2030 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2 млн адамға жетеді. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесу барысында «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Елбасыдан: «Өзіңіз атап өткендей, биылғы жылдың ең басты айшықты оқиғасы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, атап өттік. Еліміздің елордасының алар асуы әлі алда деп есептейміз. Ел еңсесін тіктеген елордамыздың даму барысында, сіздің пікіріңізше, қандай ерекшеліктерді айрықша атап өтер едіңіз?», - деп сұрады.
«Мұның ең терең астарын түсінетін уақыт келді. Ең басында біз мұны айта алмадық, жағдай әртүрлі болды. Елдің ішінде жұртымыздың өзі бірыңғай емес еді. Сол кездегі депутаттардың арасында біздің ұлттың саны аздау болды. Бір жағынан соның бәрін ескеріп, екінші жағынан қиын-қыстау жағдайда елге жаңа жол сілтеу үшін осындай жаңалық керек болды. Әрине, мен бастаған кез өте қиын еді», - деп еске алды Мемлекет басшысы.
Елбасы елордамызды көшірер алдында өзге мемлекеттердің астананы ауыстыру тарихына жіті назар аударғанын баса айтты.
«Қазақстанның дәл кіндік ортасы - Жезқазған. Жезқазғанды өздеріңіз де білесіздер, басында ол жерге де, Ұлытауға да бардым. Еш нәрсе жоқ. Жол да, темір жол да, энергетика да, ештеңе де жоқ. Қарағандыны да қарадым. 20 жылдай Теміртауда жұмыс істедім, жақсы білемін. Көмірдің ортасына, экологиясы қиын жерге апару қисынсыз. Суы да жоқ. Көкшетауға барсақ, шетке шығып кетеміз. Ақтөбеге барсақ батысқа кетіп қаламыз. Сондықтан ойлана келе 4 жолдың торабы ретінде Ақмоланы таңдадық. Дегенмен, болары болды, Астана құрылды. Қазір далада 20 градус аяз болып тұр ғой. Оның ешқандай жаманшылығы жоқ. Бір жерде ыстық, бір жерде суық. Өзіміздің еліміз, жеріміз. Қазақстанның төрі, Сарыарқаның ортасы, Ата-бабамыздың табаны тиген, қоныстанып, малын өрістеткен жері», - деді ҚР Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Сарыарқа төріне ауыстырудың пайдасы орасан болғандығын баса айтты.
«Халық көп қоныстанған оңтүстіктен солтүстікке қарай көші-қон күшейді. Бұл жақта жер де, жұмыс та бар. Ал ол жақта жер де, жұмыс та жоқ. Қазір де көшіп жатыр. Қазір Түркістан облыс орталығы болғаннан кейін Астананың тұрғындары «Енді шымкенттіктер Түркістанға баратын болды ғой» деп қалжыңдайтын көрінеді», - деді Елбасы.
ҚР Президентінің дерегінше, бүгінде Астана тұрғындарының саны 1,2 миллионды құрайды. Ал 2030 жылға қарай 2 млн адамға жетуі ықтимал.
«Жалпы мен Вашингтон сияқты 5-8 қабатты үйлері бар, тек шенеуніктер ғана тұратын қала болса деп ойлап едім. Мына кең далада биігірек үй болмаса, ештеңе көрінбей қалады. Сондықтан, сәулетшілер бой бермей, көтерейік деп салды. Қазір 230 метрлік «Әбу Даби» салынып жатыр. Ол посткеңестік кеңістіктегі ең биік ғимарат болмақ», - деді Мемлекет басшысы.