ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлерде малдан түсетін табысты есептеу қайтадан қаралатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бүгінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматы бойынша өтініш қабылдау аясында тиісті комиссиялар жұмыс істеп жатыр.
«Біз жергілікті әкімшіліктерде айтқан болатынбыз, комиссияны құрған кезде адамдар көп болуы керек. Әсіресе, комиссия ауылдық жерлерде қандай табыс бар екенін айтады. Өңірлерге барғанда тиісті ұсыныстарды естіп жүрміз, осы орайда тиісті норманы қайтадан қарайтын боламыз. Біздің ойымызша, бір жылқыдан немесе сиырдан түсетін табыс қайтадан қарастыруды талап етеді. Қазір Премьер-Министрдің бізге берген тапсырамыс бар, бұл тұрғыда Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлігі аталған норманы пысықтап, өзгеріс енгіземіз», - деді Бердібек Сапарбаев елордада тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматы аясында, яғни республика бойынша 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындауға өтініш қабылдануда.
Осы орайда бүгін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығында жиналған тұрғындармен кездесті.
Атаулы әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрмысы төмен барлық отбасыларға беріледі. Бір үйді табысын есептегенде тек жақын туыстардың бір айда табатын ақшасы ғана ескеріледі. Олардың ішінде ата-аналар, балалар, әкесі бір, шешесі бөлек ағайындар, ата-әжелер бар. Бұл дегеніміз, осы адамдар бірге тұрса, олардың табысы бір отбасының кірісі ретінде саналады. Қосалқы шаруашылық та кірістің көзі болып есептеледі.
Алайда басқа әлеуметтік төлемдер есепке алынбайды. Соның ішінде көпбалалы отбасының қазіргі мемлекеттік жәрдемақысы (4,16 АЕК - 10 504 теңге), «Күміс алқа» мен «Алтын алқаның» төлемақысы (6,4 АЕК - 16 160 теңге), мүгедек балалардың жәрдемақысы мен стипендиялар бар.