14 мам, 2021 сағат 14:00

"Айыбы дәлелденсе, қызметтен кетуге дайынмын": Райымқұлова орынбасары туралы пікір білдірді


Ел алдындағы есебінен кейінгі брифингіде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жемқорлық дауына іліккен орынбасары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мәдениет және спорт министрінің бұрынғы орынбасары Сәкен Мұсайбековтің кінәлі екені дәлелденсе, қызметіңізден кетуге дайынсыз ба?» 

Ведомство басшысы Ақтоты Райымқұловаға БАҚ өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде осындай сұрақ қойды. 

«Бәрінен бұрын, әрине тағылған айып дәлелденуі керек. Егер айып дәлелденсе, әрине, заң бойынша мен өз еркіммен жұмыстан босату туралы өтініш жазамын. Айыбы дәлелденген жағдайда», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Еске сала кетейік, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков букмекерлік саланың мүддесін қорғады деген күдікке ілініп, ұсталған болатын.