27 қаз, 2017 сағат 15:30

Атамбаев Қазақстан шекарасын айналып өтетін жол салмақ (Видео)

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев "қазақ-қырғыз шекарасындағы кейінгі оқиғалар Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол желісін жедел арада жобалап, салу қажеттігін көрсетті" деп мәлімдеді. Қырғыз лидері "кейінгі оқиғалардың Еуразия экономикалық одағынан көп үміт күтпеу керек екенін де аңғартқанын" айтты.

ЕАЭО-НЫ СЫНАП, РЕСЕЙДІ МАҚТАУ

Қырғызстан президенті 2017 жылы қазанның 27-сі күні Бішкекте шетелдік елшілердің сенім грамоталарын қабылдады. Осы жиында сөйлеген ол әуелі Еуразия экономика одағын (ЕАЭО) сынап, қазақ-қырғыз шекарасындағы кейінгі оқиғалар "ЕАЭО-ға тым үлкен үміт артудың қажеті шамалы екенін көрсетті" деп мәлімдеді.

- Міне осы оқиғалар бізге экономикалық даму тұрғысынан ЕАЭО-ға тым үлкен үміт артудың қажеті шамалы екенін, өзімізді алдамауымыз керек екенін көрсетті. Өйткені, бір адам ойына келгенін жасайтын одаққа, тіпті ол адам әлемдегі ең ұлы адам болған күннің өзінде ондай одаққа сенуге болмайды, - деді Атамбаев елшілер алдында.

Қырғыз президенті "кез келген одақ елдер арасында жасалған шарттарға бағынуы керек" деді. Алмазбек Атамбаев "сондықтан, Қырғызстан үкіметіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін балама нарықтар мәселесін жедел шешуді тапсыратынын" мәлімдеді.

- Әлбетте, алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұл - 32 миллион халқы бар Өзбекстан мен бір жарым миллиард адам тұратын Қытай. Ал өнеркәсіп тауарларына қатысты айтсам, үкімет пен кәсіпкерлерге бұдан ары өнеркәсіп тауарларын Ресейге пломба салынған теміржол вагондарымен жөнелтуге кеңес беремін. Өйткені, Ресей президенті, құрметті Владимир Путинмен арамызда сондай келісім болған, - деді Атамбаев.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның стратегиялық әрі сенімді әріптесі "бауырлас Ресей" болып келгенін, бұдан ары да солай болатынын айтты.

"ҚЫТАЙДАН ҮНДІ МҰХИТЫНА ДЕЙІН"

Мұнан соң Қырғызстан президенті "қазақ-қырғыз шекарасындағы кейінгі оқиғалардың Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол желісін жедел жобалап, салу қажеттігін көрсеткенін" айтты.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай бекетін жауып тұрған Қазақстанның қарулы жауынгерлері. Алматы облысы, 11 қазан 2017 жыл.

- Бір жаманшылықтың бір жақсылығы бар деген. Қырғыз-қазақ шекарасындағы кейінгі оқиғалар Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын жедел жобалап, салу қажеттігін көрсетті, - деді Атамбаев. Оның сөзіне қарағанда, "Ары қарай бұл жол Түркіменстан мен Иранды басып өтіп, Араб теңізі мен Үнді мұхитына шығады".

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қырғыз үкіметіне теміржолды жобалау мақсатында құрылып үлгерген қырғыз-қытай кәсіпорнын жеңілдікпен несиелендіру мәселесін қарастыруды ескертті.

Атамбаев бұл үшін Қытай және Қырғызстанның бірлескен кәсіпорнын құруға кеңес берді. Қырғыз президенті оған Өзбекстан ұсынатын мекемелерді де қосу жөнінде айтып:

- Ашық айтайын, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен ондай келісім бар. Тәуелсіздікті қорғау керек. Біз қағаз жүзіндегі республика емеспіз, біз тәуелсіз Қырғызстанбыз, - деді.

Азаттық