04 қаз, 2022 сағат 15:16

Бақытгүл Хаменованың ісі тағы да он күнге созылды


Пара алды деген күдікпен қамауға алынған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың сот отырысы тағы он күнге шегерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

3 қазанға белгіленген сот отырысын судьяның ауырып қалуына байланысты кейінге қалдырған. 

Ал бұл кезде сот залында Бақытгүл Хаменованың адвокаттары мен қолдаушылары отырыстың басталуын асыға күтіп отырған. 

Сот процесі басталар уақытта қалалық сот қызметкерлері судья Жұмағали Ташимовтың ауырып қалуына байланысты отырыс кейінге шегерілгенін жеткізді. Осы жолы отырыста тараптардың жарыссөздері басталуы керек еді. Прокурор айыптау актісін оқуы тиіс болған.

Еске сала кетейік, Бақытгүл Хаменова мен өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты тергеу 2021 жылдың желтоқсан айында басталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, олар Атырауда Абай ескерткішін орнату үшін  ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.