28 қаң, 2022 сағат 21:21

Атырау облысында жол апатынан 5 адам мерт болды


Атырау облысында жол апатынан 5 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік апаты бүгін, 28 қаңтарда сағат 16:00 шамасында болған. 

Атырау облысының Доссор кентінен Маңғыстау өңіріндегі Бейнеу ауданы бағытына қатынайтын тас жолдың 71-шақырымында екі көлік соқтығысқан. Оның бірі – Өзбекстан Республикасында тіркелген «MAN» маркалы жүк тасымалдайтын, ал, екіншісі – Алматы облысының тұрғынына тиесілі «Toyota Camry» маркалы жеңіл көлік. 

«Жол-көлік апатының салдарынан «Toyota Camry» көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Көз жұмғандардың екеуі – кәмелет жасына толмаған жасөспірім», -деп мәлім етті баспасөз қзыметінен. 

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік апатын болған орнында тергеп-тексеру амалдарын жүргізуді бастады.