07 жел, 2016 сағат 08:36

Айбек Қалиев. «Алтын домбыра» айтысы ел арасына іріткі салатын болса, өткізбей-ақ қою керек

Екі-үш күннен бері "Алтын домбыра" төңірегіндегі дау толастар емес. Екі жақты да түсінуге болады. Мен де екі оттың арасында екіұдай сезімде қалдым. Мұxтаржанның домбыраны алғанына қаншалықты қуансам, Ақбөкенімнің алмағанына соншалықты қынжылдым.

Әлеуметтік желіде Мұxтардың атына қаншама әңгімелер айтылып жатыр, жол шынымен де Болатбектікі еді, бірақ Мұxтарда кінә жоқ қой. Мұxтарға жақсылық жасаймын деген кейбір қазылар, керісінше көрермен жұртты оған қарсы қойып қиянат жасап қойған сияқты.

Мұxтар да, Болатбек те менің ең жақын араласатын, туғанымдай болып кеткен бауырларым. Екеуі де пендешіліктен жоғары тұрған азаматтар. Ақын деген бір ауыз жылы сөзге марқайып қалатын, бір ауыз суық сөзге жүрегі ауыратын жандар ғой. Сондықтан да екі дүлдүліміздің арасына кірбің түсіріп, жандарын жаралап алмайықшы, ағайын!

Қазіргі айтыста шаппа-шап келгенде, суырып-салмалықта Мұxтардың алдына түсетін, жырының көркемдігі жағынан Ақбөкеннен озатын ақын жоқ. Екеуі де басы мен болып, айтыс ақындары тарапынан мойындалып қойған. Елді бірлікке шақыратын "Алтын домбыра" айтысы осылайша ел арасына іріткі салатын болса, енді өткізбей-ақ қою керек шығар.

Айбек Қалиевтің фейсбуктегі парақшасынан