Атырау облысында көпбалалы әйелді пышақтап өлтірген жігіт 10 жылға сотталды. Қайтыс болған әйелдің артынды 7 баласы қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтiру дерегіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодесінің 99-бабының 1-бөлігімен айып тағылған.
«2021 жылдың наурыз айында сотталушы З. жәбірленуші А.-ның өтініші бойынша өз атына банктерден бірнеше рет несие рәсімдеген. Жәбірленуші несиені өзі өтейтініне уәде берген. Алайда, кейін ол несиелерді төлеуден мүлдем бас тартып, тараптар арасында келіспеушілік туындаған. Қараша айында сотталушы жәбірленушімен кездесіп, оған пышақпен бірнеше рет соққы жасап, оқиға орнынан қашып кеткен. Алған ауыр дене жарақаттары салдарынан жәбірленуші сол жерде қайтыс болған. Басты сот талқылауында сотталушы З. кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі тиісті айғақтармен, сондай-ақ, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбалармен дәлелін тапқан. Прокурор сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
«Сот үкімін шығару кезінде жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өкінуі, өз еркімен келуі, отбасылық жағдайы танылды. Сот сотталушы З.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.