27 қаз, 2016 сағат 10:54

Астанада «Мейірімді жүрекпен» акциясы өтті


2016 жылғы 26 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әлеуметтік жоба аясында және өткен мүгедектер күніне байланысты (қазан айының екінші жексенбісі) мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ақысыз экскурсия өткізді.   

Осы күнге орайластыра отырып «Нұр Отан» партиясының Астана қаласы бойынша филиалы мен «Цеснабанк» АҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне мүгедектерге арналған арбалар табыстады.

Шара барысында қонақтарға музей залдары бойынша арнайы экскурсия жүргізілді. Келген қонақтар Ұлттық музейдегі барлық залдарды тамашалап, музей экспонаттарымен танысты. Экскурсия соңында ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып музейден алған әсерлерін бөлісті.

Нұрманова Тоғжан Әбдірахманқызы, Астана қаласының тұрғыны:

«Өте керемет. Музей маған қатты ұнады. Бұл музейге бірінші рет келіп тұрмын. Осы музейге келуге мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Маған әсіресе Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залы қатты ұнады. Осындай әлеуметтік жобаларды ұйымдастырғаны үшін Ұлттық музейге алғыс білдіремін».

Едігеев Сакен Тышқанбайұлы, Астана қаласының тұрғыны:

«Бүгін мынау Ұлттық музейге келіп жатқанымызға қуаныштымыз. Жақсы әсер алдық. Барлық залдар ұнады. Қазақ елінің өткенімен танысып, тарихи бұйымдарды көрдік. Балам Асылжан әлеуметтік көмекке мұқтаж. Сол ұлымды алып келіп екеуміз музейді тегін тамашалап шықтық. Біз үшін бұндай жерлерге ақша шығарып келу қиындау. Сондықтан да осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді».


Аталған акцияның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға  да еліміздің тарихы мен мәдениетін көріп тамашалауға  жағдай жасау. Ұлттық музей осыған дейін ұстаздар мерекесі қарсаңында астаналық ұстаздарды және ардагерлерді арнайы ақысыз экскурсияға шақырған болатын.