Бүгін елордада БЦП-мен ауыратын жастардың тағдырын суреттейтін фильм көрсетіледі. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін кешке Астанада ерекше фильмнің тұсаукесері болады. Біздің министрліктің тапсырысымен «Жаңа әлем» АРДИ видеостудиясы және «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп, «Қыз бен теңіз» толықметражды көркем фильмін түсірді. Бұл әлеуметтік драмаға Мүгедек балалардың ата-аналар қауымдастығы қамқорлығына алған Динара Шәріпованың өміріндегі шынайы оқиғалар негіз болған. Туынды БЦП-мен (балалардың церебралды параличі) ауыратын жастардың тағдырын суреттейді. Сюжет барысын ашып, спойлер жасағым келмейді. Осы драмалық кинотуындының әрбір кадрына, әрбір сөзіне жан беріп, шын көңілімен түсірген жастарға қолдау көрсетіп, міндетті түрде киноға келіңіздер», - деп жазды министр.
Кинотуынды сценариінің авторы және қоюшы режиссёрі - Әзизжан Заиров және Мұхамед Мамырбеков.
Фильм «Сарыарқа» сауда орталығындағы «Kinopark 8 IMAX Saryarka» кинотеатрында көрсетіледі.