© AFP 2022 / HECTOR RETAMAL
Қазақстанда әуе компаниялары ұшуға шектеу қойылатын жолаушылардың тізімін жасайды. Бұл туралы азаматтық авиацияны дамыту мәселелері жайлы салалық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әуе компанияларына ұшуға шектеу қойылатын адамдардың жеке тізімін жасауға мүмкіндік беретін норма енгізілмек. Оған ұшақта тәртіп бұзған және онысы заңмен дәлелденген жолаушылар ғана енуге тиіс", - делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ ИИДМ Азаматтық авиация комитеті алдағы екі жылда ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-тен асырып, ИКАО аудитінен сәтті өтуді көздеп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ке дейін көтерді. Бұл – орташа әлемдік көрсеткіштен 15%-ке жоғары.
Бұдан бөлек, АҚШ-қа тікелей рейстер ашу аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ көлік қауіпсіздігі әкімшілігі арасында ынтымақтастық жалғасады.
Ведомство мәліметінше, елімізде әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында 6 нысанда жұмыс жүріп жатыр. Олар: Шымкент әуежайы жаңа терминалының құрылысы, Орал әуежайының терминалын, Қостанай әуежайының аэровокзал кешенін, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын, Үржар және Үшарал әуежайларын жаңғырту жобалары.
Сонымен қатар, кеңесте саланы әуе отынымен қамтамасыз ету, тарифтік саясат және мамандарға қатысты мәселелер талқыланды.
ИИДМ мәліметінше, жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты авиаотын тапшылығы туындайды. Қазір жағдай біршама тұрақтанды, алайда мәселені жүйелі шешу үшін министрлік қысқа және ұзақ мерзімді перспективаға ұсыныстар дайындап, оларды энергетика министрлігімен бірге пысықтап жатыр.