Әлемдік тәртіптер мен қатынастар үнемі өзгерісте. Әрбір мемлекет осы жүйеден өз орнын алуға тырысады. Адамзаттың жалпы дамуы барлық мемлекеттер еріксіз есептесетін ортақ заңдылықтарды және даму тенденцияларын тудырады. Аймақтық шиеліністердің кеңеюі әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстарға себеп болуда. Жаһандық дағдарыстардан әрбір мемлекет зардап шегеді. Сондықтан әрбір мемлекет әлемдік дамудың ортақ мәселелерін шешуге мүдделі. Бірақта, қандай қуатты болмасын жеке бір мемлекет әлемдік мәселелерді шешуге қауқарсыз. Жаһандық қауіптер мен қайшылықтарға қарсы барлық мемлекеттердің бірлескен әрекеттері мен ортақ шаралары қажет. Әлемдік саясат мәні осындай қажеттіліктен туындайды.
Бүгінгі таңда ірі әлемдік державалар арасында ықпал ету салаларын қайта бөлуге қарсы тұру күшейе түсуде. Осы қарама-қайшылықтың нәтижесінде аймақтық шиеліністер географиясы кеңеюде. Соңғы 30 жыл ішінде әлемде 170 әскери қақтығыс болды. Соңғы 10 жылда біз Иракта, Ливияда, Сирияда, Украинада, Таулы Қарабақ және басқа аймақтардағы қанды қақтығыстардың куәсі болдық. 21-ғасырдың ірі державаларының арасында соғыс, ең алдымен, сандық формада немесе тек шектеулі операцияларды жүргізетін арнайы құралдармен жүргізілуде. Әлемнің 200-ге жуық мемлекетінің көпшілігінің арасында шиеленістер, ең алдымен, мемлекеттер ішінде орын алады. БҰҰ-ның бұрынғы шенеулігі Эндрю Мак 1945 және 2008 жылдар арасындағы қақтығыстарды күрделі зерттеуден кейін байқағанындай, қырғықабақ соғыс аяқталғаннан кейін әлемде соғыс мемлекеттер арасында емес және жеңіл қару-жарақпен жабдықталған шағын әскер арасында емес, негізінен мемлекеттер ішінде жүргізілді. Бұл соғыста әдетте, қырғиқабақ соғыс кезінде жүргізілген шектен тыс прокси-соғыстармен салыстырғанда аз адам шығынға ұшырады, бірақ олар «халыққа қатысты аса қатыгездікпен жиі сипатталады». Шынында да, Руанда, Сомали, Шығыс Тимор, Босния, Косово, Дарфур, Конго Демократиялық Республикасы, Ливия және Сирияға қатысты соғыс әрекеттері туралы ойлануға болады. Бірқатар елдерде бұл мемлекеттілік пен экономиканың толық жойылуына әкелді. Әлемдік саясаттың осындай шиеленістерді алдын алу мен шешудің тиімді тетіктері жоқ.
Қазақстан әлемге жаһандық қоғамдастықты үйлесімдірек әрі әділетті ете түсетін ойластырылған шешімдерді ұсынумен келеді. Осындай ұстанымдардың бірі - 2012 жылы негізделген G-GLOBAL жобасы. Алғаш рет жоба ұстанымдары 2012 жылғы 23 мамырда өткен V Астана экономикалық форумында тұжырымдалды. Әлемнің таңдаулы іскер топтарының алдында Елбасы сөз сөйлеп әділетті әлем құрылысының маңызды негіздері:
Бірінші - «эволюция, революция емес». Адамзат саяси революциялар лимитін өткен ғасырда-ақ тауысып қойған. Сондықтан реформалар жолы – ХХІ ғасырдағы прогреске бастайтын бірден-бір соқпақ.
Екінші – әділдік, теңдік және ортақ мәмілеге келу. XXI ғасырда елдерді «ұлы және қосалқы, жетекші және жетектегі» деп бөлу ескірген. Мемлекеттер теңдігін негіздейтін жаңа әділетті әлемдік саясат қажет.
Үшінші – «жаһандық толеранттылық пен сенім». Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, геосаяси салмаққа қарамастан, толерантты болуы тиіс. Жаһандық сенім болмайынша, келісілген шешімдерге қол жеткізу мүмкін емес.
Төртінші – «жаһандық транспаренттік». G-GLOBAL әлемі – бұл транспарентті қауымдастық, мұнда ешқандай қосарлы стандарттар болмауы тиіс.
Бесінші – «конструктивті көпқырлылық». Тап осындай шиеленіссіз көпқырлылық жаһандық сын-қатерлерден өтіп, ХХІ ғасырдағы адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.
Алайда қазіргі коронавирустық пандемиядан туындаған әскери қақтығыстар, санкциялық және сауда текетірестері аясында 2020 жыл әлемдік экономика 9 трлн. доллар көлемінде зор шығынға ұшырады. Бүкіл әлем пандемияның екінші толқынын күтуде, бұл жаңа экономикалық шығындарға, жұмыссыздықтың, кедейліктің өсуіне әкеліп соқтырары сөзсіз. Әлеуметтік наразылықтың өсуі жалпы әлемдік трендке айналды. Жаппай наразылықтардың өршуі тіпті ең дамыған елдер - АҚШ, Франция, Испания, Германия және басқаларды басып озды. Бұл әлемнің жетекші экономикасындағы қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына әкеледі, бұл басқа елдердегі жағдайға әсер етеді. Жаһандық тұрақсыздықтың жалғасуы және халықаралық жағдайлардың күрт шиеленісуі G-GLOBAL қағидаттарының маңыздылығына көз жеткізеді.
Мәселен, аймақтағы Украина, Беларусь, Қырғызстан сынды мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көз жүгіртсек дағдарыстық жағдайда екенін байқауға болады.
Украинада 2014 жылы билікті күштеп ауыстырғаннан кейін бірқатар әлеуметтік - экономикалық проблемаларға тап болып, эпидемияға байланысты тым күшейе түскені белгілі. Ел билігі ХВҚ үнемі көмек сұрауға мәжбүр, мәселен, 2015 жылы ХВҚ Украинаға 17,5 млрд. бөлуді қарастырса, іс жүзінде 8,7 млрд. доллар берді. Әрі қарай төлемдер тоқтатылды. Биыл Украина ХВҚ-мен 5 млрд. келісіп, оның 2,1 млрд. олларын ғана алды.
Жыл сайын бюджет тапшылығы байқалады, 2019 жылы ол 78 миллиард гривенді құраса, 2020 жыл қорытындысы бойынша тапшылық ІЖӨ-ге 8% деңгейінде 300 млрд.гривен ($11 млрд-тан астам) құрайды. Яғни, кірістер мен мемлекеттік борышты төлеу бойынша да ел бюджетіне елеулі салық жүктемесі сақталып отыр. Ақшаның жетіспеуіне байланысты Үкімет мұғалімдердің жалақысын ұлғайту жөніндегі бастаманы 2021 жылы кейінге қалдыруға ниетті.
Ұлттық валюта да жылдың басынан 20,3% девальвацияға ұшырап, гривнаның одан әрі құнсыздануы күтілуде, осыған байланысты инфляция да өсуде. Әсіресе, жыл басынан бері бидай құнының 40%-ға өсуіне байланысты нан қымбаттады. Болжам бойынша биылғы жылдың соңына дейін нан бағасы тағы 10-15% - ға қымбаттауы мүмкін.
Елде жұмыссыздық деңгейі өсіп, БҰҰ мәліметі бойынша, 2019 жылы 5 миллионға жуық украин өз елінен тыс жерде тұрып, украиналық еңбек мигранттарының ақша аударымдары 12 млрд. (ІЖӨ-нің 7,7%) немесе тікелей шетелдік инвестициялар көлемінен 4 есе көп (3,07 млрд.). Үкімет, Украина Ұлттық Банкі, Ernst & Young және Mastercard бірлескен зерттеуі бойынша елдегі көлеңкелі экономика деңгейі ІЖӨ-нің 23,8% құраған.
2018 жылы ХВҚ Украинаны Еуропадағы ең кедей ел деп атады (134 орын), ал Growth from Knowledge компаниясының мәліметіне сәйкес 2019 жылы Еуропаның 42 мемлекеті арасынан халықтың сатып алу қабілеті рейтинг бойынша Украина ең соңғы орынды иеленді
Сонымен қатар, Украина коронавирустық инфекцияға қарсы күресте ең үлкен қиындықтарды бастан өткеруде. 9 желтоқсандағы жағдай бойынша 881 727 жұқтыру оқиғасы анықталып, 483 553 адам сауығып, 14 981 адам қайтыс болған. Жұқтырғандар санының күнделікті өсуі байқалады.
Жазда өткен Беларусь Президенті сайлауынан кейін елде бесінші ай жаппай наразылық акциялары өтіп, республика экономикасына айтарлықтай зиян келтірілді. «BEROC» экономикалық зерттеулер орталығының бағалауы бойынша Беларусьта пандемия жағдайында халық табысының төмендеуі байқалады. Мәселен, 2020 жылғы маусымда халықтың 49.7 % наурыз айымен салыстырғанда өз кірістерінің төмендеуін сезініп, халықтың 55 пайызы өз кірістерінің жоғалуын атап өтуде. Минскте бұл көбінесе қызметкерлерге берілетін сыйлықақылардан бас тартумен, жұмыс уақытының қысқаруымен, өз есебінен демалыспен, ал өңірлерде - жалақы төлемдерінің кешіктірілуімен байланысты.
Сондай-ақ, халық депозиттердегі жинақтарын жаппай алып, рубльді долларға аударуда, бұл жыл басынан бері ұлттық валютаның 23% төмендеуіне себеп болды. ХВҚ мәліметтері бойынша (қазан 2020) жалпы өнім көлемі елде 3% - ға қысқарады, ал 2021 жылы өсім шамамен 2% - ды құрайды.
Елдің ІЖӨ-нің төрттен бір бөлігін құрайтын, логистика мен көліктің көптеген кәсіпорындарын жұмыспен қамтамасыз ететін, сондай-ақ Беларуське валюта түсімінің 93 пайызын әкелетін өнеркәсіпте күрделі жағдай сақталуда. Бұл ретте барлық өнеркәсіптік өндірістің үштен екісі пандемия жағдайында зардап шеккен 6 салаға тиесілі: мұнай өңдеу, тамақ, химия, металлургия, машиналар мен жабдықтар өндірісі, резеңке-техникалық және пластмасса бұйымдарын шығару.
Пандемиямен күресуде елде дәрігерлер жетіспейді, себебі джаппай Польшаға кетуі байқалады.Билік медициналық университеттердің соңғы курстарындағы науқастарды емдеуге жұмылдыруға мәжбүр. IT-мамандар мен білікті кадрлардың басқа салалардан кетуі байқалады, бұл экономикада, әсіресе ұзақ мерзімді перспективада кері әсерін тигізеді Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері IT-қызметтердің экспорты 20% - ға дерлік қысқарды.
Елде қауіпсіздік күштерінің рөлі артып, құқық қорғау органдарының басымдығын сақтау мақсатында билік азаптау мен ұрып-соғуға қатысты 1,5 мыңнан астам азаматтардың шағымды қарауға жол бермеуде.
Біздің шекаралас, бауырлас көршіміз Қырғызстан соңғы 15 жылда тұрақты түрде саяси және әлеуметтік тұрақсыздықты бастан кешуде. Басқарудың әлсіздігі мен сыбайлас жемқорлық 2005 және 2010 жылдардағы саяси және әлеуметтік көтерілістердің негізгі факторлары. 2005 жылғы «Қызғалдақ төңкерісі» кейін 2010 жылы президенттіктен парламенттік басқару формасына ауысумен билікті басып алу елдегі саяси жағдайға әсер ететін аймақтық кландар басқаратын тұрақты наразылықтардың негізін қалады.
Қырғызстандағы саяси жағдайдың өршу себебі 2020 жылғы қазандағы парламенттік сайлаудан кейін орын алды, наразылықтар нәтижесінде Үкіметтің ауысуы, қазіргі президенттің отставкаға кетуі және жаңа сайлаудың тағайындалуы болды. Саяси күйзелістермен қатар, Қырғызстан 2020 жылы экономиканың негізгі секторларында - туризм, сауда, құрылыста елеулі шығындарға тап болды. Елдің ІЖӨ жыл қорытындысы бойынша 12 пайызға қысқаруы мүмкін.
Наурыздан бастап қолданыстағы карантиндік шаралар инфляцияның күрт өсуіне, сыртқы сауданың, инвестициялар мен ақша аударымдарының төмендеуіне әкелді, бұл сом бағамының әлсіреуіне әсер етті. Ресей мен Қазақстанда қабылданған карантиндік шаралар жүздеген мың қырғыз еңбек мигранттарын отанына оралуға мәжбүр етті. Тұтастай алғанда, елден тыс жерде еңбекке қабілетті халықтың 40% - ға жуығы (1 млн адам) жұмыс істейді. Еңбек мигранттары санының қысқаруы елге ақша аударымдарының санын күрт азайтты.
Global Finance журналы мәліметіне сәйкес, Қырғызстан әлемнің ең кедей 50 елінің қатарында 189 мемлекеттің ішінде 148-орынды иеленіп және Папуа Жаңа Гвинея мен Джибутимен (Шығыс Африкадағы ел) көршілес орналасқан.
Қазақстан Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың көпвекторлы саясаты мен халықаралық аренадағы беделінің арқасында осы жылдар ішінде шиеленістер мен соғыстардан аулақ болды. Қазақстан дүниежүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатып, еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің негізінде орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындады. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық терроризмге, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Биліктің пандемия жағдайында жүргізіп отырған әлеуметттік-экономикалық іс-шаралары елде саяси тұрақтылықты сақтап, тиімді реформалар жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы,
Саясаттанушы