Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, ауған соғысы ардагері Бақытбек Смағұл ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында ол батыр бабалардың есімдерін еліміздің әр өңіріндегі шекара заставаларына беруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - деп атап көрсетті. Біздің батыр бабаларымыз аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жердің шебін ғасырлар бойы қанын төксе де, арын төкпестен, жанқиярлықпен қорғады. Бүгінгі бейбіт заманда Ұлы Даламыздың шебін қорғаушы жауынгер-шекарашылар да сол батыр бабаларымыздың бүгінгі буыны болып табылады. Бүгінде 5 мемлекетпен шектесетін және жалпы ұзындығы 15 мың шақырымдай болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара заставасы құрылған. Осы заставаларға сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабаларымыздың атын берсек, орынды болар еді», - деп тоқталды Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа жолдаған депутаттық сауалында.
Оның пайымынша, осындай қадамның ұлағатты үлгісі бар.
«2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157-ші Үкімет қаулысына сәйкес, Өзбекстанмен арамыздағы шекарадағы Қызылорда шекара отрядының 2019-шы әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасы Жанқожа батырдың атымен қайта аталды. Осының алдында, 2014 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында өткен, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына арналған республикалық ауқымдағы іс-шара барысында Қызылқұмдағы шекара бекетіне батырдың есімін беру бастамасын көтерген болатынмын. Бұл бастама жүзеге асты және бұл Қазақстанның Шекара қызметі құрамындағы оныншы атаулы застава болып отыр.Бұл біріншіден, ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады. Екіншіден, Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді. Үшіншіден, Елбасы рухани жаңғырудың «Туған жер» бағдарламасы аясында ұсынғандай, бұл «есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері» арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды», - дейді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар - өзге мемлекеттер азаматтарына Қазақстанды әз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. Бұл бастама меценаттарды шекаралық заставаларға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға тартуға жол ашады. Өйткені шекарашылар өз қызметі үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілгенімен, шекаралық заставалардың көбі кеңес заманында тұрғызылған және материалдық-техникалық базасы тоза бастаған.
«Құрметті Ербол Асқарбекұлы, жоғарыда айтылғанды ескере отырып, енді Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Наурызбай, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс Баһадүр және басқа да байырғыдан бергіге дейінгі батырларымыздың есімдерін еліміздің әр өңіріндегі шекара заставаларына беру мәселесін қарастырып, тиісті нұсқау беруіңізді сұраймын. Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамға айналары анық», - деді Бақытбек Смағұл.