21 сәу, 2022 сағат 12:07

Атырау облысында Жем өзені көтеріліп, бірнеше ауланы су басты


Атырау облысында Жем өзені көтеріліп, бірнеше ауланы су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жем өзені Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына таяу маңнан ағып өтеді. Бүгін аталған өзен суы көтеріліп, таңғы сағат 5:57-де Құлсары қаласындағы 7-ауылдағы 3 ауланы су басқан. 

«Осыған байланысты жеке иеліктегі 3 тұрғын үйден 10 адам (оның ішінде 4 бала) эвакуацияланып, туыстарының баспанасына орналастырылды. Ең қауіпті учаскедегі 7-ауылдың тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісі салынып, құм толтырылған қаптарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Тұрғын үйлерді су басудан қорғау жұмысына департаменттің 25 қызметкері мен 3 техника, жергілікті атқарушы органнан 30 қызметкер мен 1 техника тартылған. Оларға көмекке аудандық полиция бөлімінің 20 қызметкер мен 6 техника келген. 

Сондай-ақ, «Казкомсервис» ЖШС-нан 9 қызметкер, 9 техника, «Жылыой-Су», «Жылыой-Газ» ЖШС-нан 6 қызметкер, 6 техника бөлінген. Ал, «Жылыой-Мұнай-Газ» ЖШС 2 қызметкері мен 2 техника жіберген.