06 ақп, 2018 сағат 07:27

Астанадағы Абу Дабидің құрылысына қатысты тағы дау шықты

Астанадағы Абу Дабидің құрылысына қатысты тағы дау шықты. Бұл жолы Елордадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық  адам бір күнде  жұмыссыз қалды. Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамаған. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан көрінеді. Алайда, жұмысшылар «кет» дегенге, кете салайын деп отырған жоқ. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. 

"Мен сенбі түнгі сменге түскем, жексенбі таңда шығамын. Бейджик істемей қалды. Ешқандай ескерту болған жоқ. Мал сияқты келді де, жұмыстан шығарып тастап жатыр. Біз сонда қайда барамыз,  мысалы қақаған суық күнде? Менің бала-шағам бар, кредитім бар. Екі мың шақырымнан келіп отырмын", – дейді Мақсат Ахмет есімді жұмысшы.

Яғни, жұмысшыларға құрылыс компаниялары еш ескерту жасамаған. Басшылары өз еріктеріңмен орыдарыңды босатыңдар деп қысқа қайырыпты.  Көнбегенді, Еңбек кодексімен қудалаймыз деп қорқытатын көрінеді.

Тағы бір Мұхтар Қалдыбек атты жұмысшы "Компания банкрот болған жағдайда 1 айлық төлейді, егер компания жұмысты тоқтатып, объект біткен жағдайда дейді ол кезде 2 айлық төленеді дейді. Алдында үш ай болған, 2015-те кодексте өзгеріс болған, сол үшін екі айға өзгертіп қойған" – дейді.

Бұл азаматтарды отандық төрт құрылыс компаниясы жұмысқа алған. Демек, Еңбек туралы кодекстің талаптарын бұзып отырған да жергілікті мекемелер. Онда жұмысшылардың жанайқайына құлап асатын ешкім болмаған соң, құрылысшылар «Нұр Отаннан» араша түсуді сұрап келген еді, билік партиясындағылардың жауабы мынадай болды: 

Владислав Сергеев, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары:

"Біз құрылыс компанияларының өкілдерін шақырып, әкімдіктегі әріптестерімізбен бірге сөйлесеміз. Егер сіздер айтқандай,  шынында да қаншама адамды  жұмыстан негізсіз шығарса, мәселені шешеуге көмектесеміз", – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Астанадағы Абу Дабиді жергілікті жұмысшылармен қатар шетелдік құрылысшылар да салып жатыр. Бірақ, жаппай жұмыстан қуу туралы тосын бұйрық тек ел азаматтарына қатысты. Сырттан келгендердің  мазасын алып жатқан дейді наразылыққа шыққандар. Далада қалған жұмысшылар болса, құрылыс компаниялары тиісті өтемақыны төлегенше  тыным таппаймыз деп отыр.