Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Ораза айында азық-түлік бағасына жеңілдеу жасауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Рамазан айында адамдарға көп жақсылықтар және мүмкіндіктер беріледі. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады», «Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», - деген сүйінші хабар жеткізген. Ендеше, қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, бас мүфти қазақстандықтарды мүмкіндікке қарай, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алуға шақырды.
«Осы ретте кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын. Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып өсіп-өнген елміз. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар», - дейді ол.