Кеше Астанада өткен Орталық Азия елдерінің жабық мекемелеріндегі балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі үш күнге созылған халықаралық симпозиум жұмысын аяқтады. Үнқатысу алаңына айналған шараға өмірлік қиын жағдайда қалған балаларға қатысты жазаны орындау, қамауда ұстау немесе уақытша оқшаулау мәселелерін зерттеп жүрген 200-ге тарта маман атсалысты.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық симпозиумға негізінен Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері келді. Сонымен қатар, сарапшылық қолдауды Жаңа Зеландияның, Норвегияның, Ұлыбританияның, Үндістанның, Грузияның және өзге де елдердің мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері көрсеткендігін де айта кеткен ләзім. Ұйымдастыру жұмыстарына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қырғыз Республикасындағы Айкыйкатчы (Омбудсмен), Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Жоғарғы Сот, Білім және ғылым министрлігі, БҰҰ-ның Қазақстанда және Қырғызстанда жұмыс жасайтын аумақтық органдары – Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы ұйытқы болды. Ал қаржылық қолдауды «Бас бостандығынан айыру орындарындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою» жобасы шеңберінде Еуропалық одақ көрсеткен.
Отырыста құттықтау сөз алған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров әлемдегі миграциялық процестер мен шиеленісті қақтығыстар балалар проблемасына ерекше көңіл бөлуді қажет ететіндігіне, бұл тұрғыда Қазақстанда бірқатар іс-шаралардың атқарылып жатқандығына назар аудартты.
Нақты айтқанда, 2006 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінде Балалар құқын қорғау жөніндегі комитет жұмыс істеуде. Бұдан басқа, елімізде Президент бастамасымен құрылған Балалар құқы жөніндегі уәкіл де бар. Және де Парламент Мәжілісінің қарауында «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілерге балалар мекемелері нысандарын мониторингілеу тізімін кеңейту жөніндегі толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы да жатыр. А.Шәкіров балалар құқығын қорғау мәселесі қоғам назарын өзіне аударуы қажет екендігін тілге тиек ете келіп, балалар мекемелері қызметкерлерінің 40 пайызы балаларға күш көрсету орын алатындығын атап көрсеткендігін ортаға салды. Бұл келеңсіздік тек құқық қорғаушыларды ғана емес, сонымен қатар, жауапты министрлікті де қатты алаңдатып отыр, деді ол.
Ал Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров өз кезегінде балалар мәселесін шешуге арналған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды қорғау жөнінде бірақатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданғандығын айтты. Сонымен қатар, комитет төрағасы Мәжіліске балалар құқын қорғау ұйымдарының жұмысы туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздейтін заң жобасы енгізіліп жатқандығын да жеткізді. Бұл ретте кәмелет жасына жеткендерді пробациялау жүйесін толыққанды құруды 2017 жылға дейін жүзеге асыру көзделуде екен.
Ал көршілес Қырғыз Республикасындағы Айкыйкатчы (Омбудсмен) Кубат Оторбаев өз елінде 7 мың бала қорғау және қамқорлық көрсететін орындарда орналастырылғандығын, алайда, мектеп-интернаттарын аяқтағаннан кейін оларға баспана берілмейтіндіктен, қылмыстық топтардың қармағына ілігіп, заң бұзушылыққа барып жататындығын жеткізді. Сондықтан да балалар құқықтарын қорғау тетігі әлі де жетілдіруді қажет етеді екен.
Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанда ілгерілеушілік бар. Елімізде 2014 және 2015 жылдары балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактілері айтарлықтай кеміген көрінеді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 55 пайыз болса, 2015 жылы ол 17 пайызға дейін төмендеген.
Келесі сөзді алған Балалар құқы жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Қазақстанда 5,5 миллион бала (еліміз тұрғындарының төрттен бір бөлігі) өмір сүріп жатқандығын ерекше атады. Жиырма бес жылдың ішінде Қазақстан тарапынан адам құқықтары жөніндегі 60-қа тарта халықаралық құжат ратификацияланса, соның 15-і балалар құқығын қорғауға бағытталған.
Қорыта айтқанда, Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық симпозиумда әртүрлі жабық мекемелердегі, сотқа дейінгі сатыда балалардың құқықтарын қорғау жайы кеңінен сөз болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»