03 сәу, 2026 сағат 16:28

Астанада Қазақстан–Қытай жеткізу тізбектері бойынша ірі көрме таныстырылды


3 сәуір күні Астанада Қытайдың жеткізу тізбектерін дамытуға жәрдемдесуге арналған 4-ші халықаралық көрмесінің презентациясы және Қазақстан мен Қытай арасындағы жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастық жөніндегі семинар (қысқаша – “CISCE”) өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету комитетінің (CCPIT) өкілдігі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен ICBC (Алматы) қолдауымен ұйымдастырды. Шараға Қазақстанның саяси және іскерлік орталарынан 120-дан астам өкіл қатысты.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь өз сөзінде CISCE – жеткізу тізбектері тақырыбына арналған әлемдегі алғашқы мемлекеттік деңгейдегі ұлттық көрме екенін атап өтті.


Оның айтуынша, бұл алаң Қытайдың ашық ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асырып, жаһандық өндірістік тізбектерге терең интеграциялануға ықпал етеді.

"Сонымен қатар, бұл тек жаңа өнімдер, технологиялар мен қызметтерді таныстыратын алаң ғана емес, сонымен бірге жеткізу тізбегінің барлық буындарын байланыстыратын және қытайлық әрі шетелдік компаниялардың өзара іс-қимылын күшейтетін «ынтымақтастық катализаторы»", - деді елші мырзы.


Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Рәтұлы өз сөзінде CCPIT-пен тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалап, CISCE көрмесі халықаралық әріптестікті өнеркәсіп, технология және сауда салаларындағы терең интеграцияға бағыттайтынын атап өтті.

Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға, өндірістік және жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жаңа өсім нүктелерін іздеуге дайын екенін жеткізді.


«Алматыдағы Қытайдың өнеркәсіптік-коммерциялық банкі» АҚ (ICBC) бас директорының орынбасары Лю Инхуа CISCE көрмесі байланыстарды нығайтуға, ынтымақтастықты тереңдетуге және өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін маңызды көпір екенін айтты.

"Банк ұзақ уақыттан бері кәсіпорындарға қаржылық қызмет көрсетіп келеді және «көзге көрінбейтін жеткізу тізбегін» одан әрі нығайтуды мақсат етеді", - деп отыр Лю Инхуа.


«Банк ЦентрКредит» АҚ-ның China Desk бизнесін дамыту жөніндегі жетекшісі Қарлығаш Мыңжасарова үшінші CISCE көрмесіне қатысу тәжірибесімен бөлісіп, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, экспозициялардың мазмұны мен нәтижелерін жоғары бағалады.

Қазақстандағы CCPIT өкілдігі төртінші CISCE көрмесін таныстырып, алдыңғы көрмелердің жетістіктері, дайындық барысы, жаңашыл тұстары мен жетекші компаниялардың табысты тәжірибелері туралы кеңінен мәлімет берді. Сонымен қатар, қазақстандық саяси және іскерлік қауым өкілдерін көрмеге белсенді қатысуға шақырды.


Презентациядан кейін Қазақстандағы CCPIT өкілдігі қазақстандық ұйымдармен, атап айтқанда «QazExportPromotion» корпоративтік қорымен, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен, China-Eurasian Business Council ұйымымен, Қазақстанның химия өнеркәсібі одағымен және Алматыдағы Қытайдың өнеркәсіптік-коммерциялық банкімен (ICBC) көрмеге қатысу ниеті туралы хаттар мен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойды.


Семинар барысында Huadian Overseas Investment, Қазақстандағы «Айцзю» индустриялық паркі, ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ, сондай-ақ Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының өкілдері энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы өндірістік және жеткізу тізбектері бойынша Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығын талқылап, пікір алмасты.