15 қаз, 2019 сағат 08:28

"Қошалақтың құмына тіл бітсе..."

Қазақ әдебиетінің бүршік атып гүлденіп, тамыр жайып тереңдеген уақытын әдебиет тарихы өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы жылымықтан көреді. Бұл кезеңде ұлттық проза жанры ерекше екпін алып, өрістеп өрлеуге бет алды. Жазушылардың арасындағы шығармашылық бәсекелестік шын талантты анықтауға жол ашты. Осылайша, әдебиет сапары жарты ғасырлық уақыт межесінен өткенде, мұндай шоғырлы топтың бел ортасынан нағыз суреткерлердің мойны озып, басы артық көрінгені даусыз. Сол суреткерлердің бірі – Рақымжан Отарбаев. 

Қаламгердің барлық шығармасын емес, тек бір ғана әңгіме төңірегінде ой айтсақ, нысанаға «Аяқталмаған хикаясын» алар едік. Өткен шақтың ескі оқиғасы, бүгінгі күнгі жазушы әдеті және күнделікті өмір тынысы: қызы ұзатылған көрші шешей, сығанның үстінен арыз жазбақшы шал, сауал қою үшін келген тілші қыз, қаладағы қызына тілдей хат жаздырып алмақшы болған таныс кемпір, жазу арасында келіп-кетіп тұратын жазушы жұбайы – түгелі де шағын әңгіменің ішіне сыйып кетіп, жұмыр да жинақы, көп сөзден ада жақсы шығармаға айналған. Нарротология ғылымында айтылатын автор мен кейіпкер, баяндаушы мен жазушы, кейіпкер мен оқиға куәгерлері секілді ұғымдар арасындағы жік осы әңгімеде айқын көрінеді. Ел ішінде болған ертеректегі бір оқиғаны ақ қағаз бетіне түсіру үшін столға отырған жазушы қаламына сол оқиғадан өзге осы шақтағы өмір тұрмысы, тіршілік болмысы бәрі де араласып әдемі бір сабақтастық құрайды.

Жазушының шығармашылық кредосы сонда, өткен мен бүгінгі шақтағы оқиғаларды байланыстырып қана қоймай, шығарманың болашақ тағдырын да тосын аяқтап, оқырманды ойландырып тастайды. Өнердің табиғаты осы – ойландыру, ой қалдыру.

Суреткер ретінде Рақымжан Отарбаевтың қаламы қазақтың қара сөзіне малшынып тұр. Өне бойы ұлттық колоритті бейне-болмыс, образ жүйесі құрайтындықтан, автор бұл жағынан көш басында тұр. Әңгіменің әлқиссасында Қошалақта пайда болған қалмақ қашқынның образы мен әрекетін бейнелеуде өзіндік қолтаңбасын даралайды. «Қапияда тап берген қара жүрек қашқын», «ине ұстаған ұрғашының бәріне бір-бір баладан құшақтатып кеткен сол сұмпайы», «ұзын бойлы, суыр тіс, көзі алақандай», «алақаны темірдей қатты», «бет-аузын түгел жүн-жұрқа басып кеткен бе?» деп суреттейді. Бұл әдетте шығарма басталмай жатып бас кейіпкерді бастан-аяқ түгелдеп шығатын ескі сүрлеуден қашық, тосын әдіс. Мұндай сәтті суреттеуді әдебиеттануда тура кейіптеудің үздік үлгісіне жатқызуға әбден лайық.

Авторда шығарма арасында көбіміз байқамай өтетін жалқы сөз бар, ол «қыздың етегі – елдің намысы» деген тіркес. Жеңгелерін ақтап алмаққа ақ қағазға бас қойған жазушының жұмысын көрші үйден шыққан оқыс дауыс тоқтатады. Оны автор «...әлем-тапырық дауысы ойымды үркітіп жіберді», «шүйкедей қара кемпірдің ойбайы ертеңгілік тынық ауаны тілгілейді» деп береді. Оқырман қауым бұл арада соғыс жылдарындағы оқиғаны тастай салып, жазушымен бірге дәл қазіргі сәттегі көрші үйдегі «соғыс үніне» құлақ асады. Іргедегі ойбай тоқтатқан іркілістен соң қашқын хикаясында тезекті бір жортуылға тап боласыз, жорықта қолға түскен «сүйегі санап алғандай, қанын ішіне тартқан қарасұр келіншекпен» танысасыз. Сөзі мірдің оғындай бұл келіншек «ит жалап кеткен итаяқтай болдым-ау» деп жабығады.

Кенет еденді басып жазушыға ауылдан келген ақсақал жақындайды. Бұл екеудің әңгімесі ел ішіндегі сөз: ұрылар мен жылқы, сығандардың қаптауы, керең айғыр, арыз жазу. Қысыр сөзбен уақыт өткізіп барып, қашқын қалмақтың хикаясына қайта оралғанда «...тоқтының етіне тойып, бетіне қызыл тепкен, жата-жата бойы құрысқан» кейіпкерді көреді. «Ымырт үйіріле етегін қымтап алған ауылды төңіректеген» қашқынның кексе әйелді көріп ойынан айнуы, оның іргесіндегі үйді аңдуы нанымды. Бұл кезде көрші шешей тағы сампылдай сөйлеп, хикаяны бұза-жара киіп кетеді. Сығандарға арыз жазбақшы болған ақсақал үнсіз қалып, жазушы мен көршінің диалогы орнайды. «Шашын жауырынына шашып тастаған» тілші қыз да жазуға кедергі, басталған хикая қайта-қайта үзіліп жазушының мазасын қашырып, берекесін алған. Ол ол ма, бел, сегізкөз, жамбас сынды үш сүйекті айтпаса таң атпайтын таныс кемпір тағы бар. Ол да қаладағы қызын хат жаздырып алмаққа жазушыға келген. Бір хикаяны аяқтау үшін тыныштық күткен жазушы шынайы халі де аңғарылады.

Жазушы тартысты оқиғалар шарпысуын, шытырман хикаялар шиеленісін бір ортаға әкеп июге шебер. Соғыс кезіндегі қашқын тағдырына ұқсас детальдарды осы шақтан һәм өз айналасынан тауып алады да, әдемі жымдастырып байланыстыра қояды. «Осы жалғыздың тілеуін тілеп... бұл да әкесін көрмей қалды» деген көрші шешейге «әкесі майданға алынған соң үш жылдан кейін туса қайдан көрсін?» деп жазушы тіл қатады. Тағы бірде «оралыңның барында ойна да күл» деп әндеткенге «сендердің жел көтерген етектеріңді жабамын деп көз майымды тамызып отырысым мынау, бес күндік бұлағай дәуренде ойнаған да күлген сендердің жүрістерің анау» деп кейиді. «Қошалақтың құмына тіл бітсе...» жазушы қолына қалам алмас па еді!

«Аяқталмаған хикая» секілді осы жолдар авторының жазушымен таныстығы да сәтті басталып, жалғасын таппай, аяқсыз қалған болатын. Жақсы аға, көрнекті жазушының аяқ астынан келмеске сапар шеккеніне көңіл шіркін әлі сенбейді.

Заңғар КӘРІМХАН, әдебиеттанушы,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің докторанты