15 қар, 2020 сағат 11:18

БАҚ-тағы сөз мәдениеті: Қазақ тілінің мәйегін қалай қайтарамыз?

Кейбір бұқаралық ақпарат құралының сөз мәдениетін сақтамай, ақпарат таратуда тіл тазалығын елемеуі – қазақ тілінің тағы бір өзекті проблемасына айналып барады. Кез келген оқиға орнынан жеткен шұғыл жаңалық 5 минутта ескіріп қалатын заманда, өкінішке қарай, бұл үрдіс одан ары үдей түскен.

Мемлекеттік органдар мен компаниялардың «пресс-релиздік» тілде жазылған ақпараты БАҚ-қа жолданып, ол арқылы халыққа жетіп, қазақ тілінің осы үрдістен қойыртпаққа айналып бара жатқаны бұрыннан айтылып жүр. Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті осы мәселе бойынша Парламент депутаттары мен журналистерінің басын қосып, онлайн кездесу өткізді. «Қазақ тілінің мәйегіне қалай қайтып ораламыз?» деген сұрақтың төңірегінде қатысушылардан нақты ұсыныстар сұралған болатын. 

«Қазір мемлекеттік органдардан бастап бизнестегі құрылымдарға дейін баспасөз ақпараттарын әуелі орыс тілінде әзірлейді. Содан кейін қазақ тіліне аударады. Сондықтан олар таратқан ақпарат орысша болып шығады. Екіншіден орысша ойлау жүйесімен, сөз саптауымен, орысша сөйлеу заңдылықтарымен жазылған баспасөз хабарламасы бүкіл БАҚ-қа таратылады. Ал бұқаралық ақпарат құралдары құзырлы органдар берген ақпаратты өзгертуге кейде жүрексінеді, кейде тіпті сол мемлекеттік органдағы адамдардың өзі хабарласып, «мына сөйлемді өзгертпеңдер, келісілген» деп жатады. Сондықтан жазу стилі мүлде бөлек ақпарат құралдары пайда болды. Осылайша өз тілімізде өзге тілдің кесек-кесек оралымдары өріп жүр», – деп сөз бастады онлайн кездесуде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Оның айтуынша, қасаң баспасөз хабарламаларынан алынған ақпаратты оқыған оқырманның, естіген көрерменнің сөз саптауы бірте-бірте орысшаланып барады. Бұл жерде «Неліктен ақпарат алдымен қазақша әзірленбейді?» деген сұрақ туындайды. Комитет төрағасы бұл ретте елдегі заңдардың алдымен орыс тілінде жазылатынына баса назар аударды. Заңды аударған кезде еркін аудармаға жол берілмейтіндіктен, тіпті, хабарлама қазақ тілінде болған күннің өзінде тілшілер заң мәтінінде, атауында сәйкессіздік болмас үшін орыс тіліндегі түпнұсқадан ауытқымауға мәжбүр. Тағы бір себеп: заңдардан бөлек, еліміздегі үлкенді-кішілі жиындардың көбісі орыс тілінде өтеді. Қазақша оқылатын баяндаманың өзі алдымен орысша дайындалып, қазақшаға аударылады. Бұл қазақша баяндама жасай алатын қазақтар жоқ дегенді білдірмейді. Оның басты себебі – бұл ақпаратты сұратушылардың мемлекеттік тілді толыққанды меңгермегендігінде немесе мүлде білмейтіндігінде.

«Қазақ тілді журналистердің басынан өтетін бір ақиқат бар: оларға күнде ақпаратты орыс тілінен аударып, пайдалануына тура келеді. Ал аудармамен күнделікті айналысып жүрген адам бірте-бірте тілі орысшаға ауысып бара жатқанын өзі де байқамай қалады. Бүгін де әлеуметтік желі тілімізді одан ары қарабайырландырып жіберді. Әрине, тіл жанашыларлары бұған қатысты сынды айтып-ақ жатыр. Алайда мәселе тілді меңгеру деңгейінде ғана емес, әр адамның тіл тазалығын, тіл мәдениетін сақтау жауапкершілігінде жатқан сияқты», – деген Әділбек Қаба осы мәселені ретке келтіру үшін қатысушылардан нақты ұсыныс білдіруді өтінді.

«Кітап оқуды мәдени құндылықтардың қатарынан шығарып тастадық» 

Сенатор, «Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Нұртөре Жүсіп тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тіл мәдениетінің сақталуы тұрғысынан қарағанда бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы мен қоғамдық санаға әсері өте күшті екенін еске салды. Әйтсе де сөз қолданысындағы жауапсыздық, талғамсыздық өріс алып отырғанын жасырған жоқ. 

«Ең үлкен кемшілік – сөздің мағынасына мән бермеу. Сөздің ауыспалы және тура мағынасы болатынын бәріміз жақсы білсек те, осы мәселеге келген кезде тілшілер де, радио, телеарна журналистері де қазақ тілінің бояуын, мағынасын, фразеологиялық сөйлемдердің бұзылмай сақталуын, мақал-мәтелдің шарттарын орындай алмай жатады. Бүгін де тіл мәдениетінде, жазу, сөйлеу тұрғысында бірқатар кемшілік бар. Тілшілер өзінің сөз саптауында басқа тілдердің заңдылықтарына етек алдырып кетеді. Бір ғана мысал: «керекпіз» деген сөздің өзі басылымдарға да, телеарналарға да шығып жатыр. Бұл – кітап оқуды мәдени құндылықтардың қатарынан шығарып тастаудың салдары», – дейді сенатор.

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қазір журналистер мен тіл мамандары кітап оқуды мүлде азайтқан. Еліміздегі жоғары оқу орындарында журналистер факультеттеріне көп міндет жүктелетіні белгілі. Сенатор бір жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде мемлекеттік емтихан алатын комиссияның төрағасы болғанын еске алады. Сонда бірнеше студенттің 4 жыл оқып, Алматыдағы ұлттық кітапхананың қай жерде орналасқанын білмей, диплом алып бара жатқанына куә болыпты. 

«Осыдан кейін не сұрауға болады? Журналистерге жазу, сөйлеу мәдениетін, қазақ әдеби тілінің ерекшеліктерін, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді миына құйып тұрып оқыту керек. Оларды электронды сөздіктермен қамтамасыз етіп, транслитерациялық, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер барлық журналисттің жұмыс үстелінде жататындай жағдай жасалуы тиіс. Қазақ әдеби тілі, оның нормалары өз дәрежесінде сақталмаса, тілдің шұбарлану үдерісінен таяқ жеп қаламыз. Блогерлердің тілі нағыз бетпақ және батпақ тілге айналып бара жатыр. Ақпараттық технологиялар дамып тұрған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының тіл мәдениетін сақтауы өте маңызды. Сондықтан хабар таратудағы сапа мемлекеттік, ұлттық мәселе болып есептелуі керек. Біздің қазақ тілінің грамматикасы тұтастай кезінде орыс тілінің грамматикасына бағындырылған. Міне, сондықтан қазір арамызда орыс тілінде акцентсіз сөйлейтін қазақтардың саны өте көп. Ал енді латынға көшу – өз тіліміздің матрицасына, төлтума қалыбына қайта оралудың бір жолы деп есептеймін», – деп сөзін жалғастырды Нұртөре Жүсіп.

Сенатор отандық сериалдардың ішінде шұбыртпа сөздер көп кездесетінін атап өтті. Өзі көріп қалған «Келінжан» деген телехикаядағы кейіпкерлердің «аташка», «апашка», «доча» деп сөйлейтінін сынға алды. 

«Ал олардың бәрін киноға кіргізу – біздің санамызға тықпалаудың ең үлкен тәсілі болып отыр. Сондықтан менің ұсынысым – Қазақстан телеарналарында түсірілетін отандық сериалдар сценарийін қабылдау және түсірілім кезінде аралас қойыртпақ сөздер еніп кетпес үшін көркемдік кеңестерге мәтінге жауаптылық, тіл мәдениетін сақтау талаптары енгізілуі керек» – деп сөзін аяқтады Нұртөре Жүсіп. 

«Бұл – дикторлық мектепті жабудың салдары»

Сенаттың тағы бір депутаты, телевизия маманы Дана Нұржігіт қазақ телевизиясындағы тілдің өзгеруін – дикторлық мектептің жабылуынан көреді. Бір кездері классикалық қазақ тілінің мектебі жабылып, ондағы актерлық шеберліктен, классикалық театр мектебінен өткен ұстаздар бір күнде жұмысынан қысқарып қалған. Дана Нұржігіт – сол дикторлық мектептің соңғы жұрнақтары болған азаматтармен жұмыс істеп, сол кісілердің назын, өкпесін, ренішін өз көзімен көрген адамдардың бірі. 

«Бізге мектеп болған азаматтар бүгін «шіркін-ай, дикторлық мектеп қайта қалыптасатын болса ғой» деп армандайды. Ортамызда жүрген Қымбат Досжанның, Асылбек Ықсан, Қайнар Олжайлардың өзі – бір-бір мектеп. Сол кісілердің тәжірибесін неге қолданбасқа? Түбегейлі дикторлық мектепті жойғаннан кейін қайтадан іргетасын қалауға тура келіп отыр. Сол жағдайға жеттік. Дикторлық мектепті жандандырсақ, оның ізімен дубляждық мектептер де қалпына келер ме еді?.. Әрине, дубляждағы біз көріп, естіп отырған дауыстар, тіл сингормонизмі сақталмағандықтан, мұның бәрі фильмдер мен сериалдарда көрініп жатады. Бұл көрерменнің құлағына құйылғандықтан, «үлгілі тіл осы екен» деп, сол тіл қолданысқа енеді де кетеді», – дейді ол. 

Дана Нұржігіт бұған жығылған жұдырық болып блогерлердің тілі келе жатқанын үлкен қауіп екенін айтып өтті. Блогерлер халықтың арасында танымал болғандықтан, олар сол тілімен телевизияға келіп қосылады. Әрине, бұдан тіл одан сайын ұтылады, одан сайын шұбарлана түседі. Ал блогерлермен жұмыс істейтін дикторлық мектеп пен телевизияның өзінің заңдылығы барын түсіндіретін адамның жоқтығынан ол сол тілімен телевизия саласында жұмыс істеп кете береді. 

«Тіл ғалымдары медиа қызметкерлеріне нақты нұсқаулықтарды беруі керек»

Әлеуметтік желілерде, тілшілерге берген сұхбатында қазақ тілінің мәйегі турасында өткір әрі өзекті ойын бөлісіп жүрген белгілі редактор, тіл жанашыры Назгүл Қожабек қазақ тілі орыс тілінің грамматикасына «байланып болғанын» айтады. 

«Біз бір нәрсені орындарымен ауыстырған кезде орысша сөйлейміз. «Айтатын боласыздар, жазатын боласыздар» дейміз. Біздің радиодағы тілшілердің сөзі ғана қазақша, бірақ сөйлемдерінің құрылысы бәрі орысша. «Жазылып алынды, сатылып алынды» дегеннің өзінде, мысалы, бір ғана жұрнақтың өзі екі сөзді орысшаға айналдырып жіберіп отыр. Қазіргі қазақ тіліндегі бәріміз өз сөзімізге назар аударып, мән берсек, көмектес септігін қолданғанда да, «-лық, -лік, -ды, -ді» жұрнақтарының да 70 пайызы орысша. Ілік септігімен де сол», – деп ойымен бөлісті редактор. 

Алматы әуежайында «Регистрация пассажиров и оформление багажа» деген сөз «Жолаушылардың тіркеуі мен қол жүктерінің рәсімдеуі» деп аударылған екен. Назгүл Қожабектің, орыс тілінің «родительный падежі» қазақ тілінде ілік септігі болып аударылған. Ал ол негізінде табыс септігімен аударылуы керек, яғни «Жолаушыларды тіркеу және қол жүгін рәсімдеу» болуы тиіс. Ілік септігінің 70 пайызы орысша деп отырғаны осыдан. 

«Біз «кого» дегенді «кімнің, ненің» деп аударып аламыз. Ал шын мәнінде «кімді, нені» деп аударылуы керек. Біз көпше түрде айтып жүрген сөздеріміздің 70 пайызы – орысша. Мысалы, «көп адамдар» дегеннен бастап бәрін де орысша айтып отырмыз. Біздің тіліміз орыс тілінің грамматикасына кетіп қалды. Сондықтан Тіл білімі институтына үлкен өтінішім бар: қазіргі қазақ тілінің проблемаларын зерттеуде кейінгі кезде орфография мен пунктуацияға көп назар аударып кеттік. Лексикология, этимология, орфоэпия, орфография мәселелері көп көтеріледі. Әлі күнге дейін қазақ тіліне қатысты қандай да бір әңгіме туындай қалса, «рахмет пе, әлде рақмет пе» деген даудың төңірегінен аса алмай жүрміз. Көңіл күй ме, әлде көңіл-күй ме, немқұрайлы ма, немқұрайды ма, «бірақтан» кейін үтір қойыла ма, жоқ па – көп талқыланады. Ал шын мәнінде грамматика тұрғысында қазір тіл білімі саласындағы ғалымдар медиада жұмыс істейтін адамдарға нақты бір нұсқаулықтарды беруі керек», – деген редактор бұл мәселені уақтылы қолға алмасақ, тізгінге көнбей кететінін еске салды.

«Туған» мен «туылған» сөздерінің төңірегіндегі дау әлі тоқтайтын емес. «Оның бір ғана емі бар» дейді редактор. Назгүл Қожабектің айтуынша, етіс категорияларына байланысты қазақ тілінде ырықсыз етіске түспейтін сөздер бар деп, нақтылап сол сөздердің тізімін жазып беру керек. Сонда ешкім «туылған» деп жазбайды. Әйтпесе «мною пройденный путь» дегенді «менімен жүрілген жолдар» деп қолданғанға дейін жеттік қазір. Ол кәдімгідей тілімізге сіңіп бара жатыр. «Чем здесь воняет?» деген сөзді «Мына жер немен сасып тұр?» деп те аударылып жүр. 

«Сатылып алынған, жазылып алынған» деген тіркестердің дұрыс емес екенін жазу керек. Радиодан «мына күй осындай жылы жазылып алынған» деген сөзді естідім. Ол неге «жазылып алынған»? Әр септік жалғауының қызметін нақты жазып бермесеңіздер, мына кетіп бара жатқан үрдісті тоқтата алмаймыз. Радиода «қиыннан қиыстырып, қиуасын келтіріп» деген сөз жиі айтылады. Неге ол «қиуасын келтіріп» болуы керек? Қазақта «қиюын келтіріп» емес пе еді? Бір сөзді бір сөздің орнына қолдану, сөздің этимологиясына үңілмеу – бөлек әңгіме. Бірақ грамматикалық категорияларды білмеудің, қате аударудың салдарын көріп отырмыз. «В последнее время» деген сөзді калькалап, қазақ тілінде «соңғы уақытта» деп аударып алдық. Ал қазақшасында ол кейінгі кезде болуы керек сияқты еді. Соңғы сөз, соңғы кез деп кеттік. Ертең сайлауда тағы да «осынша дауыстар» деп сайраймыз. Неліктен? Өйткені орысшасында «голосов» деп тұрады. Неліктен біздің оған байланып қалғанымызды білмеймін. Орыс тіліндегі бүкіл көпше түрде қолданылатын сөздер қазақ тілінің сорына айналды. Көрген қатемізді жазамыз. БАҚ саласындағы таныстарға айтамыз. Осы мәселелерді тізе келе, таза грамматика тұрғысынан қазақ тіліндегі нұсқаулықты күтеміз», – деп ұсынысын білдірді 

Онлайн кездесуде тағы бірқатар тіл маманы мен журналист ұсыныстарын білдірді.

Қабылданған қарар

Онлайн басқосудың нәтижесінде қатысушылар берген ұсыныстар негізінде Қарар қабылданды. Ол бойынша меншік нысанына қарамастан республика аумағында тіркелген барлық БАҚ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабын (бұқаралық ақпарат құралдарының тілі) сақтауды қамтамасыз етеді. Теле-радиоарналар мен мерзімді баспасөз беттерінде, электронды БАҚ-та ресми және басқа да хабарларды мемлекеттік тілде тарату және насихаттау кезінде тіркелетін қателерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, себептерін анықтауды қамтамасыз ету міндеті белгіленді. Қарар бойынша меншік нысанына қарамастан БАҚ арқылы мемлекеттік тілде жүргізілетін барлық телехабар мен жарияланатын мақаланың дұрыстығына жауапкершілікті бірінші басшыға жүктеу керек. Сондай-ақ, мемлекеттік тілде хабар тарататын БАҚ өкілдері үшін танымал сала мамандарын, медиатренерлерді, осы саланы зерттеп жүрген лингвист-ғалымдарды тарта отырып, арнайы оқу курстарын ұйымдастыру көзделген.

Тіл саясаты комитеті сонымен бірге еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралының назарына хабар тарату кезінде «Termincom.kz», «Еmle кz», «Sozdikgor.kz» сайттарын пайдалану керектігін еске салады. Бұқаралық ақпарат құралдарында хабар тарату мен мақалалар жариялау кезінде жол берілген қателерді жинақтап, саралап, түріне қарай жіктей отырып, «Қателер сөздігін» дайындау жоспары да бар. Одан бөлек БАҚ саласындағы мемлекеттік тілді дамыту мақсатында тіл жанашырлары тобын құрылып, өңірлерде хабар тарататын БАҚ пен интернет-ресурстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілетін болды.

ҚазАқпарат