03 ақп, 2020 сағат 13:03

"Аудармаға "әдебиеттің ашынасындай" қарауды доғару керек"

Аударма – адамзат мә­дениетінің алтын көпірі. "Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды" деген сөз бар.

Орыстың ұлы шайыры Пушкин “аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін пошта аттары” деген екен.

Жұмекеннің де “кей аударған ақындарыма түйе жүн шапан кигіздім” дейтіні есіңізде шығар...

Сөзсіз, көркем аударманың бүгінгі картинасы бұлыңғыр. Өйткені бізде қазір жаман тенденция пайда болған. «Бастысы – тәржімаласақ (автордың кім екені, таңдалған шығарманың қандай екені, астарында жатқан салмақты ойдың оқырман санасына жетуі, өз нұсқаңдағы мәтін мен формадағы өзгеріс, оның сапасы һәм жалпы қателіктері маңызды емес), қағазға түскен дүниені оқылымы жақсы бір жерге жарияласақ, шаруа осымен тәмам. Жоқтан тәуір» деген қараңғы адамның түсінігі туралы айтып отырмын. Әлбетте, «қазаншының өз еркі - қайдан құлақ шығарса»... Советтік жүйеге өш, бірақ санасы “капиталистік көзқарастар мен демократиялық қоғамның түсініктерін” ауырсынып, оларды толық қабылдай алмай жүрген Қазақстандағы жаңа формацияның адамы, яки болашақ өзгерістерді жасаушы буын таңдау еркіне, өзге де азаматтық құқықтарға ие екеніне дау жоқ. Содан да шығар, олар не жазу керек екенін, қалай жазу керек екенін, кімді оқып-кімді ұсыну қажет екенін ойлап, аса бір толғана қоймайды. Оқырманның сұранысы, оның талғамы, уақыт талабы (қоғамдық-әлеуметтік проблемалар, зорлық-зомбылық, нәсілдік кемсітушілік, яки дискриминация, адам құқықтары, күнделікті саяси процесстер – өз бетімізді басқан жараның бәрі) – тырнақша ішіндегі қазақтың орта буын һәм жас әдеби интеллегенциясы үшін маңызды еместей көрінеді кейде. Оның айғағы – кітап дүкендерінің қазақ бөліміндегі тым жұпыны көрініс.

Біз білетін және жиі баратын «Меломан» мен «Книжный городты» алсақ болады. Ол жерлерден аударма түгілі, көзі тірі авторлардың, шығармасында өзекті, ауқымды тақырыптар қозғалған бір кітабын таба алмайсыз. Кей қаламгер мен бірең-сараң өнер адамының түрлі-түсті жинақтарын ғана көреміз. Әлемде әлдеқашан талқыланып үлгерген бестселлерлердің біреуін ата тілімізде өз уақытында оқыған күніміз болмады. Классика туралы айтпай-ақ қойдық. Нобель сыйлығын алғандардың да том-том дүниесі жатыр ағылшынша, орысша, түрікше, немісше сайрап. Шын мәнісінде, соңғы жиырма жылда біздің қауым осы ахуалға опынғандай боп, мемлекетті кінәлауды, билік басындағы жекелеген адамдарды табалауды ғана жақсы меңгергендей. Өзімізге «кімнің кесірі, не үшін осындай күйдеміз, проблема өзегі не?» деп сұрақ та қойып көрмедік.

Мәселен, белгілі қаламгерлер аудармаға отырып, баспалармен байланыс орнатпайды. Ірі сомалар дәмете ме, талаптары ұнамай ма, деңгейім жетпейді деп күйіне ме, әлде жеке шығармашылығын ойлап немесе даңқ аллеясында шапқылап жүріп уақытын зая кетіргісі келмей ме, Құдай білсін. Сосын осы олқылықтың орнын толтырам деп үстел басына небір жолбике отырады. Ал ондай авторлардан “сапалы өнім” күтудің өзі – далбаса әңгіме.

Анау ұрлап оқитын қалың көк кітаптар, алақандай ақ кітаптар, мұқабасы көшірме қара кітаптар есіңізде шығар?! Солардың айналасында бірнеше жыл бойы даулы әңгімелер жүрді ғой. Ішіндегі дүниелерге қатысты. Мүлде қолға алмайтындай болдық. Ұлттық кітапхана жасатқан сапасы сын көтермейтін тәржімә ше? Тоғыз авторымыз БҰҰ-ның бес тіліне аударылды деп сүйіншілеп ек. Жарыса жаздық. Бөркімізді аспанға аттық. Кейін қалай болды? Бәріміз жан-жақтан сынадық, мінедік. Арасында өзіміздің ағалар да, қатарластар да бар. Не вы первые, как я понимаю, не вы последние... (Сөз арасында қоса кетейін. 2002 жылы Норвегия кітап клубының Нобель атындағы Норвегия университетімен бірлесе отырып жасақтаған, 100 жинақтан тұратын «Әлемдік кітапхана» сериясына Лев Толстой (3), Николай Гоголь (1), Федор Достоевский (4), Антон Чехов (1), Владимир Набоков (1) сынды орыстың ұлы жазушыларының туындылары енген. Барлығы әділетті болуы үшін 54 елден келген 100 қаламгер дауысқа салып, арнайы таңдау жүргізген. Міне, қазаққа жақсы таныс бес автор қалдырған мұраның өзге елдердің оқырмандары мен әдебиеттанушылары, сондай-ақ белгілі сыншылары тарапынан “әлем әдебиетінің ұлы шығармалары қатарынан ойып тұрып орын алатын елеулі дүниелер” деп бағалануына аударманың тигізген әсерін жоққа шығара алмайсыз ғой...)

Студент кезде: “Кей универлерде ғалымдар үлкен дүниелерді шәкірттеріне аудартады. Баға үшін олар барын салады. Сосын ұстаздары дайын қалпында жариялай береді” деген әңгіме жиі айтылатын. Мұның қаншалықты рас екенін білмеймін. Бәлкім, жәй аңыз да шығар. Бірақ аударма саласындағы “бүгінгі картина” дәл осындай ситуацияның әр жақ, бер жағында екеніне сенуге болады.

Мемлекет тарапынан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» сынды жобалардың қолға алынып жатқанын білеміз. Ол да – қажырлы еңбектің жемісі. Жоққа шығара алмаспыз. Дегенмен сол шаруаға бел шешіп кіріскен Ұлттық аударма бюросының тізімінде неге ғылыми-философиялық еңбектер ғана жүр. Сөзсіз, көпшілігі – қазақ оқуы тиіс дүние.  Бірақ жастарға қажет көркем шығармалар ше?! Әлем әдебиеті классиктерінің ұлы еңбектері қайда? Оларды кімге қалдырдық?..

Құрығанда бер жағындағы Кингті, Муракамиді, Коэльоны, Хоссейниді, Чхартишвилиді, Харрариді, Дэн Браунды, Пелевин мен Аствацатуровты да, Букер мен Гонкурды, Пулитцер мен Астрид Линдгрен атындағы, қала берді өзге де елеулі әдеби марапаттарды алған авторларды оқи алмай жүрміз ғой.

Ұят деген мынау. Мен сізге соңғы жиырма жылдың ішінде әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иесі атанған авторлардың есім-сойын келтірейін: Гюнтер Грасс (1999), Гао Синцзянь (2000), Видиадхар Сураджпрасад Найпол (2001), Имре Кертес (2002), Джон Максвелл Кутзее (2003), Эльфрида Елинек (2004), Гарольд Пинтер (2005), Орхан Памук (2006), Дорис Лессинг (2007), Жан-Мари Гюстав Леклезио (2008), Герта Мюллер (2009), Марио Варгас Льоса (2010), Тумас Транстремер (2011),  Мо Янь (2012), Элис Мунро (2013), Патрик Модиано (2014), Светлана Алексиевич (2015), Боб Дилан (2016), Кадзуо Исигуро (2017), Ольга Токарчук (2018), Петер Хандке (2019). Міне, әзірге осы тізім де жетеді. Қараңызшы, лек-легімен қалды ғой, аңыз-әфсаналардың кейіпкерлеріндей “болашаққа сәлем айтып”.

Меніңше, қарасыны сұйылып, белгілі бір дәрежеде өркениеттен шетқақпай қалған, діни һәм нетүрлі тобырлық уағыздан ақыл-есі мүжілуге тақаған біздің тәубашыл қауым "қолдан жасалған құдайлар" мен каудильолардың емес, дәл осы титандардың, дара қаламгерлердің суреттеріне қарап ұялуы керек. Осылардың біреуі қазақ тілінде толық сөйлемей жатып, кітапханаларымыздың төріне шықпай жатып, қалай аударма және оның сапасы жайында мәселе көтере аламыз?! Демек, бізде тамырын тереңнен алатын “жаңа аударма мектебі” қалыптаспаған деп айтуға толық негіз бар ғой?! (Өз уақытында шама-шарқынша бәрі де аударып көрген болуы керек. Классиктер тәржімалаған шығармаларды да “басына ай қадап, үстіне гүл төсеп”, керексіз дүниедей ысырып тастай алмаймыз. Олардың ішінде де таңдаулысы бар).

Бұл сөзіме қабырғалы қаламгер, аудармашы, марқұм Кеңес Юсуптың пікірі дәлел бола алады. «Негiзiнде бiзде аударма жөнiнен үлкен мектеп қалыптасқан жоқ. Рас, жақсы аудармашылар болды. Ол кiсiлердiң көбi өмiрден өтiп кеттi. Ендi осы салада жаңаша көзқарас керек болып тұр. Өйткенi, бұл – өте қажет өнер. Оны басқа елдегiлер биiк деңгейде бағалап отыр. Өкiнiшке қарай, бiзде ондай көзқарас та әлi қалыптаса қойған жоқ. Аударма – мәдениеттердiң жақындасуы. Бiз бәрiн бiлiп, тани бiлгенiмiз дұрыс. Мәселен, «Мураками неге керек?» дейдi біреу. Ол да қажет. Оны да оқитын адам табылады» дейді ол.

Ал, мынау – Мориц Готлиб Сафир деген жөйттің әйгілі бір ұлының сөзі. “Аударма әйел секілді: шынайы болса, көрікті емес, ал көрікті болса, шынайы емес”. Зілді кекесін.

Рас-ақ. Бізде біреу дәлме-дәл аударады да, ұсынған дүниесі көркемдік һәм құрылымдық жағынан ақсап тұрады. Екіншісі – нашар, яки қате аударғанымен, жоғарыда келтірілген маңызды компоненттерді толықтай болмаса да, сақтағанын байқай аламыз (Бұл, әрине, өлеңді жақсы құрайтын, шығармада сөз «ойната алатын» қыз-жігіттің қай-қайсысының да қолынан келетін іс). Демек, айна-қатесіз жазылған, барлық әдеби канондарға сәйкес көркем де мінсіз дүние жоқтың қасы.

Асылы, аудармаға әдебиеттің ашынасындай қарауды доғару керек. Ол да – көркем өнердің (высокое искусство) үлкен бір бөлігі. Сонда ғана өзгеріс болады. Талаптанып жүрген замандас пен орта буындағы “тіс қаққан” ағалар һәм моралист қарттар соны ұқса игі.

«Стиль сақтап, жазу машығыңнан айырылмас үшін аударманың пайдасы зор» демеді ме кешегі Таласбек.

Иә, аударма деген – дадаизм мен сюреализмнің басында тұрған Дюшанның эксцентричный писсуары, Далидің алдында “еріген камамбер тіліміндей” боп жатқан сағаттары, я Малевичтің қара кенебінен шашылып түскен құпия детальдар сынды жалқы үлгі емес қой. Сәл ұқсатарсың. Бірақ Ready-made техникасы бұл жерде жүрмейді. Өйткені аудармашы – автор емес. Демек, сен found poetry (найденная поэзия) жанрында жазып, бар дүниені қайта құрап, басыбайлы мүлік қып ап жатқан жоқсың. Сен оны өзіңнің қалауыңмен қырып-жонып, мүлде басқа дүние ғып шығара алмайсың. Қиялға қатты батқан, сенім мен мақтауға ерек тойған сәттің өзінде. Сөзсіз, аз-мұз реңк үстеуге, білінер-білінбес бояу жағуға («местный калорит» қосу дұрыс емес) болатын шығар. Форманы сақтап қалу үшін емес, ұйқас үшін емес, «көріксіз боп көрінер» деген мәнсіз бозбалалық қорқыныштан емес. Аса қажет тұста. Өйткені автор мен тәржімәннің өмір сүру сипаты мен тұрмыстық көзқарастары, шығармашылыққа қатысты ойлары, суреткер ретіндегі әдістері, бояулары және жалпы әртүрлі түсініктері (дінге, тарихқа, әдебиетке, физикаға, анатомияға, музыкаға – яки ғылым мен өнер атаулыға қатысты) сәйкес келе бермейді. Иә, түпнұсқаның өзі – әлдебір ағымдардың заңдылықтарын ұстанған автордың эксперименттерінен, ізденісінен туған философиялық, авангардтық, символистік орамдағы туынды, яки концептуалды өнердің формаларына, тосын үлгілеріне сай жазылған жаңашыл һәм өзгермес дүние болуы мүмкін. Сол үшін де оны «кері құрап, қайта жасап шығудың өзі» – ауыр да азапты іс. Атүсті қарасақ, біз шығарманың түпкі мағынасынан, авторлық идеядан, негізгі тезистерден айырылып қаламыз. “Жәй ғана етістікті басына жібергеннен ой түбегейлі өзгеріп кетпейді” дегеніміз де асылық болар.

Ван Гог оң құлағын кессе, мән де өзгереді ғой. Рас па?!

Мысалы, осы саланың мықты маманы, Кастельондағы I Хайме университетінде аударма теориясын оқытып жүрген ұстаз Хулия Мария Кальсада-Перестің де ойы қызық. Ол – түпнұсқа авторларын ғана шығарманың заңды иесі ретінде көретін, аудармаға қатысты моралистік көзқарас ұстанған топтың өкілі. Тәржімалаушыны қаламгерлердің эксклюзивті құқықтарына қол сұғып, олардың басындағы меншіктің һәм атақ пен даңқтың бір бөлігіне өлермендікпен таласып, ие болғысы кеп жүрген адам ретінде қарастырады. Моралистік идеологияда аудармамен айналысу бейәдеп іс деп бағаланып, кейде, тіпті, нағыз ұрлыққа да теңеледі.

Меніңше, аударғалы жатқан авторға, яки жолдасыңа бүтіндей “түйе жүн шапан кигізудің” қажеті жоқ. Өйткені мұндай көзқараспен біз эстетикалық ләззат сыйлаймыз деп, керісінше, сол қарапайым тілде жазылған қайбір шығарманың ішіндегі “оқырманға деп” сақталған құнды ойларды, сілтемелерді (основной посыл и отсылки) қалың кітапта жасырып ұстағандай боламыз. Бұл жағдайда оны ұсынудың мәні қалмайды.

Білім-талант-сенім: я сен шығарма иесінің иығына зерлі шапан жауып даңқты қыласың, я одан таяқ жеп, шылымның күліне өртенген көшірмесінің қиындыларын кофеңе араластырып ішесің...

Мойындау керек, жаңа буын “еркін аударма” (безобидный перевод) дегенді жете түсініп, толық қабылдай қоймаған секілді. Көбіне сөзбе-сөз аударады ғой. Ол да дұрыс болар...

Әлбетте, біз Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Хасен Өзденбаев, Ісләм Жарылғапов, Нәбиден Әбуталиев, Жұмағали Ысмағұлов, Әбілмәжін Жұмабаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әли, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Кеңес Юсуп, Құрманғазы Қараманұлы, Герольд Бельгер, Дидахмет Әшімханұлы, Таласбек Әсемқұлов, Мейірхан Ақдәулетұлы сынды қаламгерлердің аудармаларын ұмыта қойған жоқпыз. Толық болмаса да, көпшілігін оқыдық, я бір көзбен шолып шықтық. Олар – бөлек бір арал.

Бажайласақ, бұрынғылардың арасында шетел қаламгерінің романындағы, әңгімесіндегі, болмаса өлеңіндегі идея мен образдарды өзіне меншіктеп алғандар да бар боп шықты. Ондай тұстарын ізденген адам байқауы тиіс. Кейбір мықты ақындарымыздың аудармасын оқысаң, расымен қарның ашады. Тілді жетік меңгермегендігі қарапайым қателерінен-ақ білінеді. Әй, көңілшек аңғалдығым-ай... Сірә, кітап толтыру үшін жазған да шығар деген жаман ойға иланасың. Атын айтып, түсін түстесең, ақындығына көлеңке түспесе де, бәсі төмендейді-ау дейсің сосын. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» деп доғардық, ендеше.

Сұраққа оралайық. Жалпы, негізгі кінә аудармашыларда болғанмен, әңгіменің бір ұшы олардың жазған дүниесін жариялап жататын “беделділеу” (өздерінің ойынша), қызыл-жасыл-көк жолақты сайттар мен басылымдардың редакторларына тиеді. Өйткені өзі салдыр-салақ жазылған шығарманы алады да, бас-көз жоқ жариялай береді. Оны шала сауатты жұрттан өңге, ақыл-есі түзу оқырман да қарайды-ау деген ой жоқ көбінде. Шығарады, әлеуметтік желілердегі парақшаларында бөліседі. “Айқайлатып” тақырып та қояды. Ішіне кіріп оқысаң, түк те жоқ. Әйтеуір бір шатпақ. Көлемді әдеби мәтіндердің өзінде қате өріп жүреді. Шығармаларға мүлде редакторлық жасалмайтынын алғашқы сөйлемін оқып-ақ аңғара аласыз. Олар үшін бастысы – эксклюзив. Айналайындар, бүгінгі қазақтілді оқырман үшін бәрі де “эксклюзив” қой. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Паразиттерді ме, әлде тас мүсіндерді ме?

Ілгеріде қазақтың көзі тірі классик ақыны әдебиетке қатысы бар веб-ресурстардың дәл осындай - полигоннан кейін бірнеше жыл иесіз қап, қалпына келмеген тақыр мекендей “ажарсыз кейпімен” жұртты, әсіресе ақсүйек оқырманды үркітіп алғанына аса алаңдаулы екенін жеткізген. Соңсоң өз хабарламасында плинтустан төмен деңгейге қалай түскенімізді және “қара құрдымнан қалай шығатынымызды” сұрапты. Демек, бәрі де алаңдаулы, бәрінің де айтар назы бар.

Мағауиннің біздің әңгімеге түк қатысы жоқ бір мақаласындағы («Өтірік қостым ішіне») мына жолдар есіме түсіп кетті ғой: «Айту керек! Айтпасақ, салмағы бізде қалады екен – мәкүрік дейді ғой қазақ, көңілдегі кірлі түйткіл».

КазГУ бітірген жылдары "шіркін, біздің буынға төр беретін "Кентаврдай" бір газет болса екен" деген қияли ой да жиі мазалайтын (Бір кездері марқұм Әмірxан аға Балқыбек редактор болған "Кентаврдың" сыры кетсе де, құны кетпеген көркем дүниелерін құшырлана оқушы ек. Сондағы Мейірхан Ақдәулетұлы сынды сөз шеберлерінің талайға азық болған аудармаларын айтсаңызшы... Өзге де авторлардың керемет ізденістері, еркін ойлар, мәртебелі поэзия, шетел қаламгерлерінің шағын туындылары, жаңалықтардың өзгеше "подачасы" және ең бастысы - кәсіби редактура). Қолдау болса, әдемі жобаны алып кетуге шамамыз жетер ме еді. Өзіміз де сайт ашқымыз кеп талпындық. Жағдай болмады немесе қатарымыздың басы бірікпеді. Қайдам... Ол армандарымыз енді орындалар, орындалмас. Бірақ бүгін шығармаларымыз бен аудармаларымызды бөлісетін дұрыс, салмақты басылым жоқ екені рас. Порталдар көп қой. Олардың әрбірі Эббинг шекарасындағы үш билбордтай менмұндалап, көзге іліккен жанға кеудесін ашып қол болғап тұрады.

Жарнамасы мен түстері тартымды болғанымен, жазуы сұрықсыздау екенін сіз де білдіңіз енді. Соңсоң Hilfiger-дің қара сөмкесінде баз кешкен өз шимайыңды өзің оқып, болмаса Вконтактедегі топтарымыз, Инстаграмдағы парақшаларымыз арқылы бөлісіп отырған артық қой деп ойлайсың. Рас, біздің газетіміз бен блогымыз сол жер болды бүгінде.

Мен – кәсіби аудармашы емеспін, бәлкім әуесқой да тәржімән емес шығармын. Бірақ жақсы оқырман ретінде жөні түзу дүниеден эстетикалық ләззат алғым келеді. Біздің таланттар ондай шығармалар ұсына алмаған соң, түпнұсқасын (ағылшынша болса), я орыс тіліне аударылған нұсқасын қараймын. Амалсыз.

Кейде уақыттан озған, сөзден бұрын туған шалағай жазармандар “ана тілден тікелей қотарып ем, мына тілден алғашқылардың бірі боп тәржімәлап ем” деп үлкен заголовоктарды төсіне қадап шыңғырып жатқанда, өзімді қоярға жер таппай, болмаса кірерге тесік таппай, ескі эпитафиялар мен өзгеғаламшарлық унитермдерін оқып шығатыным бар. Оның әр жағынан Құдайға қажеті жоқ сұхбаттар, публицистикалық формадағы құнарсыз мәтіндер, жалаң дидактика, ақсақ тіркестер мен мүгедек тармақтар сығалап тұрады.

Ділдесіңнің мінін теру міндет емес. Олай етсек, “өліден де, тіріден де сау кісі қалмас”.

Қызық болғанда, әйелім – ағылшын тілінің маманы. Шекспир мен Уитменнің тілін 11 жыл бойы оқып келеді. Сол кісіге талаптанып жүрген жігіттің бір-екеуінің “бәрінен мақұрым, байғұс қазаққа сыйлаған” дүниелерін түпнұсқадан аудартып та көргем. Ақыры не болды дейсіз?! Бірінші – ол шошыды, сосын мен күлдім. Екеумізде екітүрлі эмоция пайда болды. Ол аудармашының ағылшын тіліндегі керемет, көркем жолдарды жұтаң ғып, мәнсіз-мағынасыз күйде бергеніне налыса, мен қайталанбас аудармашының ақымақтығына және алғаусыз арамдығына күлемін.

Сол үшін қазақ тіліне қотарылған шығарманы қолымызға алғанда, түпнұсқасымен салыстырып отырып оқыған абзал. Егер шет тілін білсеңіз. Әйтпесе, әңгіме мен өлеңді көрікті ғып өрген "тәржімәшінің" бәрі қиялындағы образдары мен көңіліндегі піспеген сөз иірімдерін біреудің жазған дүниесіне (шетел классиктері мен бейтаныс авторлардың) күштеп таңып жүргендей. Содан шала-жаңсар дүние шығады.

Біраз уақыт бұрын желіден Селлинджердің әңгімесін оқып, талып түскем. "Өзі орысшадан аударылған дүниенің қазақшасы қате болса, қайтеміз" деп күліп...

Алғашқы абзацынан ғана мысал келтірейін:

Қазақша: Менің ұлым Гарриді әскерге шақырған тұста біздің ел әнеу бір көп «уәде бергіш» қытай бильярды шеберінен айырылып қалған болатын. Иә, әкесі ретінде мен ұлымды қорғаштап тұрған жоқпын. Кеше туған бала емес ғой. Десек те өткен аптада ғана тура сол бір жағдайдың қайталанғанына басыммен ант етемін.

Орысша: Наша страна лишилась едва ли не самого многообещающего игрока в китайский бильярд, когда моего сына Гарри призвали в армию. Как его отец, я, конечно же, сознаю, что Гарри не вчера родился, но, стоит мне взглянуть на мальчика, и я готов дать голову на отсечение, что это случилось в начале прошлой недели. 

Ағылшынша: This country lost one of the most promising young men to tilt a pinball table when my son, Harry, was conscripted into the Army. As his father, I realize Harry wasn't born yesterday, but every time I look at the boy I'd swear it happened sometime early last week) .

“Вермонт сүті” туралы жолды да жазған мен емес, әрине. Unbelievable!  

Кейін қазақтың қолынан “қасірет шегіп жүрген” жалғыз Селлинджер (Моппасан, Бодлер, Гессе, Элиот, Блок, Цветаева, Бродский, Исигуро және т.б.) емес екенін ұқтым. Hello, Heinrich Böll, Victor Petrovich, Eleanor Yakovlevna, Anthony Burgess! And excuse us!

Осындайда «Гюго Виктор – автор знаменитого романа «Notre Dame de Paris», вышедшего на русском языке под заглавием «Наши дамы из Парижа» деген Аркадий Аверченконың сөзіне еріксіз күлесің...

Жасырып қайтем, менің де көп қаламгерді тәржімалағым келеді. Достоевский, Чехов, Джойс, Гессе, Бертран Рассел, Астуриас, Акутагава мен Кавабата, Набоков, Паунд, Элиот, Мистраль, Лорка, Оден, Мандельштам, Бродский, Пелевин, т.с.с. Жазушыларды аударуға толық дайын емес сияқтымын (әйтпесе кейбір шебер жігіттердей оңды-солды жаза беруге болар еді). Ал, ақындар ақырын-ақырын, там-тұмдап болса да аударылып жатыр. Бірақ бүгінгі бейнемізге қарап, өзімізден басқа бұларды ешкім қазақша сөйлеткісі келмейтінін де түсінемін.

Баяғыда Дидахмет ағамызбен кездесіп тұрушы ем. Реті келгенде, әрине. 20 жастағы студентпін. Аудармаға аса қызықпаймын. Оқудан соң баспалар үйіне жүгірем, әдет бойынша ішін бір аралап шығып, соңында «Түркістан» газетінің офисіне соғам. Алдымнан ылғи Дидағаң шығады жүзінен нұр саулап. Сосын әдебиет туралы көсіледі кеп. Ағаларын еске алады, өзі шығармаларына қатысты ойымды тыңдайды, әлемдік авторлар жазған тақырыптар мен біздің классиктердің мұрасындағы тақырыптардан идеялық байланыс іздейді. Азды-көп аударма саласына тоқталады. Сондай жүздесулердің бірінде өзінің Джек Лондонды бір жыл бойы аударғанын айтып таң қалдырған. “Бар жанымды бердім, ынта-шынтаммен кірістім. Көзден көз қалмады мүлде. Бірақ мен қай шығармаға отырсам да, оны ұқыпты, сауатты ғып жазамын. Отбасы, немере, өзіме жариялаған аз-мұз демалыс күндерін айтпағанда, басқа іске көңіл бөлмеймін. Айналасы ретке келді-ау дегенде жариялаймын. Бұл аудармаға да өз шығармамдай қарадым. Ортақол дүние ұсынғым келмеді және сөреде шаң басып жатқанын қаламадым. Ертең немерелерім мен қазақтың ойлы балалары оқитын көркем дүние болса ғой дедім. Әйтпесе мемлекет берген ақшаға қарап, қолымды бір сілтеуіме болар еді. Олай етпедім. Нәтижесі, міне, өзің көргендей. Негізі мұның бәрі – кешегі Қалихандай ағаларымнан жұққан әдет қой“ дегені бар. Сонда мен нағыз қаламгердің қандай болу керек екенін ұққандай болғам. Ал, ақсүйектік – ол бір бөлек әңгіме.

Көрдіңіз бе, бізге осындай жанкештілік, мінез жетіспейді. Қажет деген қасиеттерден тақи-таза мақұрымбыз. Осындай нақты әдеби, бәлки өмірлік ұстаным жоқ бойымызда. Бәрін ысырып тастап, өзімізді орындыққа байлап-матап бір үлкен дүниеге отыра алмаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, өкпенің қалың қара нөсерін билік пен тұрмыстың басына зәр ғып төгеміз. “Уақыт жоқ, шаруа көп” дейміз. Басылымдардың, басқаларының ақша бергенін қалаймыз. Бірақ олай болмасын біле тұра, өзімізді бір сәттік үмітпен алдарқатамыз. Сол аянышты қалпымызда өзгенің туындысын аударуға отырамыз. Соңсоң жазған дүниеміздің пергаменттегі қисық бейнесін байқамай да қаламыз. Оны ұялмай жариялаймыз, мақтанамыз, пікір күтеміз...

Осы тақырыпты әдебиеттің айналасындағы жігіттермен, я жарыммен талқылағанда, есіме үнемі орыстың ұлы ақыны Осип Мандельштамның «Потоки халтуры» атты мақаласы орала береді. 1929 жылы 7 көкекте «Известия» газетінде жарияланған мақаланы тәржімалауды бастап та кеткем. Дегенмен аударма аяқталмаған соң, түпнұсқадан мысал келтірейін.

«По существу говоря, выбрасываемая сейчас на рынок в русских переводах иностранная беллетристика не что иное, как потоки халтуры. Еще недостаточно проставить на обложке «Синклер», «Пиранделло» или «Мопассан» для того, чтобы книга действительно принадлежала тому или иному иностранному автору. Массовый читатель, владеющий только родным языком, вводится издательствами в систематическое заблуждение. Потребитель-одиночка и библиотеки вовлекаются в невыгодную сделку...

...Для наших издательств переводная иностранная книга вовсе не литература, но попросту безгонорарное и в то же время тиражное издание. Сколько-нибудь внимательный читатель заметит, что в русских переводах почти все иностранные писатели — от Анатоля Франса до последнего бульварщика — говорят одним и тем же суконным языком. Дряблость, ничтожество и растерянность той социальной среды, из которой у нас часто вербуются переводчики (деклассированные безработные интеллигенты, знающие иностранные языки), кладет печать неизгладимой пошлости на все их рукоделье. Они показывают не только авторов, но и себя. Из их рук мы получаем богатства чужих народов опошленными, тенденциозно сниженными...

Качество переводов в данной стране — прямой показатель ее культурного уровня. Оно так же показательно, как потребление мыла или процент грамотности. Качество переводов у нас буквально отчаянное.

Знает ли общество, сколько платят издательства переводчикам? Знает ли общество, из кого вербуются переводчики? Знает ли оно, в какое положение поставлена горсточка мастеров и специалистов, сумевшая удержаться на этом злосчастном фронте?..

Если мы хотим иметь хорошую иностранную книгу, мы должны в корне уничтожить бессмысленную, халтурную постановку производства, которая из года в год даже ухудшается».

Шағын ғана үзінді келтірдім. Бұл – жанайқай, шындық, өз кезеңінің кескін-келбеті. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігі жоғалмаған. Біздің жағдайда тіпті актуальный тақырып. Әрбіріміз осыны оқып, ой түюіміз керек секілді. Не ұсынып жатырмыз? Кімді алдап жүрміз? Қандай жолды таңдадық?.. Сұрақ өте көп.

Бір қызық айтайын, аударма саласы дамыған Ресейдегі дарынды реперлер, “жаңа мектептің өкілдері” астарлы ән мәтіндеріне орыс әдебиеті алыптарынан бөлек, шетел авторларының сөздерін (өз тіліне салып ап) араластырып жүр. Интерлюдия ретінде. Сол арқылы олар көтерген мәселелеріне ерек мән үстейді, тақырыптың елеусіз идеялық детальдарын мығымдай түседі, жеке автор ретінде жан-жақтылығын көрсетеді, жастарды оқуға шақырады.

...Ал, біздің бүгінгі аударма мен жаңа кезеңнің "әдеби өнімі" - анық эквиваленті мен жүйелі де толық сипаттамасы жоқ төртсомдық ширпотребты төрт мыңға сатушы қараңғы адамның (жабайы базардағы жабайы сауданың көркін қыздыруды ғана мақсат тұтқан) тұрмыстық концепциялармен шырмалған түсінігінің ішінде бұғып жатқан көріксіз ойлары мен арзан да үрейлі идеяларының жемісіндей, яки соның қағаз бетіндегі көрінісіндей. Иә, бұл былықтың бәрін авангардизмге, не болмаса көркем өнердегі өзге де мәңгілік ағымдарға таңудың қажеті жоқ һәм ондағы бастауын тереңнен алатын тенденциялармен шатастырмаңыз. Қос жартасты қосқан арқанның бойында аттитюд қалпында тұрып, өлмес бұрын мадақ пен қошемет күткен ақымақ бишідейміз. Асылы, терең шұңғымадан шыға алмай қиналған "жаңа әдебиетті" «That's enough for the people!» деген пасторальды-көпестік түсінік өлтіреді. Бұл - нағыз жауыздық. Уақытқа һәм өзімізге қарсы жасалған жауыздық.

Айбол Исламғали