Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өздігінен жұмыс істейтін құрал-жабдықтардың бағасы қалыпты деңгейге түсті. Сол себепті де роботтарды пайдалану кең етек ала бастады. Бұл машиналар түрлі істерді атқарып, жұмыс тиімділігін арттырады.
Басқарусыз жүретін тракторлар жер жыртып, егіс егіп, су мен дәрі бүркіп, арам шөп тазарта алады. Бұл үрдіс Канада мен Аустралиядағы шағын стартаптардың арқасында көптеген сарапшының болжауынан әлдеқайда ерте басталып кетті.
Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласының көшбасшылары «Deere» және «CNH Industrial» компаниялары өз өнімдерін қашан шығаратыны әлі белгісіз. Ал Канаданың Саскачеван аймағында орналасқан «Dot Technology» фирмасы көктемгі егін жұмыстарын толық автоматтандырған құрал-жабықтарын сатуға кіріскен.
Аустралияда «SwarmFarm Robotics» компаниясы арам шөп жоятын роботтарын лизингке беріп жүр. Олар сонымен қатар шөп орып, оны буа алады. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл роботтар әдетте мұндай жұмыс атқаратын машиналардан едәуір кіші әрі ақылды.
Аустралияның «Arcturus Downs» фермасының басқарушысы Сэм Брэдфорд өткен жылы «SwarmFarm» компаниясының сынамалы бағдарламасына қатысқан. Ол егістердегі арам шөпті жою үшін төрт роботты пайдаланған. Осыған дейін Брэдфорд мырза бұл мақсатта ұзындығы отыз алты метрден асатын, ал салмағы он алты тоннаға жететін бүріккіш машинаны қолданған. Ол химикаттарды бүкіл егін алқабына себетін.
Роботтар бұл жұмысты нақты әрі дәл атқарған. Олар өсімдіктердің түсін ажыратып, химикаттарды тек арам шөпке сепкен. Ауданы сексен гектардан асатын алқапта осындай жұмыс жылына екі-үш рет өтеді. Брэдфорд мырза роботтардың көмегімен химикаттарға жұмсайтын шығынының сексен пайызын үнемдеген.
«Қыруар қаражат үнемдеумен қатар, аз мөлшерде химикат қолдануымыз қоршаған ортаға да пайдалы. Айналамыздағы өзендер Аустралияның шығыс жағалауындағы Үлкен маржан кедертасына ағылады. Сондықтан осы нәзік экологиялық жүйені сақтауда өз жауапкершілігімізді түсінеміз», - дейді ферманы он жыл бойы басқарып келген Сэм Брэдфорд.
Әрине, шығындарды үнемдеудің де маңызы зор. Өйткені ұзақ жылдарға созылған өнімдер бағасының төмендеуі ауыл шаруашылығының табысын азайтты. Дәнді дақылдар бағасының көрсеткіші саналатын «Bloomberg Grains» индексі 2012 жылдан бастап елу пайызға құлдыраған.
Тұқым өсіру саласында және тыңайтқыштар қолданудағы жетістіктер егіс өнімділігінің күрт өсуіне әкелді. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тартысы да ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортына кері әсерін тигізіп жүр. Осындай ауыр жағдайда өндірушілер өз кәсібін оңтайландыру жолдарын қарастырып отыр.
Фермерлерге ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің келесі кезеңіне өту қажет. «SwarmFarm» компаниясының бас директоры Эндрю Бейттің айтуынша, роботтардың көмегімен өнімдерді өсірудің ең озық тәжірибелерін енгізуге болады.
Саскачеванда биыл көктемде «Dot» фирмасының өздігінен жүретін тракторлары егіс алқаптарына шыққан. Алайда биыл олардың жұмысын адамдар қадағалап отыр. Шектеулі санмен өндірілген мұндай құрал-жабықтарды сатып алған фермерлер бақылауы тиіс. Сынамалы жоба табысты болса, келесі жылы тракторлар адам басқаруынсыз бар жұмысты атқарады. Сонда фермерлердің көп уақыты үнемделіп, оны өзге шаруаларына бөле алады. «Dot» компаниясының бас директоры Лиа Олсон-Фризеннің айтуынша, фермерлер үнемі бір мезгілде бірнеше істі тындырып жатады.
«John Deere Labs» компаниясының басшысы Алекс Парди бұл пікірмен келіседі. Фермерлер трактор жүргізумен қатар, әр егіс алқабына сәйкес шешімдер қабылдауы тиіс. Оның сөзінше, қазіргі технологиялар адамды толығымен ауыстыра алмайды. Сол себепті «Deere» өздігінен істейтін құрал-жабықтарды әлі шығарған жоқ. Одан гөрі фермерлерге жұмыста автоматтандыруды қолданатын машиналар тиімді дейді ол. Жасанды интеллект, машиналық оқыту және компьютерлік көру салаларының жетістіктері ауыл шаруашылық техникаларын өзгертуге көмектеседі.
«Автоматтандыру – соңы көрінбейтін жол, уақыт өткен сайын жақсаратын дүние көп. Жетілдірудің осындай мол мүмкіндіктері болғандықтан, біз автономиядан гөрі автоматтандыруға басымдық береміз», - дейді Парди мырза.
«Заманауи трактор мыңдаған түрлі істі атқарады. Өздігімен істейтін трактор шығару үшін осы істердің әрқайсысын терең түсініп, автоматтандыру қажет». Бұл «CNH Industrial» компаниясындағы өздігінен жүретін көліктер шығару бөлімінің басқарушысы Бретт МакКлелландтың айтқан пікірі.
2016 жылы «CNH Industrial» өздігінен істейтін трактордың әдемі бір нұсқасын жұртшылыққа көрсеткен болатын. Алайда ол әлі сынақ кезеңінде, саудаға да түскен жоқ. Қазіргі машиналар кейбір істерді атқару үшін тым үлкен көрінуі мүмкін. Осы істер шағын машиналардың қолынан келсе де, олар бір метрден аса тереңдікте егілуі тиіс сәбіз үшін топырақты дайындауға қауқарсыз дейді Макклелланд мырза.
Әйтсе де, Огайо штаты университетінің профессоры Скотт Ширер машинаның үлкенірек болуы міндетті дегенге келіспейді. Қазіргі тракторлардың салмағы жиырма үш тоннадан асады. Олардың топыраққа жасайтын қысымы жер өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Тракторларды жеңілдетіп, егіс өнімділігін жеті пайызға арттыруға болады.
Осылайша, технологиялардың дәлдігін арттыру шағын роботтарды қолдануға жол ашады. Жоғарыда айтылған Брэдфорд мырзаның егіс алқаптарында химикаттар тек қажет жерде ғана қолданылған.
«Күнелту үшін фермерлер үнемі кәсібін жүргізудің тиімді жолдарын іздеп, шығындарын қысқартып, егіс өнімділігін артыруға тырысады. Осыған жетудің амалы – дәлдік, қажетті істерді дер кезінде жасау және үлкен аудандарға төгіп шашпай, тек қажет жерлерін өңдеу. Мұнда роботтар дәл осы мақсатпен жұмыс істейді», - дейді Брэдфорд.
Мақаланың түпнұсқасы: independent.co.uk