27 қаз, 2023 сағат 17:09

Бағдат Мусин Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті

Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Бағдат Мусин Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар аясында ведомство басшысы Көкшетау қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарды қабылдады, жұртшылықпен және өңірдің IT-мамандарымен кездесті.

Азаматтарды ХҚКО-ға қабылдау кезінде Көкшетау тұрғындары министрмен жүзбе-жүз кездесіп, ХҚКО көрсететін қызметтердің сапасы туралы сөйлесуге мүмкіндік алды.

Жалпы, өңір тұрғындары ХҚКО жұмысына ризашылығын білдірді, сонымен қатар, олар «онлайн-кеңістікке» көшкеннен кейін мемлекеттік қызметтерді алудың жеделдігі мен ыңғайлылығы айтарлықтай артқанын атап өтті.

Сонымен қатар, олар министрліктің назарын қажет ететін мәселелер жайлы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Азаматтармен кездесу өткізілген жаңа ХҚКО-ны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Halyk Bank-пен бірлесіп ұсынған, онда облыс орталығының тұрғындары мемлекеттік және банктік қызметтерді бір жерден ала алады.

Министр Бағдат Мусин банк пен мемлекеттік корпорацияның үздіксіз интеграциясы клиенттерге өз уақытын үнемдеуге және қажетті қызметтерді қысқа мерзім ішінде алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Достар» мәдениет сарайында өткен халықпен кездесу барысында Бағдат Батырбекұлы ведомствоның мемлекеттік қызметтер көрсету, облысты қолжетімді интернет және байланыспен қамтамасыз ету, ғарыштық мониторинг салаларда жүргізіп жатқан жұмыстары аясындағы жобалар мен жетістіктер туралы айтып берді.

Министрлік басшысы бүгінде қазақстандықтарға көрсетілетін проактивті қызметтердің саны 46-ға жеткенін айтты, олардың ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке және туу туралы куәлік және т.б. бар. Бұл ретте, Бағдат Мусин ведомствоның жұмысы мемлекеттік қызметтерді проактивті тәртіпте көрсетуге, ал жақын болашақта адами фактордан мүлдем бас тартуға бағытталатынын атап өтті.

Кеңінен қолданылатын қызметтер Halyk және Kaspi сияқты танымал платформаларда қолжетімді. Бұл платформаларда тұрғындар 16 қызметке цифрлық форматта қол жеткізе алады.

Бүгінде ХҚКО-ларға бармай-ақ, үйде бейнетехнологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қызметтердің 79 түрін алуға мүмкіндік бар.

«Біз мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінен адами факторды алып тастауды мақсат етіп отырмыз. Жеке куәлікті алу және оны қайта шығару үшін «құжаттау терминалы» сынды жобаларды іске асыру көзделуде. Қазіргі уақытта бұл жоба Астана қаласындағы бірқатар ХҚКО-да пилоттық түрде орнатылған. Бұл шешім халыққа көші - қон қызметінің қызметкеріне жүгінбей-ақ, 5-10 минут ішінде жеке куәлікке тапсырыс беруге мүмкіндік береді», - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ министр өңірдегі интернет сапасын жақсарту бағытында қолға алынған жоба-жоспарларымен бөлісті.

«Бүгінгі таңда біз «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын әзірледік. Ұлттық жобаның мақсаты ¬- халық пен кәсіпкерлік субъектілерін жоғары жылдамдықты (≥ 100 Мбит/с) Интернет желісіне қол жеткізумен қамтамасыз ету. Цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында барлық ауылдық елді мекенді тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Интернет желісімен 3 мыңнан астам ауылды ТОБЖ арқылы қамтамасыз ету жоспарлануда, олардың ішінде Ақмола облысының 306 ауылы бар. Бұл өз кезегінде, ауылдардың дамуына (денсаулық сақтауды, білім беруді, кәсіпкерлікті цифрландыру және т.б.) оң әсерін тигізеді», - деді министр.

Бағдат Мусин «Ақылды қала» жүйесін дамыту тақырыбын да қозғады. Оның мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Көкшетау қаласы Smart City рейтингінде 8-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда өз позициясын жақсартты. Көкшетау қаласында 20 мыңнан астам бейнекамера орнатылды, оның 3,8 мыңнан астамы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына тиесілі.

Сондай-ақ, Цифрлық даму министрі Көкшетау қаласында жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі жұмыс істейтінін, оның үлесі бүгінгі таңда 91 процентті құрайтынын жеткізді. Бұдан бөлек, Бірыңғай есеп айырысу орталығы жобасы іске асырылды, қазіргі таңда барлық 10 ТМС жеткізушілері жүйеге қосылған.

Сапар барысында цифрлық ведомство басшысы өңірлік IT-Hub-а жұмысымен танысып, Ақмола облысының IT-қауымдастығымен кездесті.