16 қыр, 2019 сағат 18:19

Атырауда қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ескерткіші ашылды

Атырау халықаралық әуежайы алаңында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш ашылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз - Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен танылған, ал соғыстан кейін қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Оның ерлігіне бас иген жерлестері әуежай алдында батырға арналған ескерткіш орнату туралы бастама көтерген болатын.

Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызына арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, ескерткіштің орнатылуына бастамашы болғандардың бірегейі - «Айқын» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова мен батырдың бауыры, жерлестері келді.

«Ел басына күн туған сәтте ер азаматтармен бірге сапқа тұрды. Мәншүк, Әлия, Хиуаз. Ешкім оларды міндеттемеді. Жүрек қалауымен елдің болашағы үшін өз өмірін құрбан етті. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен елдің даму стратегиясында көрсетілген межелердің бірегейі – әйел қауымына үлкен құрмет көрсету. Сондықтан да бүгінгі салтанатты шара барша аналарымызға, қазақ қыздарына соның ішінде бірегейі - Хиуаз Доспановаға құрмет болып табылады», – деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Атырау Халықаралық әуежайына орналасқан ескерткіштің биіктігі – 2 метр 30 сантиметр. Қоладан құйылған ескерткіште Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанған бойжеткен қалпы сақталған.