Фото: Halyq Uni
Атыраудың екі тұрғыны қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Атырауда «QazHome» тұтыну кооперативінің атын жамылып қаржы пирамидасын ұйымдастырған қала тұрғындары нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған.
"Аталған тұлғалардың заңсыз әрекеттерін ҚМА Атырау облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері әшкереледі. Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік береміз деген желеумен қаржы пирамидасына ақша салуды ұсынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кооперативтің қызметіне 300-ге жуық салымшы тартылғаны, оның ішінде тек 35 адам ғана өтініш беріп, бұл өтініштер бойынша келтірілген шығын көлемі 49 млн теңгеден асатыны анықталды.
Сот үкімімен «QazHome» тұтыну кооперативінің басшылары кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды" - делінген хабарламада.