11 қар, 2016 сағат 14:05

Бас Прокурор Жақып Асановтың үндеуі

«Прокуратура туралы» Заңның  25-2 бабын басшылыққа алып, келесі Үндеу жасаймын.

Әлемде 2 минут сайын 1 бала жы­ныстық зорлық-зомбылық көре­ді. Әрбір үшінші қыз 18-ге толған­ша осындай жыныстық тиісуге ұшы­райды екен.

Бұл – жаһандық проблема. Онымен барлық мемлекеттер күресуде.

Қазақстанда биыл 183 бала қыл­мыскерлердің құрбаны болды. Өткен жылдан әлдеқайда аз болса да (37% — 292), оны, әрине, құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Әрбір жағдай – қоғам үшін үлкен трагедия, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына салынған жазылмас жара.

Биылғы жылы мұндай қылмысы үшін 111 адам сотталды.

Аузынан ана сүті кеппеген баланы зорлау – нағыз азғындық. Мұн­дай қылмыс жасағандарды мем­лекет аяусыз жазалайды – 20 жыл­ға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырады. Олар­дың жазасы жеңілдетілмейді. Соттал­ған­дар уақытынан бұрын босатылмайды, амнистияға жатпайды, олармен ешқандай процестік келісім жасалмайды. Жаза мерзімін толық өтейді.

Мұндай қылмыскерлер балалармен жұмыс жасау құқығынан өмір бойына айырылады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді.

Құқықтық статистика коми­те­тінің infopublic.pravstat.kz сайтын­да педофилдердің картасы іске қо­сыл­ды. Онда олардың фотосуреті мен ан­кетасы бар. Бұл сервисті кез келген адам еркін пайдалана алады.

Көп жағдайда қылмыскерлердің арам ниетін жүзеге асыруға негізгі себеп – ересектердің жауапсыздығы.

Санасы толық бекімеген, әр нәр­сеге сенгіш, көнгіш жас бала сырт­тан келер қауіпті қайдан білсін? Сон­дықтан қараусыз қалған бүлдіршін – қылмыскерге оңай олжа.

Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпсіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болса да баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

Екіншіден, жеткіншектер қор­лық­ты көбінесе танысы, тіпті жақы­ны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан кө­реді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабар­ласып, шара қолданыңыз.

Үшіншіден, кейде болған істі айт­паймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сон­дықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу – оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақын арада іске қосылатын «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильдік қосымшадан алуға болады.

Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тек мемлекеттің шаралары жеткіліксіз. Оған әрқайсымыз жеке және бүкіл қоғам болып қарсы тұрайық.