«Асыр сап ат үстінде өскен елміз,
Найзаны нажағайға теңегенбіз.
Даланың дауылына біздер теңбіз,
Алтайдан Ақ Еділге жебегенбіз.
Соғыстық жеті жүз жыл жеті жұртпен,
Тарих-ау, өзің айтшы, кімнен кембіз?»,- деп ақын Қалижан Бекхожин жырлағандай,айтар ойыңды көзіңнен ұғар есті жануар жылқы малын серігім деп танып, жаугершілік заманында, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында атты әскер сапында ғажайып ерлік көрсеткен, жаудың қолын елінің жағасына жеткізбеген, халқын дұшпанның ащы табасына қалдырмаған, жанын ары үшін құрбан еткен, адал ұл боп анадан туып, ел тірегіне айналған батырларымыз сенімді серігі – тұлпарына қарыздар. Қазақ поэзиясының дүлдүлі Ілияс Жансүгіров қазақ пен жылқының егіз ұғым екенін өз өлеңінде былайша тебірене жырлапты: «Жанына еліміздің жылқы жаққан, Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан. Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы, Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан. Атты артық көрген елміз мінген тақтан, Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан. Шыдарма қазақ жаны ұшып кетпей, Аттарға шаң шығарып келе жатқан».
Қазақ – жылқы мінезді, рухы от, намысы шоқ батыр халық деп бекер айтпасақ керек-ті. «Осы басқа халық қайдан жаралсын, мейлі, маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ халқы жылқыдан, тұлпардан туған» деп жазушы Асқар Сүлейменовтің сөзімен тарқатар болсақ, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын сайын даланы алакөз жаудан астындағы серігімен бірлесе қорғап, тарих сахнасына ат үстінде шыққан, тұлпардың тұяғымен сайын даласына меншіктеп мөр басқан қазақ үшін жылқының орны бөлек. Жаугершілік заманда үйдің белдеуінде аты байлаулы, найзасы тігулі тұрмай, елін қорғауға жаяу бара алмай, жолдастарынан қалып қоюды әр жігіт өзіне намыс санаған. Шабуылға шыққанда шашасына шаң жұқпай жол бастаған Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Исатайдың Ақтабаны тарихи зердемізден ойып тұрып орын алған, жадымызға терең орнаған кейіпкерлер. Қазақ үшін жылқы түлік біткеннің төресі. Басқа түліктер адамға қызмет етуге ғана жаратылған болса, жылқы – ердің қанаты. Бай тілімізде жылқыға қатысты ұғымдар өте мол. Ұрпағын өрбітер ұлын «ат ұстарым» деген қазақ ұлының алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – «тоқымқағар» тойынан бастап, адамның пәниден бақиға аттанғанының белгісі «ат тұлдауға»дейінгі бүкіл тіршілікті жылқы малымен, қазанатпен байланыстырған. Ердің биік болмысынқазекем «Жылқының да жылқысы бар, қазанат дейді, Жігіттің де жігіт бар азамат дейді» деген бір-ақ ауыз сөбен түйіндеп ашқан. «Азамат болды» деген ұғымның өзін «Ат жалын тартып мінді» деп жатамыз. Жолы болған жігітті «Аты озып тұр» дейміз. Ұрпақ алмасады деген ойды «Ат тұяғын тай басар» деген тіркеспен жеткізе береміз. Көшелі адамның баласын, үрім-бұтағын «Тұлпардың тұяғы» десек, жұбын жазбай бірге өскендерді «Тай-құлындай тебіскен», аттың мінезін жақсы білетін епті де алғыр адамды «Ат құлағында ойнайды», іске белсене кірісіп, нақты мақсат қоя білген жанды «Ат құйрығын шарт түйді», байырғы құрбы-құрдас, сырлас жандарды «Үзеңгі жолдас» деп сипаттасақ, «Қазақ жылқы мінезді» деп халқымыздың психологиялық болмысын айтқындаймыз. Өзгеге пейілімізді білдіріп, алғаусыз тілегімізді ақтарғанда да жылқы малына қатысты сөз тіркестерін пайдалануымыз заңдылық. Талабың оң, қадамың сәтті болсын дегенді «Құйысқаның берік болсын», ұлың айтулы азамат болсын деген ақ пейілімізді «Ат ұстарың өзіңе тартсын», әбден бабында тұрған, алымды да шалымды қайратты адамды «Бәйге атындай жаралған» деп таңғалсақ, сымбатты денесі көз тартар жанды «Құлын мүшесі бұзылмаған» деп түйеміз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық мақаланың бірінші бөлімі «Атқа міну мәдениеті» деп аталуы бекер болмаса керек-ті. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді», - деген Елбасы қазанаттың қазақтың өміріндегі салмағын саралап, жылқының ерекшелігін даралап «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп түйіндепті.
Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары даланың садақты сардарларына айналды.Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған.«Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, – ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді».
Белгілі зерттеуші, этнограф, жылқы тақырыбын тереңінен зерттеп жүрген ғалым Ахмет Тоқтабай бүгінде дүниежүзінде 65 миллион жылқы және 250-ден астам жылқы тұқымы барын айтады. «Жылқы біздің қазақ жерінен шыққан. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Оған Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан табылып жатқан жылқы сүйектері дәлел. Әлемдік археологияда дәл осылай бір қоныстан жүз мыңдаған жылқының сүйегінің табылуы болмаған. Осы қонысты көптеген ғалым зерттеп, археолог Виктор Зайберт отыз жылдан астам уақыт қазып жатыр. Археологиялық және палеологиялық зерттеулер жүргізе келе табылған жылқылардың қазақтың жабысынан айнымайтыны белгілі болды», - деп жазған ғалым «Қазақтың барлық шекарасы жылқы тұяғымен сызылған және қорғалған. Қазақтың тарихы — жылқының тұяғымен жазылған шежіре десек те болады. Осындай алып территориямызды қорғауға көмектесті. Жылқы сол заманда атом қаруы сияқты болды десем, артық айтпаймын. Себебі, ол мыңдаған шақырымды бағындыратын күшке ие еді. Дәлірек айтсақ, жылқы көбейіп кеткенде біздің арғы аталарымыз жайылым мен жайлау іздеп, басқалардың жерін тартып алып, шекараны кеңейткен. Кейін иелік еткен жерлерін жылқымен қорғаған», - деп тұжырымдайды.
Елдік нышанда арғымақ бейнесін пайдалану геральдистер тілінде арыстанның жүректілігін, қыранның қырағылығын білдіреді. Мемлекетіміздің қасиетті рәміздерінің бірі болып табылатын Елтаңбамызда бедерленген қанатты пырақ бейнесі заңғар биікке самғауды, келешекке ұмтылуды, армандауды білдірсе, ширатылған мүйіз қайсарлықты, қайратты, сес пен айбатты айшықтайтынын білеміз.
Тағдыры қашанда халқымен біте қайнасқан жылқы малының басынан талай теперіштер өткені де рас-тын. 1925-1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Филипп Голощекиннің «қазақтардың жылқысы мен түйесін құртпаса жел секілді ауып кете береді» деген сұрқия саясатының кесірінен жылқы малын жаппай қыру науқаны қолдан ұйымдастырылса, 1953-1964 жылдары КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Н.Хрущевтің «трактор тұрғанда жылқы малының қажеті жоқ» деген сөзін қағидаға айналдырғандар дала сәйгүліктерін құрту жолында шабуыл бастады. Енді ол күндер қайтып келмесін дейік.
Биылғы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру бастамасын қолдаған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымы музейшілер арасында атқа мінуді насихаттау челленджін бастадық. Ата-бабадан мирас болған бұл мұраны сақтау үшін оны құр біліп қоймай, жаңғыртып, қолданысқа енгізуді мақсат еттік. БҚО тарихи-өлкетану музейі атқа міну челленджін алдымен Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейлеріне эстафета ретінде табыстадық. Бастамамызды қолдаған Маңғыстау облыстық музейі арнайы видео түсіріп, Павлодар және Атырау облыстық музейлеріне ұсынды. Павлодар облысының музейшілері эстафетаны Ақмола және Қарағанды облыстық музейлеріне ұсынды. Сыр елінің музейшілері эстафетаны Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне ұсынды. Ақмола облысының музейшілері арнайы «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейінде ата-бабамыздың жылқыны қолға үйрету тарихын баяндады. Ақмолалық музейшілер атқа міну мәдениетін насихаттау эстафетасын Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне жолдады. Қарағандылық музейшілер Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстық музейіне ұсынды. Челленджді Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі де қолдады. Сөйтіп бұл бастамамызды барлық облыстық музейлер қолдап, челлендж кезінде түсірілген бейнероликтер елге үлкен әсер етті.
Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерімізді сәйгүлікпен қорғап, бізге аманаттап кетсе, Қамбар ата түлігі мен оған қатысты барлық салт-дәстүрімізді сақтау – бізге серт.
Мирболат ЕРСАЕВ,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры