АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама өзінен кейінгі сайланған президент Дональд Трамптың саясатына көңілі толмайтынын білдіріп, елдің саяси өміріне қайта оралатынын жариялады, деп хабарлайды AFP.
Ол бейсенбі күні Фил Мерфидің Нью-Арктегі сайлауалды науқаны аясында өткізілген шарада Вирджиния және Нью-Джерси штаттарының губернатор сайлауында Демократиялық партия өкілдерін қолдайтынын мәлімдеді.
Одан соң Обама Ричмондқа барып, Вирджиния штатының губернаторлығынан үміткер Ральф Нортамға қолдау білдірді. Шарада сөйлеген сөзінде Обама қазіргі президентті қатаң сынға алған.
Аталған штаттардағы губернатор сайлауы 7 қарашада өтеді.
Айта кетелік, Барак Обама президент лауазымынан кеткеннен кейін саяси аренада көрінбей жүрген еді, тіпті халық алдында сөйлеп, сұхбат та бермеген. Ал Ричмондтағы шараға қатысатыны белгілі болған соң, оған келушілер легі күрт артқан.