Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы өмірге енгізілмек
Үстіміздегі жылғы 9 қыркүйек күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берген болатын.
«Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біз 5 өңірде қанатқақты режімде «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауылшаруашылық өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын», деген болатын.
Сонымен қатар, мемлекеттің қазынасы биылғы жылдың қорытындысында 830 миллиард теңге қосымша кіріске толығуы күтіліп отырғандығын, мұның өзі биылғы жылы дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік беретіндігін айта келе, осыған байланысты негізгі үш міндетті атап көрсеткен болатын. Осыған орай «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынған еді. «Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізу тиіс. Ол жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңадан салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек», деген болатын. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажет екендігін атап көрсеткен еді.
Елбасының осы тапсырмаларына байланысты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасын» әзірледі. Аталған жоба қазіргі күні ел кәсіпкерлерінің қатысуымен кеңінен талқылануда. Жобаның еліміздің ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көрсетілуде.
Осы аптаның сәрсенбісі күні осындай бір мәнді кездесу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында болып өтті. Бұл басқосу ел өңірлерін кеңінен қамтыған онлайн режімінде жүргізілді. Оның жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысты. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов тұжырымдамада қамтылған мәселелерді кеңінен әңгімелеп берді. Онда агроөнеркәсіптік кешеннің қандай салалары мемлекеттік қолдауға ие болатындығы, алдағы бес жылда ел аграршылары мемлекеттік қолдаудың қандай түрлеріне ие болатындығы, осыған дейін қолданыста болып келген мемлекеттік қолдаудың қандай шаралары күшін жоятындығы, сонымен қатар, ішкі рынокты отандық ауылшаруашылық өнімдері және азық-түлік түрлерімен толтыру мақсатында қандай жоспарлардың әзірленіп жатқандығы нақты айтылды.
Сонымен, Қайрат Айтуғановтың айтып өткеніндегідей, жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қажеттігі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың, Дүниежүзілік сауда ұйымның құрамында жасайтын әрекеттеріне, сондай-ақ, ғаламдық экономикада болып жатқан өзгерістер мен еліміздегі ішкі үдерістерге байланысты туындаған. Тұжырымдамада агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуда Қазақстанның күшті және әлсіз жақтарына талдаулар жасалынған. Соған сәйкес олқылықтарды толтырудың нақты шаралары көрсетілген.
Мәселен, еліміздің мал шаруашылығындағы мал өнімдерін өңдеу мен сату ісіне жүргізілген талдаулар еліміздің ішкі рыногында балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүттен алынатын май өнімдері жөнінде импорттың басым екенін көрсетіп берді. Бұл басымдық жалпылай алғанда 33 пайызбен 67 пайыз аралығында болып отыр. Ал қой, сиыр, шошқа еті жөнінен еліміз өзін өзі толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, экспортты қазіргіден әлдеқайда арттыру мүмкіндіктеріне ие.
Енді өсімдік шаруашылығының өнімдеріне келетін болсақ, макарон, өсімдік майы, көкөніс және жеміс-жидек консервілері жөнінде импорт көлемі молырақ. Соның ішінде қант импортының көлемі 97 пайызға дейін жетіп отыр. Ал астық өнімдері, ұн және бірқатар өнімдер жөнінен еліміз ішкі рынокты толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды сыртқы рыноктарға шығаруда әлемдік деңгейде өз орны бар белсенді ойыншылардың қатарына қосылып отыр.
Тұжырымдамада ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өткізудің және оларды өңдеудің негізгі проблемалары айқындалған. Олардың қатарында бидайдың артық өндірілуі, құрамажем, арпа, құс еті өнімділігінің жеткіліксіздігі, өңделген ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдері үлесінің аздығы, сиыр, шошқа, қой еті экспорты деңгейінің төмендігі секілді өткір тұрған мәселелер бар. Осы проблемалардың орын алу салдарынан еліміз сыртқы саудада өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,3 миллиард долларды ала алмаған.
Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін бірқатар шаралар қабылданып отыр. Осылардың негізі ретінде басты мақсаттар айқындалған. Соның ішінде 6 түрлі міндетке ерекше көңіл бөлінбек. Егер тоқтала кететін болсақ, олар:
бірінші – мал шаруашылығының тиімділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылық тиімділігін 40 пайызға дейін арттыру;
екінші – тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту үшін ауқымды ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің қолдануға тиімді жүйесін құру;
үшінші – ауылшаруашылық тауар өндірушілерін барынша кеңінен қамти отырып, жалпы сала бойынша мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету;
төртінші – көзделген мақсатқа қол жеткізуге бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін алға жылжыту;
бесінші – 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға қосу;
алтыншы – агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді одан әрі жетілдіру.
Міне, осында аталған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, мұның өзі еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына қосымша серпін беретіндігі анық. Соған бір мысал ретінде айта кететін болсақ, соңғы кездерде жүргізілген зерттеулер 1 гектар суармалы жердің тиімділігі мен беретін пайдасы 1 гектар тәлімі жердегіден 30 есеге дейін артып түсетіндігін көрсетіп отыр. Сонда 600 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу дегеніміз 18 миллион гектар тәлімі жерді іске қосумен бірдей болып шықпай ма? Демек, аталған міндетке жарым-жартылай қол жеткіздік дегеннің өзінде мұның өзі еліміздің ауыл шаруашылығы кешенінің дамуына әлдеқайда серпін беретіндігі анық.
Біз енді жалпы тұжырымдамаға жан-жақты тоқталмай-ақ, оның ішінде бүгінгі күні бүкіл ауыл халқын толғандырып отырған аса бір өзекті мәселе – олардың қолындағы өнімді өткізу мәселесіне тоқталмақпыз. Қазіргі ауыл халқы дегеніміз кімдер? Олар – көбінесе өздерінің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатқан, яғни тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Қазіргі ауыл халқының кем дегенде 70-80 пайызын осындай адамдар тобы құрайтындығы анық. Айта кету керек, осы уақытқа дейін адамдардың бұл топтарына жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келді. Бұл адамдардың тіршілік көздерін дамыту ісі осы уақытқа дейін қабылданған ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалардан тысқары қалып отырды. Неге? Себебі, үй шаруашылығы негізінде ұйымдасып тірлік қылудың өзіндік қиындықтары бар екендігі анық. Мәселен, олардың қолдарындағы малдарды селекциядан өткізудің, асылдандырудың қиындықтары жетіп артылады. Сонымен қатар, әрбір үйден өнім жинап жүру де оңай емес. Оның үстінде әлемдік тәжірибе бойынша кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдаспаған жеке шаруашылықтың болашағынан үміт күту де қиын. Міне, осындай себептерге байланысты осы уақытқа дейін жеке үй шаруашылықтарының қолдарындағы малдар көптеген субсидия түрлерінен құралақан қалып отырды. Олардың қолындағы өнімді жинау мәселесімен де ешкім шұғылданбады. Енді Елбасы тапсырмасы арқылы мемлекет нақ осы адамдар тобына көңіл бөлетін болады. Бұдан былайғы кезеңде олар да мемлекеттік қолдауға ие бола бастайды. Біздің ойымызша нақ осы шешім біздің қазақ халқының, жалпы, Қазақстандағы ауыл халқының өзіндік ұлттық ерекшеліктеріне мән берген, сол ерекшеліктерге сәйкес қолдау шараларын көрсетудің жолдарын қарастырған бірден-бір ұтымды шешім болып отыр. Мұның мемлекетке, жалпы ел экономикасына беретін пайдасы да аз болмас. Өйткені, қазіргі зерттеулер малдың 70-80 пайызы осы жеке шаруашылықтардың қолында екенін, демек, бұл шаруашылықтардың қолында, егер ұйымдастыра білсе, мол өнім көзі бар екендігін көрсетеді.
Сонымен, еліміздегі үй шаруашылықтарын дамыту мақсатында мемлекет алғашқы кезекте қандай мәселелерге мән бермек? Оның шет жағасын біз жоғарыда айтып та кеттік. 670 мың ұсақ өндірушінің тауарлы өндіріске қарай тартылатындығын айттық. Әркім өз қолындағы азын-аулақ малмен отырғанда оларды қалай ұйымдасқан өндіріске тартуға болады? Мұның жолы белгілі. Әлемдік тәжірибедегі мұның ең тиімді тәсілі осындай жеке шаруашылықтардың кооперациясын қалыптастыру және дамыту болып табылады. Міне, мемлекет осындай күрделі мәселені шешуге батыл кірісуді жөн көріп отыр. Біз сөз етіп отырған бағдарламада бұл мәселеге кеңінен мән берілген. Тиісті шаралар қамтылған. Енді осыларға келейік.
Қазіргі күні мемлекет жеке үй шаруашылықтарының кооперациясын қалыптастыру және дамыту мақсатында қанатқақты жобаны қолға алды. Осы жоба бойынша кем дегенде 20 үй шаруашылығы бас қосқан жерде олардың кооперативі ұйымдастырылатын болады. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін жинаудың, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схемалары әзірлену үстінде. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етіледі. Мұнда сүттің сапасын және көлемін анықтайтын құралдар болады. Сүт жинайтын адам белгіленеді және кооператив басшысы сайланады. Бұл үдерістердің бәрі ауыл адамдарының қолдауымен ерікті түрде жүргізіледі. Біздің ойымызша, мұндай шараны ұйымдастыруды ауыл адамдары, яғни жеке үй шаруашылығының иелері қолдауы тиіс. Өйткені, кооперативтің оларға беретін пайдасынан басқа зияны жоқ. Олардың қолындағы өнімдерді тұрақты түрде жинап алу және оларды өткізу мәселесі шешілсе, мұның өзі әрбір үй шаруашылығы иесінің тұрақты кірісін арттыратындығы анық. Яғни ол өз үйінде отырып-ақ, тұрақты жұмыс тапқандай мүмкіндікке ие болады.
Мұның сыртында, мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрып, кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субсидиялар бере бастайды.
Қазіргі күні мал шаруашылығында субсидияның 33 түрі бар. Өткен 2015 жылы мемлекет осы субсидияларға 69 миллиард теңге бөлді. Яғни, осыншама көлемде тегін көмек көрсетілді.
Енді жаңа бағдарлама аясында осы субсидиялардың 34,5 миллиард теңгені қамтитын 6 түрі қайта қарастырылып отыр. Өйткені, бұл субсидияларды бұрын тек ірі шаруашылықтар алып келген болатын. Мәселен, ет бағытындағы субсидиялардың 60 пайызын 19 ірі мал бордақылау алаңы алып келді. Сүт бағытында да осындай жағдай орын алды. Бұл субсидияны алудың бір шарты оны алушының қолында кемінде 400 бас сиыр болу қажет еді. Енді осы талап 100 бас сиырға дейін төмендетілді. Әрине, ауылдағы әрбір үй шаруашылығында 100 бас сиыр бола қоймауы мүмкін. Бірақ 20 адам бірігіп кооператив құратын болса, қолдарындағы мал санын осынша басқа әбден толтыра алады. Міне, олар осылайша мемлекеттің субсидиясына, яғни тегін қолдауына ие болмақшы.
Сонымен қатар, енді кооперативке біріккен үй шаруашылықтары осы арқылы өз қолдарындағы малды тиісті сапалы азықпен қамтуда, оларды асылдандыруда мемлекет қолдауына ие болады.
Жалпы, бұдан былайғы кезеңде бірігіп тірлік құрамыз деген ауылдағы жеке үй шаруашылықтарына басқа да көрсетілетін көмек түрлері бар. мұндай көмектер тек ет пен сүт бағытында ғана емес, сонымен қатар, алдағы уақытта өсімдік шаруашылығы саласында да ұйымдастырылатын болады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда оған онлайн режімінде қатысқан ел өңірлеріндегі шаруа қожалықтарының иелері бұл мәселеге барынша қолдау білдірді. Себебі, аталған іске алдағы уақытта тек жеке үй шаруашылықтары ғана емес, сонымен қатар, шағын шаруа қожалықтары да белсенді түрде тартылмақ.
Басқосу соңында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев журналистермен жолығып, шағын сұхбаттар берді. Қайрат Айтуғанов сұхбат барысында ауылдағы үй шаруашылықтары кооперативтерін құру ісі қазіргі күні қанатқақты жоба ретінде Қарағанды облысының Нұра ауданында қолға алынғандығын, солардың тәжірибесі негізінде бұл істі кеңінен насихаттау қарастырылып жатқандығын айтып өтті. Нұржан Әлтаев жаңа бағдарламаның маңызына тоқтала келе, агроөнеркәсіп кешені саласындағы мұның алдындағы бағдарламалар салалық деңгейде болса, бұл бағдарламаның Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік деңгейге дейін көтеріл гендігін, осыған орай оны жүзеге асыруға тек еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, сонымен қатар, басқа да министрліктердің, экономикалық салалық құрылымдардың қатысатындығын атап көрсетті.
Сонымен, біз «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамалық жобасын ауыл халқы үшін пайдасы мол жаңа бір тарихи шешімді жүзеге асыру құралы ретінде қабылдадық. Іске сәт дейміз ендеше.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»