
Атырау облысында тәулігіне 30 тонна балық өңдейтін цех іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың мәліметіне сүйенсек, жаңа цехты «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі іске қосқан.
«Осы кезге дейін ауланған балықтардың басым бөлігі шет елдерге мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп, еуростандартқа сай жіберіліп келген еді. «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі балық өнімін өңдеу, тоған шаруашылығын дамыту үшін Ресей Федерациясынан инвестор тартты. Өндірістік кооператив инвестормен бірлесіп, Бірлік ауылынан балық өндеу цехын ашты. Жобаның құны – 200 млн теңге. Цехта тәулігіне 30 тонна балық өнделеді. Оған 50 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр» - деді Қайрат Нұртаев.
Оның айтуынша, былтырғы балық аулау маусымында 350 тонна балық Еуростандарт талабына сәйкес өңделген. Ауданда балық шаруашылығымен айналысатын құрылымдар 3 361 тонна балық өнімін Ресей Федерациясына, Грузия мен Украинаға экспортқа шығарған.
