Балабақшада жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін тәрбиешіге қосымша ақы төленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, министрлік мектепке дейінгі білімнің сапасын көтеру бойынша жол картасын дайындаған. Онда бірнеше ұсыныс бар және қазіргі уақытта олар талқылану үстінде.
«Біріншіден - бірыңғай біліктілік, мұғалімдерге сияқты ұлттық тестілеуді енгізу. Биыл 60 мың мұғалім бізге келіп, ұлттық тестілеуден өтті. 36 мың мұғалім жоғары баға алып, жаңа біліктілікке ие болды. Сонымен айлықтары 30-50 пайызға дейін көтеріліп отыр. Енді соның бәрін тәрбиешілерге ұсынып отырмыз», - деді ол.
Нәтижесінде министрдің сөзіне қарағанда, бірыңғай біліктілігін арттырып, ұлттық тестілеуден өткен тәрбиешілердің айлықтары 30-50 пайызға артатын болады.
«Екіншіден, министрлік барлық тәрбиешілерді В3 блоктан В2 блокқа көтеру ұсыныстарын және есебін дайындап отыр. Келесі жылы оны мемлекеттік бюджеттік комиссияға шығаратын боламыз. Үшіншіден, мектептердегі сияқты жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін педагогтарға қосымша ақы төлеу қарастырылады», - деді Ерлан Сағадиев.
Сонымен қатар, ҚР Білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиев жыл сайын "тəрбиеші" мамандығын алған 9 мың бітірушінің 900-і, яғни 10 пайызы ғана балабақшаға жұмысқа баратынын айтты.
"Елбасы қазан айындағы Жолдауында мектепке дейінгі білім сапасын көтеру міндетін қойды. Осы жұмысты тек қана тəрбиешілердің мәртебесі мен сапасын көтерудің арқасында орындауға болады. Бүгінгі таңда балабақшаларда 55 мың тəрбиеші жұмыс істейді. Олардың 45 пайызында тек қана "мектепке дейінгі білім" мамандығы бар. "Тəрбиеші" мамандығы бойынша республикада 36 колледжде, 37 ЖОО-да мамандар дайындалады. Жыл сайын осы мамандық бойынша гранттар көбейіп келеді. Мысалы, 2017 жылы ЖОО-ға 270 грант бөлінсе, 2018 жылы 500 грант бөліп отырмыз. Яғни, гранттардың саны екі есе өсіп отыр", - деді Сағадиев Сенаттағы жиында.
Министрдің айтуынша, 2017 жылы колледждерге 5560 грант бөлінсе, 2018 жылы 7200 грант бөлінген.
"Осыған қарамастан жыл сайын 9 мың бітірушінің 900-і ғана балабақшаға жұмысқа келеді. 10 пайыз бұл өте аз. Білімді мамандар əрі қарай балабақшаларға бармай, магистратураға, басқа мамандыққа немесе жалақысы жоғары жұмысқа орналасады. Оның бəрін білеміз, түсінеміз. Осы үлкен мəселені шешу керек. Тəрбиешілердің айлықтарын көтеріп, жаңа бірыңғай тестілеу жүйесін, жаңа квалификация енгізу қажет. Қазір министрлік мамандарды балабақшаға тарту үшін шаралар қабылдап жатыр", - деді Ерлан Сағадиев.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мектепке дейінгі білім беру жүйесі алдына елеулі міндеттер қойды.