23 ақп, 2022 сағат 14:10

Атырауда жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен полицейдің жағдайы әлі де ауыр


Атырауда жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен полицейлердің бірінің жағдайы әлі де ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы онлайн брифингіде Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилим мәлім етті. 

«Қазір жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған бір полицейдің жағдайы ауыр. Оған күрделі ота қажет. Ал, зардап шеккен өзге қызметкерлер ауруханалардан шықты», - деді Абзал Гилим. 

Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде Атырауда 103 адам зардап шеккен. Оның ішінде 55 полицей, Ұлттық ұланның 28 қызметкері мен қарапайым 20 тұрғын бар. 

Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде полицияның 17 қызметтік автокөлігі, жедел жәрдемнің 4 көлігі мен 1 автобус бүлінген. 

Жалпы, келтірілген залал көлемі 168 миллион теңгеден асқан.