Парламенттік оппозиция институты заңның дұрыстығына септігін тигізеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы туралы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова әлеуметтік желідегі парақшасында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, 20 желтоқсанда елордада өткен Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы «Парламенттік оппозиция институтын құру» туралы ұсыныс айтқан болатын.
Осы ұсынысты мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова да қолдайды. Оның айтуынша, қоғамда ненің дұрыс, ненің қате екені бірдей пікір айтылғанда ғана көрінеді.
«Ақиқат - біреу, бірақ әркімнің өз шындығы бар. Қоғам да, дүние де оң мен терістен, ақ пен қарадан, дұрыс пен қисықтан құралған. Оның бірін көріп, бірін көрмеуге болмайды. Ненің дұрыс, ненің қисықтығы - екі пікір де айтылып, сарапталып, іс жүзіне асқанда көрінеді. Сондықтан, заңымыз дұрыс болсын десек - парламенттік оппозиция керек» деп жазды ол.
Айта кетейік, Президент бұл мәселе туралы: «Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік», - деген еді.