20 қар, 2020 сағат 09:44

Атырауда «Сарайшық» журналы жарыққа шықты

Атырауда «Сарайшық» атауымен әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журнал жарыққа шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиевтің айтуынша, жаңа басылым облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен жарық көрді. «Сарайшық» – Атыраудағы әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағыттағы тұңғыш басылым. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі жанынан айына бір рет шығады. Алғашқы нөмірі 500 данамен шықты. Келесі жылдан бастап 2000 данамен тарала бастайды. 

«Журналдың «Сарайшық» аталуының өзіндік символикалық мағынасы бар. Кезінде өркениеттің бастауы болған бұл шаһар Ұлы Жібек жолы бойындағы ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің мәйегіне, руханиятымыздың ғажайып ошағына айналған. Сол себептен, шежірелі шаһар атауымен ұлттық сананы жаңғыртатын әдеби-мәдени, тарихи-танымдық басылымды шығаруды жөн көрдік» - дейді Ысқақ Егембердиев. 

Оның айтуынша, басылымның ақылдастар алқасында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақанов, ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес секілді қазақтың көрнекті қаламгерлері мен ғалымдары бар.

«Журналдың беташары Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлт руханияты туралы орамды ойларымен ашылды. Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов жаңа басылымға ақжолтай тілегін арнады. Ақын Ғ.Жайлыбайдың әлемді дүр сілкіндірген пандемия туралы шығармашылық ізденістен туған «?» (Сұрақ белгісі) өлеңдер топтамасы, жазушы З.Жұманованың өмір шындығын шынайы суреттеген прозалық шығармалары, Абайдың 175 жылдығына орай жарияланған жазушы, абайтанушы М.Мырзахметұлының «Абайдың Әл-Фарабиді тануы», жазушы Қ.Жүсіптің «Жұмекен балладалары» деген тақырыптағы зерттеу мақалалары, жазушы С.Дүйсенбиевтің «Жапырақтар да жылайды» әңгімесі, әдебиет сыншысы А.Кеңшілікұлының «Тағдырмен бетпе-бет» тақырыбындағы зерттеу мақаласы, суреткер Р.Сейсенбаевтың шетел классиктерінің шығармаларына талдау жасаған «Құдай тәубесіне түскен күн» атты зерттеу мақаласы, түркістандық ғалым, сазгер Б.Сердәлінің «Түркістан мен Сарайшық» тарихы тағдырлас, тамырлас» деп аталатын қос қаланың қазақ өркениетінде алар орны туралы тарихи толғанысы жарияланды. Сондай-ақ, жазушылар С.Латиева мен М.Тәж-Мұрат шығармашыларына орын берілді» - дейді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев. 

Журналдың алғашқы нөмірін таныстыру рәсіміне облыс басшылығы, жергілікті журналистер мен ғалымдар, сондай-ақ, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық артисі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, республикалық айтыскерлер және жыршы-термешілер Одағының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, ақын Светқали Нұржанов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ана тілі» газетінің редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, Батыс Қазақстандағы Қадыр Мырза-Әли атындағы өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан филиалы директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы секілді ұлт зиялылары қатысты.