Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғаста жуырда Жаңа Жібек жолындағы қаржы «ауылының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған қаланың халықаралық қаржы орталығына айналуына жағдай жасайды деген үміт артылып отыр, деп жазады Синьхуа.
Әдетте қаржы инновациялары және офшор банк операциялары жүргізілетін пилоттық аймақтар Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньчжэнь секілді Қытайдың ірі қалаларында жұмыс істейді. Қорғас елдің шекаралық аймағындағы осындай статус алған алғашқы қала атанды.
Қорғаста қаржы «ауылының» құрылуы, мамандардың пікірінше, оның тамаша геогорафиялық мүмкіндіктеріне байланысты. Бұдан тыс, Қытай үкіметі осы қалаға қатысты түрлі салаларда жеңілдіктер беру саясатын ұстанады.
2012 жылы құрылған «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы елдің жалғыз шекаралық ынтымақтастық орталығы болып табылады.
2013 жылдың тамызында орталықта юаньмен жүргізілетін инновациялық офшор операцияларын кеңейту жөніндегі тәжірибе жобасы басталған еді.
Кейін 2016 жылғы қыркүйекте Қытайдың Халық банкі осы жобаның одан әрі іске асырылуы туралы мәлімдеген. Жобаға сәйкес, юаньмен жүргізілетін инновациялық офшор операция қызметтері, негізінен, Қытай тарапынан әкімшілік комитетте тіркелген кәсіпорындарға және шетелдік банк мекемелеріне, кәсіпорындарға, жеке тұлғаларға ұсынылады.