Фото: Pexels.com
Астанада мұз үстінде көмекке мұқтаж болған 59 жастағы ер адамды патрульдік полиция қызметкерлері құтқарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
“102” арнасына ер адамның шұғыл көмекке мұқтаж екені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жедел жеткен.
Анықталғандай, балық аулау кезінде ер адам өзен үстіндегі шатыр ішінде екі қолын екі бөлек ойыққа тығып, өздігінен шыға алмай қалған. Полицейлер жағдайды бағалап, зардап шегушіге екі жағынан жақындап, қысылып қалған қолдарын босатып, оны мұз үстінен қауіпсіз жерге шығарды.
Құтқару сәтінен кейін тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан айналымын қалпына келтіру үшін қол-аяғын жылытып, массаж жасаған. Сондай-ақ медицина қызметкерлері келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстаған.
Полиция қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Мұз үстінде ойықтарды бір-біріне тым жақын бұрғыламау, жалғыз балық ауламау және байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алып жүру қажет.
Қауіпті жағдай туындаған жағдайда “102” нөміріне хабарласу керек.
