"Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. Рухани жаңғырудың мән-маңызы да нақ осында", – деген еді Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарындағы жолдауында. Үлкен картиналар шағын натюрморттардан бастау алады. Ендеше, балалар мен жасөспірімдер шығармаларын, оларға арналған әдеби туындылар мен аудармаларды ақпараттандыру және жалпы балалар әдебиетін дамыту мақсатында назарларыңызға Қазақстанның әр түкпірінде оқитын мектеп оқушыларының жүрекжарды жырларын ұсынғанды жөн санадық.
Тәуелсіз ел
Ата-бабам ұзақ күткен теңдігін,
Ұлан-ғайыр далам, менің – кеңдігім.
Ұрпақтары көрді барлық бақытты,
Тәуелсіздік — еркіндігім, елдігім.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Күрескерлер қаймықпады, ерледі.
Қаны менен жанын берген
Есімдері мүмкін емес өлмегі.
Ақ мамық
Ақ мамық жауып аспаннан,
Жұлдыздар моншақ шашқандай.
Аппақты мұндай көрмедім,
Жаңа түскен ақ қардай.
Айналамыз аппақ қар—
Қыс айының сәні бұл.
Болса да талай тақпақтар,
Жаңа жыр жаздым бәрібір.
Батырғали Мейірлан,
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы
Көк туым
Бақытым бар елімде,
Ырыс толған жерімде.
Биіктетер еңсені,
Көк туым бар көгімде.
Қарап тұрам елжіреп,
Нұрланады төңірек.
Қараңдаршы мені деп,
Көк туым тұр желбіреп.
Жанел Жөкен, 159 гимназия оқушысы,
Алматы қаласы
Наурыз
Ұлыстың ұлы күні тойлануда,
Өткен күнді жақсылықпен ойға алуда.
Ағашқа ақ құйылып өсіп тұрған,
Бұтағына ақ шүберек байлануда.
Ақсақал бата беріп бірлігім деп,
Бірлігіңмен жалғассын тірлігің деп.
Қазақты осынау бір ұлы тойда,
Ажырата алады кім бүгін кеп.
Бұл күні көже дәмді балдан тәтті,
Дәмін татқан мін айтып шамданбапты.
Қазағым дәл осы бір мерекедей
Өткізе берсінші тек қалған бақты.
Бұлбұл Мәулетқажина,
ШҚО, Үржар ауданы
Асыл анам
Қызық сенің қуанышың,
Таңның арай шуағысың,
Шықса кейде кейіп үнің,
Тәрбиелік мейірімің.
Кезінде сан өбектеген,
Ұқсап қалам бөбекке мен.
Шапағаты шашыраған,
Аман жүрші, асыл анам!
Адырбек Бейбарыс,
Шымкент қаласы
Ауылым
Міне, менің ауылым – нұр мекенім,
Әлдилеп, бесігімді тербеткенің.
Сезбеппін-ау сезімнің менде екенін,
Білмеппін-ау, бақыттың сенде екенін.
Би билеуді үйреткен тал-терегің,
Бір өзіңнен сезіндім ән-дерегін.
Жер бетінің жұмағы сен екенсің,
Сенен артық мекенім бар ма менің?!
Ақнұр Құрманбай,
Алматы облысы, Панфилов ауданы
Қазақстан
Қазақстан, ұлы елім жаңғырған,
Тәлім алған Абай, Мұхтар, Жамбылдан.
Қиындыққа мойымаған қашанда,
Өте білген сынға толы сан жылдан.
Қазақстан, жарқылдасын алауың,
Орындалсын көздегенің, қалауың.
Талай сында үстем болып мәртебең,
Тек биіктен желбіресін жалауың.
Ақжібек Рахатбек,
Алакөл ауданы, Қабанбай ауылы
Көк байрағым
Көк байрағым көгімде желбірейді,
Елді сүйген жүрегім елжірейді.
Ұлтын сүйген ұландар мақтанышпен,
Қазағымның неткен кең жері дейді.
Көк туымда қыран құс қалықтайды,
Байтақ жерде Әнұран шалықтайды.
Тіл, жерін байлығым деп білетін,
Жас ұлан жыр жазудан жалықпайды.
Махаббат ТАСБОЛАТОВА.
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құмсай ауылы.
Мен - қазақпын!
«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген»,
Мақтанамын анам туған тіліммен.
Дүниеге жар саламын айқайлап,
Сәби жүрек, пәк періште үніммен.
Мен – қазақпын, ұлылардың көзімін,
Абай, Мұхтар, Баукеңдердің сөзімін.
Жеткіземін жауқазындай жырыммен,
Жұбан, Мағжан, Сәкендердің сезімін.
Мен – қазақпын, мен – ұлтымның ұлымын,
Мұқағали, Мұхтарлардың жырымын.
Басқа жанға бас имейтін Тәңірден,
Мен азатпын, бір Алланың құлымын.
Мен – қазақпын, жатты бауыр көремін,
Қолда барды қонағыма беремін.
Пенделікті пейіліме жеңдіріп,
Ертеңіме еш алаңсыз сенемін.
Мен – қазақпын, алдаспандай өткірмін,
Елім десем, келмес қарап тек тұрғым.
Өкінемін өгейсітіп өз тілін,
Өзге тілде шүлдірлесе көп құрбым.
Мен – қазақпын, шындық менің ұраным,
Шындықты мен алашым деп ұғамын.
Тілім, жерім, елім дейтін еңіреп,
Ертең мен де ата жолын қуамын.
Қазақпын мен, пір тұтамын тілімді,
Қара нар боп көтеремін жүгіңді.
«Қазағым» деп қарс айырылған жүрегі,
Бала Жамбыл – мен боламын бүгінгі!
Жамбыл Дүйсенов, Алматы қаласы