18 сәу, 2017 сағат 13:56

Аягүл Миразова. Мен күткен бағдар

Тәуелсіздігіміздің арқасында әрбір жастың, әрбір азаматтың құқы қорғалып қана қоймай, оның болашағын қамта­масыз ететін қасиетті де киелі Ата Заңы­мыздағы баптар да осынау кемел келе­шекке қызмет етуде. Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел дамуының үшінші жаңғыру кезеңіндегі саяси-экономикалық кемелденулерді рухани нәрлендіру, ізгі руханиятқа бағдарлау арқылы қазақстандық жаңа өрлеуді толыққанды етудің жаңа үлгісін жасап отыр деп білемін. Әл-Фарабидің тәлімсіз өркениеттің адамзат үшін қауіптілігін ескерт­кеніндей, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаласы осы тұрғыдан алғанда, адамзат қоғамының дамуындағы бүкіләлемдік ақыл-ойдың жаңа белесі дер едім.

Өзім мектептегі ұстаздық әлемнің өкілі болғандықтан, бұл мақаланың орта білім беру саласындағы маңызы туралы ой қозғасам деймін. Алдымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бүкіл болмыс-идеяларын мектептің 1–12-сынып­тарының білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулық­тарына, сандық оқу құралдарына тұтасынан негіз етіп ендіруді ұсынар едім.

Қазақстандық білім реформаларының шаңнан шығу жолы осында деп білемін. Мен өз тәжірибемде көзім жеткендей, белгілі бір бағдарсыз, яғни, идеологиясыз оқу-тәрбие ісі алға баспайды. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеялары бұдан бұрын жарияланған Тәуелсіздік толғауы, Мәңгілік Ел, т.б. бастамалардың заңды жалғасы әрі концептуалдық жиыны ретінде мектеп идеологиясы болатынына сенімдімін. Мемлекет басшысының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озық жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – дегеніндей, бүгінгі жасампаз болмысы­мыздан озық, оны алға бастайтын идеяларды көріп, ризашылық білдіргім келеді.

«Бәсекелік қабілет – …материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім… Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз алғышарттардың санатында. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни, барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – дей отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы біздің білім берудегі бүгінгі болмысымыздың даму жалғасы әрі бағдары ретінде мақалада «Білімнің салтанат құруы» деп бөлектеп, арнайы айдарлап орын берілгені, оны «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп тұжырымдауы   біздерге, мұғалімдерге, жаңа қуатты серпін береді.

ІІ тараудағы «Таяу жылдардағы міндеттер» тақырыбында көрсетілген нақты жобаларды жүзеге асыру міндеттерінің аясында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» деп қазақ бекер айтпаған деген тамаша мақалмен басталған ұсыныстардың әрбір сөйлемін оқыған сайын жаның рахаттанып, қуанышқа шексіз бөленесің.

Осы «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдарға, білім беру мекемелеріне, түрлі мәдени жаңғыруларға азаматтық бастама­шылдық ретінде жекелеген азаматтарды қолдау, қамқорлық, демеушілік көрсету үрдісіне мәртебе беру – азаматтарымызға сөзсіз ой салып, батылдыққа сөзсіз серпін береді деп білемін.

Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың галлереясын жасау, бүгінгі жасампаздық дамуымыздың көш басында көрініп жүрген, ел есінде сақталатын ел перзенттерін, осы желіде туған аймақ тарихы мен географиясын жүйелі оқу құралдары арқылы жас ұрпаққа ұсыну мүмкіндігі қаралатыны қуантты.

Халқымызда үш күндігін ойламаған қыздан, үш жылдығын ойламаған ұлдан келешегіне жауапкершілікпен қарайтын азамат шықпайтыны туралы дәмді де әділ үкім бар. «Қызым үшін қызартпа, ұлым үшін ұялтпа, Алла» дейтін тілек те ұлтымыздың келешектік санасы ежелден қалыптасқан үрдіс екенін айғақтайды. Осынау ұлттық сана ұлт кодына негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жалғасын тауып отыр.

Мақалада көрсетілгендей, «…жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», – деген Елбасының сенімін ақтау мектеп ұстаздары қауымының Отан, жас ұрпақ алдындағы абыройлы да патриоттық міндеті деп есептеймін.

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,  «Отан» орденінің иегері,

Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер