29 сәу, 2022 сағат 18:32

Атыраулықтар мұнай өңдеу зауыты аумағындағы адам төзгісіз иіске шағымданды

© Photo: Пресс-служба Атырауского нефтеперерабатывающего завода

Атыраулықтар мұнай өңдеу зауыты жақтан жағымсыз иіс шығып жатыр деп шағымданды, әлеуметтік желіде қала тұрғындары наразылық білдіруде, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Сасық иіс шықты, мысығым бір жерді былғап кеткен шығар деп ойладым, терезеге жақындап барсам, иіс даладан шығып тұр екен. Немен тыныстап жатырмыз? Не болып жатыр?" – деп шағымданды атыраулықтар.

Атырау облысының экология департаменті жағымсыз иіс Атырау мұнай өңдеу зауыты мен "Тухлая балка" буландыру алаңы жақтан шығып жатқанын хабарлады.

"Соңғы күндері зауыт жақтан шынымен де жағымсыз иіс шығып жатыр. Осыған байланысты жоспардан тыс тексеру ұйымдастырамыз, оның қорытындысы туралы қосымша хабарлаймыз", - делінген Атырау облысы экология департаментінің хабарламасында.

Атырау мұнай өңдеу зауыты сасық иіс буландыру алаңынан шығып жатқанын атап өтті, деп жазды atpress.kz.

"Қазіргі таңда "TAZALYQ" жобасы аясында буландыру алқаптарында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл алаңға 1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қалалық кәріз суы, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты мен ЖЭО-дан шығатын нормативті тазартылған ағын сулар төгіледі. Айтылған күндердегі желдің бағытын ескерсек, буландыру алаңы жағымсыз иістің ықтимал көзі болып табылатыны анық", - деп хабарлады Атырау мұнай өңдеу зауыты.

Сондай-ақ зауыттың баспасөз қызметі TAZALYQ жобасы аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа механикалық тазарту құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2023 жылдың қарашасында құрылыс аяқталып, атмосфераға шығатын зиянды заттар тоқтайды деп жоспарланып отыр.