«Егемен Қазақстан» еліміздегі шет аудандардың мәселесін дер кезінде көтерді. Өйткені, түйткілді түйіндер бар. Кең-байтақ Қазақстанның көршілес елдермен шекарасы жалаңаштанып, көшкен елдің жұрты қалмас үшін тез арада шұғыл шаралар қабылдау қажет. Ресей Федерациясының бес облысымен іргелес жатқан Батыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарына сараптама жасай отырып осыған көзіміз анық жетті.
Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор – Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан Ресей губерниялары осылар. Бесеуі де индустриялы, халық саны да көп, экономикасы да дамыған өңірлер. Ал олармен іргелес жатқан қазақ ауылдары ше?
Шетінен бастайық.
Жол болса, келуші де көп болар еді
Бөкей ордасы облыс орталығынан ең алыс жатқан аудан. Орталығы Сайхын селосы Оралдан 550 шақырым қашықтықта жатыр.
Ауданның территориясы – 1 921 445 га, оның 944 979 гектары Капустин Яр әскери полигонының жері. Орталықтан алыс болған соң ба, бөкейордалықтар ежелден өз еңбегіне, өз күшіне ғана сеніп алған. Соның арқасында ауданда адам саны да, мал басы да жыл санап көбейіп келеді екен. Газбен толық қамтылған, ауыз су әр ауылға жеткізілген ордалықтар негізінен ауқатты тұрады.
– 2016-2017 оқу жылында ауданда 2 465 оқушы 18 мектепте білім алып жатыр. Оның тоғызы орта, тоғызы бастауыш мектеп, – дейді Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева. – Балаларды мектепалды даярлықпен қамту мәселесі де 100 пайыз жолға қойылған. Апат жағдайында тұрған немесе үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Үш жыл бұрын Мәмбет ауылында бастауыш мектеп жабылған еді. Енді ол жерде бала саны қайта көбейіп, мектепті қайта ашу мәселесі көтерілуде. Бисен округындағы Көктерек ауылында мектеп жасындағы және одан төмен 70-ке жуық бала тіркелді, ол жерге жаңа мектеп саламыз ба деген ойдамыз.
Дегенмен, Бөкейде бәрі ойдағыдай деуге келмес. Ең басты түйткіл – жол мәселесі. Оралдан шыққан асфальт жол Жаңақалаға жетіп тоқтайды. Онда асфальт төселмеген. Күз бен көктемде, қысқы боранда тұрғындар жол азабын тартады. 300 шақырымға жуық дала жолы Сандыбадтың сегізінші сапарына мысал болардай.
Бұрын бұл мәселе қалай шешілді? Ауданның батыс бетімен 85 шақырым Ресей Федерациясының Приволжск темір жолы өтеді. Бірақ, қазіргі шекара бойынша Қазақстан аумағына екі мәрте кіріп-шығып өтетін Ресей пойыздары Қазақстанның Жәнібек стансасына да, Сайхынға да тоқтамайды, жүйткіп өте шығады. Себебі, пойыздар тоқтар болса, ол жерге кедендік бақылау, шекара бекеттері ашылып, жолаушылар құжат тексеруден өтуі тиіс. Яғни, аз аралықта мемлекеттік шекараны төрт мәрте кесіп өтетін жолаушылар пойызы көп уақытын жоғалтады. Сондықтан Ресей жағы бірнеше жылдан бері бұл ұсынысты қабылдамай келеді. Аудан, тіпті облыс басшылығының құзырынан тыс, мемлекеттік дәрежеде шешілуі тиіс бұл мәселені бөкейордалықтар мен жәнібектіктер талай мәрте көтеріп жүр.
– Бұрынғы Жәңгір ханның ставкасы орнына көтерілген «Бөкей ордасы» тарихи музей кешені – республикалық дәрежедегі туризм орталығы. 1828 жылы салынған Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Қазынашылық, 1868 жылы ашылған Тарғын учаскелік мектебі, 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық ғимараттар және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына келтірілген мешіт ғимараты тұтас бір композицияны құрайды. Музейге келушілер саны 2016 жылы 17 мың адамға жетті. Оның 5-10 пайызы – шетелдіктер. Шетелдіктердің көбі Ресейдің Самара, Эльтон, Волгоград, Волжский, Мәскеу, Басқұншақ, Палласовка, Орынбор қалаларынан келеді. Әрине, қарым-қатынас, жол мәселесі шешілсе, әйгілі Хан Ордасын көрушілер саны еселеп артар еді, – дейді музей-кешенінің директоры Ғайса Мақымов.
Газ бен су бар, адам керек
Жәнiбек ауданы да облыс орталығының оңтүстiк-батыс қиырында 454 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жәнібек ауданы Ресей Федерациясының Волгоград және Саратов облыстарымен шекаралас. Бұл ауданда да жол, облыс орталығымен қатынасу үлкен проблема. Талов, Борсы, Тау ауылдары аудан орталығы Жәнібек селосынан 100 шақырымдай қашықтықта жатыр. Дәл шекарадағы Борсы ауылындағы Ғ.Қараш атындағы орта мектепте қазір 77 оқушы ғана қалған. Облыстық білім басқармасы берген кестеге қарағанда, 2016 жылы Таловта – 1, Тау мен Борсы ауылдарында 2 сәбиден ғана дүниеге келген.
Көгілдір отын ауданның барлық округіне бірнеше жыл бұрын жеткізілген болатын. Енді шағын елді мекендерге де газ тартыла бастады. Жәнібектіктердің ендігі мәселесі – таза су. Жақында ғана тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауылдық округтердің 8 орталығы орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылғанын хабарлаған. 2018 жылға дейін барлық округке «Ақ бұлақ» жетпек.
Аудан аумағындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 366,8 км болса, соның 95,8 шақырымы республикалық маңызы бар жол. 2015-2016 жылдар аралығында осы жолдың 11,2 шақырымына жөндеу жүргізілген. Биыл «РСУ-1» ЖШС республикалық бюджет қаражаты есебінен «Жәнібек-Қазталов» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 20 км бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 680 мың теңге. Осы ырғақпен жүре берсе, Жәнібекті Оралға жалғау үшін әлі біраз жыл керек болады.
Аудан әкімінің есебіне қарағанда, 2016 жылы 222 сәби дүниеге келіп, 108 адам өмірден өткен. Табиғи өсім – 114 адам. Тым тәуір-ақ. Бірақ, 2015 жылы ауданға 279 адам көшіп келсе, 391 адам басқа жерге қоныс аударған. Сальдо минус 112 болып тұр.
Шыны керек, шекаралық аймақта елді тұрақтандыру кешенді шаралар жиынтығын талап етеді. Туған жерді тастап көшу оңай емес, көбіне мұндай шешімді өзіне сенген, білікті, білімді мамандар қабылдайды. Ал оның орнын басатын, кетікті толтыратын келесі адам кім? Ел ішінде «Мамандардың біліктілігіне байланысты Жәнібек аудандық ауруханасы жабылады екен», деген сыбыс шығып тұр.
Кеңес өкіметі кезінде алыс, тұрмысқа қолайсыз өңір тұрғындарына түрлі қосымша жәрдемақылар төленіп тұрған. «Осындай жеңілдік Оралдан ең шалғай жатқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары тұрғындарына жасалар болса, халықты тұрақтандыруға, жастарды туған жерде қалдыруға ықпал етер ме еді», дейді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева.
Ресейде бөлімшеге дейін жол бар
Қазталов ауданы Ресейдің Саратов облысы Александров-Гай ауданымен шектеседі. Аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық – 330 шақырым.
1990 жылдардың ортасындағы оңтайландыру науқаны тұсында Қазталов ауданы тарап кете жаздаған. Бірақ сол кездегі облыс басшылығы Қазталовты сақтап, керісінше, халқы көп, әлеуеті мықты Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданын таратып, Қазталовқа қосты. Ел дүрлігіп, дүмпуі Алматыға дейін жеткенімен, «Шекаралық ауданды таратуға, ел шетін жалаңаш қалдыруға болмайды!» деген уәж басым түсті. Бүгінде аудан құрамына 16 әкімшілік-аумақтық бөлініс кіреді. Халқы біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп жатыр.
Қазталовтың хал-жайын білу үшін шекарадағы екі ауылдың жағдайына тоқталайық. Қараоба ауылы – аудан орталығының ар жағында 72 км жерде орналасқан қиырдағы елді мекен. Дәл шекарада тұр. Қазталов-Жәнібек күре жолынан да 60 шақырымның үстінде қашық. Сондықтан, бұл ауыл да әсіресе биылғыдай қарлы қыста жол азабын көріп-ақ жатыр.
– Дегенмен, біздің ауылдың жағдайы жақсы, – дейді округ әкімі Нұрлығали Дүйсеков. – Қазталов ауданы бойынша болашағы бар, «тірек ауыл» деген мәртебеге ие 3 елді мекеннің біріміз. Қараобада 1564 адам тұрады. Әр үйге көгілдір отын мен таза су кіріп тұр.
Шынында да, халықаралық газ магистралінің бойында орналасқан Қараоба ауылына көгілдір отын 1992-1993 жылдары берілген. Ауыз су 2012 жылы тартылған. Шәкірттерінің оқу үлгерімімен үнемі алда жүретін Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназияда 311 оқушы оқиды. Еңбек деген елді мекенде 25 оқушы білім алатын бастауыш мектеп, клуб, медпункт, кітапхана жұмыс істейді екен.
– Біздің ауылда көшу жоқ, керісінше, жыл сайын 5-6 үй салынады. Босап қалған үй жоқ. Ауылымызда «Қазтрансгаз» мекемесінің филиалы, «Семсер» күзет фирмасының филиалы бар. Онда 50 шақты адам жұмыс істейді, жалақы жоғары, – дейді Нұрлығали Сағынғалиұлы.
Шекаралық елді мекен тұрғындарына арналған «жеңілдетілген пункт» арқылы қараобалықтар Ресейдің іргелес елді мекендеріне барып тұрады екен.
– Жақында Жәнібектен өтіп, Палласовкаға барып қайттым. Байқағаным – Ресейде қымбатшылық. Қазір орыстар бензинді бізден алады. Біздің ауылдармен салыстырғанда орыс ауылдарының жай-күйі жүдеулеу көрінді, – дейді Н.Дүйсеков.
Қазталовтың Ресеймен іргелес жатқан тағы бір елді мекені – Қайыңды ауылы. Қара өзеннің жағасында, нағыз шекарада орналасқан ауыл. Өзеннің арғы беті – Ресей, бергі беті – Қазақстан. Округте 1300-дей халық тұрады, Қайыңды орта мектебінде 139 оқушы бар.
– 1-6-сыныптарда оқушы саны жыл сайын өсіп келеді. Ал 7-ден кейін қалаға, Назарбаев зияткерлік мектебіне, басқа да лицейлерге ауысатындар көп. Қайыңды – белгілі боксшы Дәурен мен Данияр Елеусіновтің туған ауылы ғой. Бізде бокс өте жақсы дамыған. Әйгілі жерлестеріне еліктеп, спорт жолын қуған жастар да көп. Марат Елеусіновтің өзі бірнеше баланы Астанаға, олимпиадалық мектепке алып кетті. Осылайша жоғары сынып оқушылары азайып қалады, бірақ оған ренжи алмаймыз, – дейді мектеп директоры Серікжан Сүлейменов.
Бұл ауыл да көгілдір отынның қызығын тым ерте, 1987 жылдан-ақ көре бастаған. «Таза су» бағдарламасы бойынша ауыз суды тазартқыш қондырғыдан алып келген екен. Енді 2017 жылы ауылдағы мектеп пен балабақшаға «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша құбырмен су тартылмақ. 2018 жылы бүкіл ауылға тартылады.
Бұл ауыл да тек жол жоқтығынан жапа шегіп отыр. Тасқала бағытындағы асфальт жолға дейін 85 км, Жалпақталға дейін 60 км даланың қара жолымен жүруге тура келеді.
– 2006-2007 жылдары ұрлық көп болды. Шекарадан әрі өткен малды олар жоқ қылатын, бері өткен малды біздікілер бермей кететін. Қазір ол тыйылды. Оның үстіне, шекарашылар да даладағы шекара бойына сым тартып, мемлекеттік шекара белгілерін қойып жатыр, – дейді С.Сүлейменов.
Қайыңдыдан Александров-Гай қаласы (қазақтар Алғай дейді) 14 шақырым ғана. Әуелден ауылы аралас, қойы қоралас, ағайын болып кеткен ел ғой. Бірақ Алғайға бару үшін қайыңдылықтар Қазталовпен айналып, «Фомин» бекетіне барады. «Тәртіп бойынша шекарадан жұма күні кірсек, жексенбі күні екінтіден қалмай кейін шығып кетуіміз керек. Бір кереметі, Ресейде жол жақсы. Бөлімшелеріне дейін қатты жол салып тастаған», дейді мектеп директоры.
Лимиттің шегінде тұрған мектептер
Тасқала ауданы облыстың солтүстік-батыс бөлігінде, Қазақстан мен Орталық Азияны Ресейдің еуропалық бөлігімен қосатын темір жол мен Орал-Саратов автокөлік жолының бойында орналасқан. Саратов облысымен шектеседі.
Ауданның жалпы аумағы 806,1 мың гектар, халық саны 2014 жылдың 1 қаңтарына 17,6 мың адам болды. Аудан орталығы – 7,9 мың халқы тұратын Тасқала ауылы, Орал қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан. Оралды Ресейдің Саратов қаласымен жалғайтын бұл жол екі жылдан бері күрделі жөндеуден өтуде.
Аудан әкімі Санжар Әлиевтің жақында ғана халық алдында берген есебіне қарағанда, тұрғындардың 96,7 пайызы көгілдір отынмен, 92%-ы орталық су жүйесімен қамтылған. Ауданда ауылшаруашылық тауарларын өндіретін 329 шаруа қожалығы бар екен. Соның 181-і мал шаруашылығымен айналысса, 102-сі егін мен мал азығы дақылдарын өндірумен шұғылданады.
Енді шекаралық ауылдар болашағының индикаторы – білім беру нысандарындағы жағдайға келейік. Облыстық білім беру басқармасы дайындаған кестеге қарағанда, Тасқаланың Мереке, Достық, Ынтымақ, Бастау, 2-Шежін, Амангелді ауылдары шекара бойлай орналасқан. Бұл ауылдағы мектептерде жалпы саны 569 оқушы білім алып жүр екен. Мәселен, Достық ауылындағы Семиглавый Мар орта мектебінде – 91, Ынтымақтағы Крутой негізгі мектебінде – 42, бастаудағы Вавилин бастауыш мектебінде 5 оқушы ғана тіркелген. Бұл – Үкімет қаулысымен бекітілген лимиттің ең төменгі шегіне тіреліп тұрған көрсеткіш. Жоғарыда аталған ауылдарда соңғы үш жылда дүниеге келген сәби саны да саусақпен санарлық екен. Болашақта не болады?
Жыл бойы бір шілдехана болмаған ауыл
Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан. Аудан аумағы 7,4 мың шаршы шақырымды құрайды. Орталығы Переметный ауылы облыс орталығы Орал қаласына ең жақын, 38 шақырым жерде орналасқан. Таратылып, Зеленовқа қосылған Приурал ауданының ауылдарын қосқанда мұнда 22 ауылдық округ, 68 елді мекен кіреді. 2017 жылдың басында Зеленов тұрғындары 54,4 мың адам болыпты. Аудан Ресейдің 3 облысымен шектеседі.
Зеленов ауданы аумағынан 3 халықаралық дәрежедегі Самара – Шымкент, Орал – Саратов, Атырау – Самара автомобиль жолдары және Киев – Мәскеу, Ташкент – Саратов темір жолдары өтеді.
Бір қарағанда бай, қуатты болып көрінетін Зеленов ауданында да шекаралық ауылдар бос қалып, ел іргесі жалаңаштанып жатыр. Әсіресе Чиров, Сұлукөл ауылдарындағы мәселе күрделі. Табиғаты керемет, жері құнарлы, газ бен су жеткізілген ауылдан тұрғындар неге кетеді?! Облыстық білім басқармасы дайындаған кестеге көз салсақ, Зеленов ауданындағы Егіндібұлақ ауылының орта мектебінде 76 оқушы қалған. «Орта мектеп» дәрежесі үшін кемінде 81 оқушы болуы керектігін ескерсек, бұл білім ошағы қайта құрылып, «негізгі мектепке» айналуы бек мүмкін. Чувашка ауылындағы орта мектеп оқушыларының саны 88-ге түсіп, шағындалып келеді. Чиров, Сұлукөл, Кирсанов ауылдарындағы негізгі мектептерде бала саны тиісінше 43, 44, 43 болып, тақыл-тұқыл тұр. Үкімет қаулысы бойынша оқушы саны 41-ден азайса, негізгі мектеп жабылып, бастауышқа айналуы тиіс.
Жоғарыдағы ауылдарда 2016 жылғы бала туу көрсеткішін қарадық: Железнов ауылында – 5 бала, Шалғай ауылында – 4 сәби, Погодаевта – 3 сәби, Егіндібұлақ, Раздольный ауылдарында 2 сәбиден, Чувашка, Сұлукөл, Кирсанов ауылдарында 1 ғана сәбиден дүниеге келген. Ал Чиров ауылында жыл он екі айда бір де бір шілдехана болмапты.
Статистикаға қарағанда, 504 адам тұратын, Ресей Федерациясы шекарасынан 1,5 км орналасқан елді мекеннің басынан неге бақ тайып барады? Округ орталығы аты бар елді мекенде орта мектеп түгілі, негізгі мектептің жабылып қалу қаупі бар. Неге?!
– Ауыл халқының, жастардың туған жерде тұрақтамауының бір себебі – елді мекен маңында кәсіпкерлікпен айналысуға, мал өсіруге бос жер қалмағандығынан, – дейді «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров. – Сондықтан, ауыл маңында жалға беріліп кеткен жерлер кейін қайтарылып, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берілген кезде бұл ауылдардың екінші тынысы ашылады деп сеніп отырмыз.
Чиров ауылының әкімі Николай Петрович Штыктің пікіріне құлақ түрейік:
– Ауылымызда су жүйесі, электр қуаты, газ – бәрі бар. Барлық әлеуметтік маңызды нысандар жұмыс істеп тұр. Алайда соңғы жылдары халық саны азайып жатыр. Неге?! Мәселенің бәрі мектептердің жабылуынан, орта мектептердің негізгі мектепке, одан бастауышқа айналуынан. Мектеп дәрежесі кішірейген сайын мұғалімдер де қысқаруға ұшырайды. Сағат саны азаяды. Сөйтіп, көшу – қысқаруға, қысқару – көшуге себеп болады.
Николай Петровичтің айтуынша, Чиров ауылымен көршілес орналасқан Ресей ауылында 27 оқушы қалғанына қарамастан, орта мектеп мәртебесі сақталған көрінеді. Өйткені орыстар шекаралық елді мекенді сақтау үшін осындай қадамға барған. Бізге неге солай жасамасқа?
Қазыналы ауданның қарқыны тәуір
Қазыналы Қарашығанақ орналасқан Бөрілі ауданы облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігінде Жайық өзені бойымен Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі. Аудан аумағы 5556 мың шаршы метрді құрайды. 2016 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, аудандағы халық саны – 55393 адам. Аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық – 140 км.
– Бөрілі ауданының Ресеймен шекаралас ауылдарында 10 мектеп бар. Бір тәуірі, бұл мектептерде жылдан-жылға бала саны көбейіп келе жатқаны байқалады. Мысалы, Бумакөл ауылындағы бастауыш мектепте 2015-2016 жылы 70 оқушы білім алса, биыл оқушы саны 89-ға жетті. Бөрілі ауылындағы қазақ мектебінде де бала саны артып, негізгі мектептен орта мектепке айналды. Мұнда 20 балаға арналған интернат жұмыс істейді, – дейді БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова.
Шекаралық ауданға ерекше көзқарас керек
Шыңғырлау ауданы облыстың шығыс бөлігінде орналасқан. Аумағы – 7,2 мың шаршы шақырым. Аудан тұрғындарының саны 2017 жылдың 1 қаңтарында 14797 адам болған.
Ауданда екі шекара өткізу бекеті орналасқан. Ауданның бір аумағы Ресеймен шекаралас. Орынбормен қоңсылас жатқан Шыңғырлау ауданында халық саны жылдан-жылға төмендеп келеді. Өткен жылы ауданда 173 сәби дүниеге келіп, 122 адам дүниеден өткен. 402 адам көшіп келіп, 572 адам көшіп кеткен. Теріс сальдо 170 адам болып отыр.
Біздегі мәліметтер бойынша, мектепте оқушы санының аздығы, жылдан-жылға мектептердің қысқаруы салдарынан 2014-2015 оқу жылында 1 орта мектеп негізгі болып, 4 негізгі мектеп бастауыш болып қысқарған. Бір бастауыш мектеп жабылған. Қазіргі уақытта ауданда 16 мектеп, 2000-ға жетпейтін оқушы қалған.
– Табиғаты әсем, тіршілікке қолайлы болғанымен, Шыңғырлау ауданының көптеген елді мекені аудан орталығымен байланыса алмайды. Ащысай мен Амангелдіден басқа ауылда жол жоқ, көктем, қыс, күз айларында қатынас қиындайды. Тасмола, Белогор, Полтавка, Қарағаш, Ақсуат ауылдарында ұялы байланыс желісі, интернет жоқ. Ащысай, Амангелді ауылдарына ауыз су аудан орталығынан тасып жеткізіледі, суды тұрғындар сатып алады, су тасымалдайтын көлік жетіспейді, – дейді 2016 жылдың күзіне дейін осы ауданда тұрып, мұғалімдік қызмет атқарған, бүгінде Орал қаласына көшіп келген Ақылбек Есеналин.
– Шекаралық ауылдардың жойылып бара жатқаны біздің жанымызға да қатты батады, – дейді Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов. – Үкімет қаулысымен бекітілген лимит бізге қолбайлау болып тұр. Ол бойынша негізгі мектепте бала саны 41-ден азайса, мектеп жабылып, бастауышқа айналуы тиіс. Мысалы, Електің бойында, нағыз шекарада Шоқтыбай деген ауыл бар. 60 шақты үйі бар, халқы еңбекқор. Алайда мектепте бала саны биыл 38-39-ға түсіп кетті. Заң бойынша енді мектеп жабылуы тиіс.
Қалияр Шадиярұлының пікірінше, Үкімет қаулысында шекаралық ауылдардың жағдайы ескерілуі керек.
ТҮЙІН
Міне, Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен іргелес жатқан жеті ауданындағы жағдайға шолу жасағанда байқағанымыз, ауыл болашағының кепілі мектеп екендігі анық көрінді. Ауылды мектеп сақтайды, ал мектепті кім сақтайды?
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы