15 қаң, 2017 сағат 12:42

Бағлан Майлыбаев тұтқындалды - БАҚ

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев тұтқындалыпты.

Бұл туралы Астанадағы сенімді дереккөздерге сілтеме жасап ЦентрАзия порталы хабарлап отыр.

Аталған ақпарат әзір ресми расталған жоқ.

Мақалада «ЦентрАзия» Майлыбаевтың қамауға алынуының бірнеше себебін атап көрсеткен. Алғашқысы ақша ұрлау. Майлыбаев саяси және тарихи зерттеулерге деп бөлінген 1,3 млрд. теңгені жеп қойған. Тағы бір себеп экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісімен байланысты. Бишімбаев «Бәйтерек» холдингіндегі қаржы қымқыру дауына байланысты тұтқындалған-тұғын.

Ал Назарбаев Бағлан Майлыбаевты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен күні кеше ғана босатқан еді.

Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев 1975 жылы 20 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетін журналист мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет Академиясының саясаттану және саяси басқару кафедрасының аспирантурасын бітірген. Мемлекет қайраткері, заң ғылымының докторы.

1998 жылдан 2002 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері, Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы. 2002 жылдың ақпан айынан мамыр айына дейін – Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі БАҚ департаментінің директоры. 2002 жылдың мамыр айынан 2003 жылдың қыркүйек айына дейін «Казахстанская правда» Республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті. 2003 жылдың қыркүйек айынан 2004 жылдың желтоқсан айына дейін «Заң» акционерлік компаниясының президенті.

2004 жылдың желтоқсан айынан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің жетекшісі. 2008 жылдың қазан айынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы. 2008 жылдың желтоқсан айынан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2009 жылдың маусым айынан 2011 жылдың қазан айында дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы. 2011 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс грамотасымен марапатталған, ҚР ҰҒА жас ғалымдар сыйлығының лауреаты.

Қазақстандық және шетелдік басылымдарда жарияланған 4 ғылыми монографияның, 150 ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың, сонымен қатар бірқатар көркем әңгімелердің авторы. Көптеген телевизиялық жобалардың, деректі фильмдердің жетекшісі, сценарийлерінің авторы.