауға қатысуға және қаламыздың көркеюі мен дамуы үшін атсалысуға шақырамыз» - делінген хабарламада.