18 қыр, 2023 сағат 17:25

"Азық-түлік корпорациясы" АҚ басшылары ұсталды - Антикор

Фото: jcomp/Freepik

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық шикізат - астықты жымқыруға жол бермеу мақсатында «Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы» ҰК» АҚ қызметінде жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жемқорлық дерегімен Продкорпорация өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірқатар басшысы әшкереленді.

Ал астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілері әшкереленді. Сонымен қатар жасалған қылмысты жасыру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның серіктестері - пара беруге әрекет жасағандар әшкереленді.

Қазіргі уақытта күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Астана қаласында қаржы департаментінің директоры мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ бас менеджеріне қатысты тергеу аяқталған.

"Тергеу барысында олар бидай түрінде тауарлық несие бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 800 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Айыпталушылар сотқа тартылды.

Арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде «Азық-түлік корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің директоры әшкереленді.

Ол ЖШС өкілінен 100 мың тонна бидай көлемінде тауарлық несие алу мәселесін оң және кедергісіз шешкені үшін 350 мың теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" - делінген Антикор хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.