26 мам, 2017 сағат 08:20

Асылбек Жаңбырбай: "Мендік әуен – Айдың сазды сәулесі"

Танымал жас ақын Асылбек Жаңбырбайдың бір топ жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

***
Поэзия
Өлеңім шықты көктемнен бұрын,
Көктемнен бұрын бүр атып.
Күн көктен күліп төккенмен нұрын,
Жүректен туған жыр-ақық.

Өлеңім жетті жаздан да бұрын,
Жаздан да бұрын гүл аңқып.
Білгенмен құстар сазды əн қадірін,
Жанды тербеген үн – артық.

Өлеңім келді күзден де бұрын,
Күзден де бұрын күрсініп.
Жапырақтар жылап үзгенде өмірін,
Кеудеме қалған мұң сіңіп.

Өлеңім түсті қыстан да бұрын,
Қыстан да бұрын дүрлігіп.
Қар екен – борап ұшқан дабылым,
Тоқсан да тоғыз тіл біліп.

АҚЫННЫҢ АРЗУЫ

Шерім тарқағанша,
Бір өкпе тарқасыншы!
Желім алқағанша,
Бір жүрек алқасыншы!

Көгім ашылғанша,
Бір бұлақ ашылсыншы!
Шөлім басылғанша,
Бір дауыл басылсыншы!

Көрім қазылғанша,
Бір құдық қазылсыншы!
Белім жазылғанша,
Бір өлең жазылсыншы!



АЙЛЫ ТҮЙСІК

Үнсіздіктің шыңғырысын доғардым,
Жоқ қаладан жоқ қараған болармын!..
Мендік әуен – Айдың сазды сәулесі,
Бейуақ билеп жапыраққа қонар мұң.

Жан дүниемді қараңғы елес сорғылап,
Көкірегімнен бара жатыр жол құлап.
Сайтан сіңген түкпірлерге сүйрелей,
Түнек неге жұлдыздарды қор қылад?

Құдай жаққа қанат қақты қолжазбам,
Біреу бардай маған көзсіз көр қазған...
Күлдір-күлдір кісінескенде жер мен көк,
Мөлдір-мөлдір жанарымда сөнді азбан...

Ғайыптан да түлен түрткен бұлт шұбап,
Тажал төнсе тұра алмас ед жұрт шыдап.
Аппақ шұғыла шашады есім әлемге,
Қырық шілтенім тұтатқанда қырық шырақ.

Қаңғыр ойым қашып шыққан мола анау,
Әруақтарға мүмкін бе екен жоламау?..
Қара көңілім бұл жалғанға нұр аңқып,
Он төртінен Айдай тылсым толар-ау!..


ТҮН ЖАЙЛАТУ

Жүрегім жолға салды жыр-қыршынын,
Өлеңнің ұққандаймын бұл түн сырын...
Жарық пен қараңғыны ажыраттым –
Санама бойлатқанда нұр тылсымын.

Аспанға қарай бердім тоқтай қалып,
Жұлдыздар жыпырлайды шоқтай жанып.
Бір шоқ бар өзгегіме құлап түскен,
Бір өкініш барады ішті оттай қарып.

Жұмбағын тағы жасырып орнады-ай түн,
Көк жүзі тандырдайын болғаны айқын.
Ыстыққа күйіп-пісіп шешем жапқан –
Сап-сары нанға ұқсайды толған Ай тым.

Ыстыққа күйіп-пісіп өтті анашым,
Суықта жылытамын деп көп баласын.
Төбемде самаладай шырақ тұтанса,
Сəулесі сиқыр саздан төкті арасын.

Жанымның шөлін бастым сарын ішіп,
Жолықтым ескі əуенмен сағынысып.
Тəңірдің реушен нұры шүпілдеп тұр –
Қабірдің құлпытасымен де шағылысып...


АБСУРД

Біздің елде "бірдеңенің"
Жыры бітпей жатыр əлі.
Керегім бар кімге менің,
Бұл жер аштан қатырады.

"Бірдеңенің" арқасында
Дөкейлер жүр ақша тауып.
Ұмытар-ау қалтасын да,
Басқа төніп жатса қауіп...

Ағам түгіл, бір інім де
"Бірдеңеге" мүше болды.
Не жетсін-ай тірі күнге,
Жоқтау да еске түсе берді.

Біздің елде "бірдеңенің"
Жылы бітпей жатыр əлі.
Күлге айналды гүл дегенім,
Өртке оранып жапырағы...

Құрдас ақын жеңіп алды
"Бірдеңеден" бірінші орын.
Дос санады ол мені мəңгі,
Буыменен бүгін соның.

"Бірдеңе" ғып күн көремін,
Енді келер тосам айды.
Өлер болсам түнде өлемін,
Күндіз қолым босамайды...


АДАСПАУ ҮШІН АДАСУ

Бұлғақ та бұлғақ, бұлғақ күн,
Жоғалған ескі сүрлеумен
Тоналған алтын уақытымды зырлаттың...
Сен сағымдай бұлдырсың,
Мен сертімде қалай тұрмақпын?

Сен сағымдай бұлдырсың,
Дәл қазір жарылатын сияқты –
Кеудеме сыймай мың күрсін...
Ақылымнан адасайын бір сәтке,
Ойларым шыңғырсын!

Ақылымнан адасайын бір сәтке,
Есімді жиып содан соң,
Өлең жазу үшін мұрсат бер!..
Маңдайыма менің қарашы,
Тамшылап тұрған жоқ па бұршақ тер?

Маңдайыма менің қарашы,
Бармақтай бағымды көрерсің,
Ол да еңірейді-ау, шамасы.
...Өмірдің айнасы һәм ойнасы –
Қайран жүрегімнің жарасы!..



ҚАРАЛЫ СҰЛУ

Күні бойы арылмай күйкі бастан,
Түні бойы маза жоқ, ұйқы қашқан.
Дөңбекшиді жас ару төсегінде,
Дөңгеленіп арбайды сиқыр-аспан.

Жыпырлаған жұлдызды сезбедің бе-ей,
Құт ұрлаған қорқаудың көздеріндей.
Бүкіл ғалам апанға айналғандай,
Қыпылдаған есте ме кездерің кей?..

Сұп-суық сұқ қадалып тұрды көктен,
Сынақ болды күтпеген бұл бір өктем.
Жалғыздықтың қыз қалды құшағында,
Жетім құлын – денесі дір-дір еткен.

Қас қайғының қаптады тас түнегі,
Жылайды ұзақ, жүрегін жас тіледі.
Ұлып келіп қамаған сұмдық ойлар -
Жан-жағынан талаған қасқыр еді!..

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ 1985 жылдың 17 қазанында Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінде туған. Өлеңдер топтамасы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» (2006ж.), «Жастар жырлайды» (2013ж.), «Маңғыстау мақамдары» (2013ж.) «Жыр маржаны» (2015ж.) жинақтарына енген. ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің жеңімпазы (2016ж.). «Жансусар» (2008ж.), «Аспан хаттары» (2016ж.) атты жыр кітаптарының авторы.