Фото: freepik
Елордада «Sincere Systems» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Астана қаласында қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша «Sincere Systems» ЖШС басшылығына қатысты сот үкімі шығарылды.
Аталған ЖШС 2020 жылдан бері жұмыс істейді және криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келді. Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, клиентті инвестицияның қауіпсіз екендігіне сендіру үшін ID беру арқылы оның жеке кабинеті тіркелген, сондай-ақ салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрылған.
"Азаматтардан жиналған қаражат көлемі 215 млн теңгені құрады.
Сот үкімімен «Sincere Systems» ЖШС басшысы 5 жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды" - дейді ҚМА баспасөз қызметі өкілдері.