Азаматтық қоғам – мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар шеңберінен тыс қоғамдық қатынастар жиынтығы; еркін азаматтардың және ерікті түрде құрылған коммерциялық емес бағытталған қауымдастықтар мен ұйымдардың өзін-өзі таныту саласы. Бұл сала да кейінгі жылдары қарқынды даму үстінде. Мәселен, сәуірдің басында Көкшетау қаласында «Азаматтық қоғамды дамытудағы блогосфераның рөлі: болмысы мен болашағы» тақырыбын көтерген онлай форматтағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, осы жұмыстың негізгі аспектілері сөз болды, талқыланды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткен шараға білім жолына түскен магистранттар мен докторанттар, оқу орнының профессорлық-оқытушы құрамы атсалысты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері де қатысты.
«Қазір әлеуметтік желілердің қоғамдағы, қоғам өміріндегі орны ерекше. Өркениетті қоғам ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің дамуымен және бостандығымен өлшенеді. Әлеуметтік желілер қазіргі өркениетті елдердің бәрінде де үлкен саяси күш болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі де – қоғамдық сананы жаңғыртып, елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру және өзара орнықтыру болып табылады», - деп сөз сөйледі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев.
Оқу орнының ректорының айтуынша, мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазір халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналып отыр. сонымен қатар қоғамның билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуде.
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов онлайн форматта өткен жиында «Блогосфераның виртуалды қоғамының эволюциясы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ оның әріптестері Солтүстік Қазақстан университетінің бірінші проректоры Ербол Исакаев пен Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің саяси ғылымдар факультеті халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Мерием Хаким бірлесіп, Қазақстандағы цифрланудың басты бағыттарын атады. Сондай-ақ цифрлық әлемнен қоғам мен жеке адамдарға қандай қауіп қатер төнетінін талқылады. Баяндама барысында ойын ортаға салды.
Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Еліміздің қоғамдық даму үдерісіндегі әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбын көтерді.
Расымен де кейінгі он жыл ішінде әлеуметтік желі әлем бойынша, оның ішінде елімізде қоғамның, қоғам өмірінің бір бөлшегіне айналды. Саяси жағдайлар да сол әлеуметтік желі арқылы айқындалатын жағдайға келді. Азаматтық қоғамның даму туралы Қазақстан халқы ассамблеясының 29 сессиясында да сөз болды. Ол жерде мемлекет басшысының үндеуінде «Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша. Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Ассамблея азаматтық қоғамның тиімді институтына айналды, конституциялық мәртебеге ие болды және елдің жоғарғы заң шығарушы органына депутаттар сайлау құқығын алды», - деп атап өтті.
Азаматтық қоғам – мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар шеңберінен тыс қоғамдық қатынастар жиынтығы; еркін азаматтардың және ерікті түрде құрылған коммерциялық емес бағытталған қауымдастықтар мен ұйымдардың өзін-өзі таныту саласы. Бұл сала да кейінгі жылдары қарқынды даму үстінде. Мәселен, сәуірдің басында Көкшетау қаласында «Азаматтық қоғамды дамытудағы блогосфераның рөлі: болмысы мен болашағы» тақырыбын көтерген онлай форматтағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, осы жұмыстың негізгі аспектілері сөз болды, талқыланды.