Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылға деген қамқорлықты мемлекет әрдайым назарда ұстауы керектігін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Студент кезде жаздай ауылға барып, бидай оратынбыз. Қыркүйек пен қазанда барлығын оқудан алып қалып, ауылға жіберетін. Ауылдық жерге барлық жүк көлігін, техниканы, электрикті, әскерді - барлығын жіберетін. Қазір ешбір ферма ешкімді алғысы келмейді. Себебі артық ақша төлегісі жоқ. Сондықтан бұның екі жағы бар. Екі жағының да шешімі бар. Қазір біз ауыл шаруашылығына жыл сайын мамандарды жіберіп жатырмыз. Оларға көтеріңкі жалақы берілуде. Ауыл шаруашылығында өңдеу индустриясы көтерілер болса, жұмыс болады», - деді Елбасы «Хабар» арнасына берген сұхбатында.
Үздік ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев СҚО-дағы «Зенченко» зауытын, Ақмола облысындағы «Родина» ауылын үлгі етті.
«Жастардың барлығы сол ауылдағы жұмыс орнында қалғысы келеді. Онда жастарға үй береді, оқытады. Ол жақтағы жастардың қалада үйі немесе жұмысы болмаса, алып шаһарда олар не істейді?! Сондықтан, ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген азаматтар жастарды сол жерге тартуы керек. Кейбіреулер қалада, кейбірі ауылда тұрғысы келеді. Біз ауылдан шыққан балалар болғандықтан, ауылды аңсаймыз ғой. Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінде жусан туралы үлкен мақала шығыпты. Жусанның иісі адамның денесін сергітеді деп жазыпты. Шынында да, ауылға барсаң, бір түп жусанды жұлып алып, иіскейсің. Иісі аңқып тұрады», - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев осы реттте Сұлтан Бейбарыс туралы фильмді еске алды.
«Ауыл деген – бәріміздің бесігіміз. Ауылға деген қамқорлықты мемлекет назарда ұстауы керек. Жағдай жасауы керек. Техниканы алсын, тыңайтқыштарды көбірек шығарып, өнімділікті арттырып, аз адаммен көп өнім шығаратын жағдайға жетуі керек. Одан қорқуға болмайды. Урбанизацияны ешкім тоқтата алмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.