Сурет: pexels
ҚМА елордалық департаменті Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» ҚММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдары аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іссапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты ҚММ басшылығы алып отырған.
"Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құрады. Сонымен бірге, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды.
ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды", - делінген хабарламада.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.