24 ақп, 2022 сағат 22:03

Атырау облысында суалған өзендер мәселесі қалай шешіледі?


Атырауда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев пен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен кеңес өтті. Онда өңірдің экологиялық проблемалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр Серікқали Брекешевтің айтуынша, соңғы жылдары өңір тұрғындарын Жайық өзеніндегі экологиялық ахуал алаңдатады. Бұл көп талқыланатын мәселеге айналды. 

«Қазір Жайық өзенінің деңгейі төмендеді. Ойыл, Жем және Сағыз өзендеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Бұл өңір экологиясына кері әсер етеді. Жайық өзеніндегі ахуалға байланысты былтырғы наурызда Ресей Федерациясының Орынбор қаласында трансшекаралық өзен бассейнінің экожүйесін 2024 жылға дейін сақтау және қалпына келтіру бойынша Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы бекітілді. Ал, Ойыл және Сағыз өзендерінің деңгейі судың аз келуі салдарынан төмендегені байқалып отыр. Бұл өзендер арнасындағы судың 80-90%-дан астамы көктемгі су тасқыны кезінде толады. Осыған байланысты «Қазгидромет» Ақтөбе облысының аумағынан Атырау облысына келетін су шығынын есепке алу үшін Ойыл және Сағыз өзендерінің арналарында гидробекет орнату мүмкіндігін қарастыруы қажет», -деді Серікқали Брекешев.

Министр Атырау облысының аумағындағы Ойыл өзенінің төменгі сағасында көктемгі тасқын суды жинау үшін бөгет салу мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Ойыл өзеніндегі су ағыны мен деңгейін арттыру мақсатында осы жылғы мамыр айының соңына дейін Ақтөбе облысының аумағындағы иесіз су шаруашылығы құрылыстарын бұзу жұмысын аяқтауы қажет. 

Осы кезге дейін Ақтөбе облысында жеті гидротехникалық нысан бұзылған. Енді көктемгі су тасқыны басталғанға дейін тағы да осындай 12 нысан бұзылады. 

Ал, жыл соңына дейін Сағыз және Жем өзендерінің бассейндеріндегі, оның ішінде иесіз нысандарды түгендеу аяқталады. 

Бұл жұмысты Жайық-Каспий облысаралық бассейн инспекциясы бақылауға алады.