20 қар, 2017 сағат 11:33

Атамбаев Қазақстанмен қатынасты реттеу үшін Путиннен "көмек сұрады"

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдың дұрысталатынына сенімді екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресей Федерациясы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты реттеуге көмектесуі керек. 

Осы хақында және өзге де жағдайларға қатысты пікірлерін ол елді басқарғанына алты жыл толуына орай өткен баспасөз конференциясы барысында айтты, - деп жазады "Ұлт ақпарат".

"Өздеріңіз білетін боларсыздар, жақында мен Ресей президенті, жақын досым Владимир Владимирович Путинмен кездестім. Оған ашық түрде "сіздерге Еуразиялық экономикалық одақ керек болса, оны бұзып жатқандардың ісіне араласпай осылай отыра беруге болмайды" деп айттым. Қазақстанмен байланыс дұрысталады. Бұл Астана үшін де, бірінші ретте Ресей үшін де керек. Мен дұрыс істедім деп ойлаймын. Біздің ішкі ісімізге араласуға болмайтынын ескерттік. Қазір өз еліңнен гөрі, өзге елдегі жағдайды шайқалту оңайырақ болып тұр", - деді Қырғызстан президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықты реттеу туралы сұрақтарға жауап бере отырып.

Айта кетейік, осыған дейін Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін президент сайлауына араласып жатыр деп айыптаған болатын. Соған байланысты Қазақстан Қырғызстанмен шекарада қауіпсіздік шараларын күшейткен еді. Нәтижесінде шекарадан өтетін азаматтардың саны 2,5 есеге қысқарған еді.

Бірақ 10 қарашада Қырғызстан билігі Қазақстан тарапы жүк бақылауында көп шара қолданып жатқаны туралы мәлімдеді. Өз кезегінде Қазақстан премьері Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанмен шекарадағы қатаң бақылаудың Бішкекке қарсы емес, керісінше, контрабанда көлемін қысқартуға бағытталғанын мәлімдеді. Ал, Бішкек тарапы Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.

Естеріңізге сала кетейік, Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметіне 2011 жылдың 1 желтоқсанында кіріскен. Ал, биылғы жылдың 15 қазанында өткен сайлауда жеңіске жеткен Сооронбай Жээнбековті ұлықтау шарасы 24 қарашада өтеді.